Халықтың жайын ойласақ халал банктерді көбейту керек

ислам.jpg

Әлемді шарпыған қандай экономикалық дағдарыс болса да, тек Ислам банктері ғана пайдаға шығып отырған.  Осыдан ба екен, 13 мың жылдық тарихы бар Ислам банктері қазір әлем  назарын өздеріне аудара бастады. Халықаралық қаржы саласында бұл банктердің қызметі өте жоғары саналып отыр. Әттеген-айы біз бұл жүйені әлі толық сіңіре алмай отырмыз.  

Ислам қаржыландыру жүйесінің маңыздылығы сол мұндай ақшаны қарызға беріп, одан үстемақы алу харам саналады. Бүгінде  әлемнің 120-ға жуық елінде 500-ден аса Ислам банктері жұмыс істейді. Олар тек мұсылман елдерінде ғана емес. АҚШ, Канада, Ұлыбритания елдерінде қанат жайған. Тіпті көрші Ресейдің өзінде 9 млнға жуық халық осы Ислам банктерінің қызметіне жүгінеді екен.

Сөзімізді дәлелді болуы үшін біз бұған қатысты деректерді арнайы сызбаға салдық. Төмендегі сызбадан Ресей елінде ислам банктеріне қанша тұрғынның жүгінетінін анық көруге болады?!

1 гарфика банкъ.jpg

Ал Қазақстанда мұндай банктердің қызметін тек «Әл-Халал» банкі  ғана атқарып отыр. Оның өзінде аталмыш қаржы институты жеке тұлғаларға үстемесіз несие бермейді. Бұл банкте жеке тұлғаларға депозит ашу, жекелеген шоттар ашу қолжетімді. Бірақ банк жылдық табысы 6 млн доллардан кем емес, ірі компанияларға ғана үстемесіз несие беріп келеді. Осыған қатысты экономика саласының мамандары  «Ислам банктерін бірінші кезекте ауылдық жерлерге апара алсақ жөн болар еді» дейді.

«Ислам банк жүйесі бізде тек ірі компанияларға ғана үстемесіз қаржы беріп келеді. Білесіздер, бізде елді мекендерге екінші деңгейлі банктердің филиалдары бара бастады. Бұл ретте айтарым, жоғары пайызбен несие алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдалы жасау мүмкін емес. Көбінесе микрокредиттік ұйымдар арқылы ауылдағылар қаржы алып жатады. Бірақ оның да салмағы ауыр. Қазақстанның банктері құныққандар. Шетелде төменгі пайызбен банктер халықпен жұмыс істеп жатыр.  Ал біздегі банктерің пайыздық үстемесі жиырмадан аспаса ұйқылары бұзылады. Жалпы, қазір ауылды қаржыландыру мақсатында агробанктер ашу жайы жиі айтылады. Маман ретінде «арнайы агробанк ашу керек» дегенді аса қолдамаймын. Өйткені олар да сол ескі сарынмен жүретін болады. Меніңше, Ислам банкинг принциптерін ауыл шаруашылығына барынша енгізіп көрген дұрыс»,-дейді экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов.

Сала маманнының айтуынша, ислам банктерін ауылға апара алсақ, сондай-ақ банк жеке тұлғаларға қызмет ету тетігін қоса алса бұл халыққа ұтымды болар еді.

Жалпы, қаржыгерлердің пайымдауынша, қазір ТМД елдері бойынша Ислам банктеріне жүгіну, қызметін тұтыну көрсеткіші жоғарылай бастаған.

Тіпті «2020 жылға дейін ТМД халқының 43 пайызы осы банктердің қызметін тұтына бастайды» деген болжамдар да баршылық.

Бұған қатысты деректерді де біз арнайы сызбамен көрсеттік.

2 графика банк.jpg

Мамандар ислам банкинг жүйесі жетілер болса, «біраз халықтың да тұрмысы жеңілдер еді» деген пікірде. Бұл ретте экономист-сарапшы, Арман Мусиннің айтуынша, қазір Қазақстан халқының әрбір төртінші адамында несие қарызы бар. Маман алға тартып отырғандай, бүгінде елде жұмысқа жарамды 8,5 млн адам болса, оның 6,2 млны банктерге борыштар. Ал олардың 1,5 млннан астамы алған несиесін төлей алмай проблемалы несие қоржынын көбейтіп отыр.

«Несиеге 20-25-28 пайыздық үстеме қосу тек біздің елде ғана бар. Көптеген дамыған елдерде ең жоғары несие үстемесі 7 пайыз. Қалғаны 4-5 пайыз. Кезінде біздің банктер 2002-2004 жылдары шетелден 2 пайыздық үстемемен несие алды. Сол жылдары банктер тіпті Алматыда  аялдамалардан филиалдарын ашып алып халыққа несиені үлестірді. Олар 2 пайызбен алған несиесіне 20 пайыз үстеме қосып халыққа бере бастады. Несие алу оңай әрі қолжетімді болған соң қарапайым халық та  тегін ақшадай несиені бас салды. Ал қазір біздегі несие жүйесі тығырыққа тіреліп тұр. Ипотека жүйесі де, жеке тұлғаларға берілетін несие де сауатты жетілмеді. Сондықтан бұл арада халықтың жайын ойлау қажет. Әрине ол үшін Үкімет халал банктер жүйесін жетілдіре алса жақсы»,- дейді экономист-сарапшы Арман Мусин.

Жоғарыда айтқанымыздай, дерек көздері ислам банктерінің қызметіне жүгіну, осы банктердің сенімді тұтынушысы болу үрдісінің де көрсеткіші әлемдік тұрғыда өсім беріп отырғанын көрсетеді. Мәселен, әлемдегі алдыңғы қатарлы банктер – JP Morgan, Deutsche Bank, ABN Amro, IAG, Citibank Chase Manhattan және Hong Kong & Shanghai Banking Corporation өздерінің құрылымында ислами банкке арналған арнайы бөлімдерін ашқан. Қаржы дағдарысына дейінгі исламдық банктердің жылдық даму динамикасы қарқынды түрде артып, 10-15 пайызды құраған. 2013 жылы ислами банктерге тиесілі активтердің құны 1,6 трлн АҚШ долларына жетсе, 2018 жылы бұл сома 2,2 трл долларды құраған. Ислам банктерінің ең үлкен орталықтары Иранда, Сауд Арабиясында және Малайзияда орналасқан. Ислам негізіндегі қаржыландырудың 56 пайызы Таяу Шығыста шоғырланған. 2010 жылы Германияда ислам банктері жүйесі құрылды. Осыған қарап мамандар «бізге де елде жұмыс істеп отырған банктердің ішінен  халал бөлімше ашып қойса да халыққа тиімді болар еді» дейді.

«Әлемнің алдыңғы қатарлы банктері өздерінің ішінен халал бөлімшелер ашып жатыр. Мұндай идея біздегі екінші деңгейлі банктерге неге келмейді?! Бөлімше ашпаса да, аптасына бір мәрте 10 тұтынушыға үстемесіз несие беру тетігі қолға алынып, халал күн, халал жұма сияқты  халыққа қызықты механизмді енгізуге болатын еді ғой. Біздегі банктер үшін тек халықты қанау тиімді. Банктер әрбір операциядан комиссия алады. Ақша аударсаңыз оның 1 пайызын банкке қызметі үшін төлейсіз. Ақша алсаңыз да солай 1 пайызын банкке тастайсыз. Коммуналдық төлем үшін де комиссия төлеуге тура келеді. Барлық қызмет түріне комиссия алады. Несие пайыздары ол аспандап тұр. Ал банктер тығырыққа тірлергенде Үкімет бірден оларды қолдап қаржы бөледі. Енді Үкімет банктерге «халыққа бетіңді бұр» деп талап етіп, несиелерін төмендеткізіп, халыққа тиімді шаралар қолға алынса жөн болар еді» дейді сарапшы Арман Мусин.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар