Үкімет араласпаса малымыз да аш қалайын деп тұр

мал.jpgФото: Strategy2050.kz

«Еліміздегі мал азығын даярлау мәселесіне мемлекеттік реттеу керек» дейді мамандар. 

Қазіргі қақаған суықта ауыл-аймақтардағы жем-шөптің бағасы «күйіп» тұр. Бұл ретте сарапшылар «әсіресе сортаңданып, қуаңшылық орын алған аймақтардағы шаруаларға өте қиын, есепке алсақ, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша егістік және жайылымдық жерлердің 70 пайызы жарамсыз болып қалған, бұл үрдіс мал азығының тапшылығына, бағаның қымбаттауына, соңында мал басының арзан бағамен етке өткізілуіне апарып соқтыруда» дегенді алға тартып отыр.

Негізінен, мамандардың пайымдауынша, болашақта мемлекет тек қожалықтары бар ауыл шаруаларына белгілі мөлшерде дотация, субсидия бөліп қана қоймай, үй шаруасында мал ұстайтын шаруаларға да септігін тигізуі қажет. 

Мәселен, қазірде республикамыздағы жайылымдық жерлердің, егістік аймақтардың басым бөлігі жарамсыз саналуда. Осыған орай мемлекет тарапынан арнайы қадағалау жұмыстары жүргізілгені жөн. Болмаса ауылдағы ағайын жыл сайын мал азығын даярлайтын шақ келгенде тығырыққа тіреліп, әуре-сарсаңға түседі. Бұл ретте  экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов

«Қолында қарақұрым малы бар ауылдағы ағайын үшін мал азығын даярлау қазірде үлкен ауыртпалық тудырып отыр. Ауылда тек қара мал ұстап күн көріп отырғандар жетіп-артылады. Олар үшін мал – киетін киім, ішетін тамақ, жаратса, пұл. Бұл жерде басқадан бұрын осы жайт ескерілуі керек. Әрине, үлкен шаруа қожалықтарына мал азығын сатып алу анағұрлым ауырлық тигізбейтін шығар. Ал қолында санаулы ғана малы бар, жалғыз зейнетақымен күнелтіп отырғандарға шөптің бір мәшинесін 30-40 мың теңгеге сатып алу өте ауыр. Қыстық отыны бар, малдың қысқы азығы бар – осының барлығы қарапайым шаруаның қалтасына салмақ түсіретіні рас. Оның үстіне біздің елде алты ай арқыраған қыс болатын аймақтар да жиі кездеседі. Осыған орай айтарым, қолда бар мал басын сақтап, өсіп-өндіреміз десек, мал шаруашылығы саласын өркендетеміз десек, мал азығының сапасына байланысты, мал азығын дайындауға қатысты, оның белгіленген бағасына байланысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажет, – дейді.

Маманның пайымдауынша, қазір үкімет көмірдің бағасына араласып бір ретке келтіргендей болды. Көмірдің құны қазір арзандап тұр. Сол тәрізді мал азығына қатысты да ауыл шаруашылығы министрлігі белгілі бір шектеулер енгізгені дұрыс.

«Бұл министрліктің қолынан келетін нәрсе. Жергілікті әкімдіктерді осыған міндеттесе, мал азығының бағасы қазіргідей аспандамайтын еді» дейді маман. 

Рас, осы уақытқа дейін біздің елде мал азығының қорын дайындауға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласқан жоқ. Елімізде мал басының 90 пайызы жекенің қолына өтіп кеткендіктен, мал азығын даярлап, өздігімен қысқа қам жасау әр шаруаның өзіндік мәселесі болған еді. Бірақ бұған қатысты Мал шаруашылығы және жеп-шөп өндірісін зерттеу институтының мамандары да «мал азығын даярлауды ретке келтіру» қажеттігін юаса айтып отыр. Мамандардың пайымдауынша, ол  үшін мынадай ұсыныстарға құлақ асқан жөн: 

А) Мәселен, Германия, Израиль, Беларус, Армения, Грузия елдері ауыл атмосферасына биотехнологияны бейімдеу арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Бізге де осы биотехнологиялық әдіспен, нанотехнологиялық тәсілмен жем-шөп алу ісін үйренетін кезең келді. Міне, ол үшін мемлекет ауылды қуатты техникамен қамтамасыз етуі керек. 

Ә) Ауылды биотехнологиямен жабдықтау – оңай шаруа. Ал оның тілін білетін маман табу үшін биотехнологиялық жаңашылдықты кәсіптік-техникалық оқу бағдарламасына немесе орта мектептердегі оқу бағдарламасына арнайы бағдарлама етіп енгізген жөн. 

Б) Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қазақ еліндегі 99,2 пайыз жерді «емдегенде» ғана біз қуаңшылықтан, су тапшылығынан, жайылымдық жер мәселесінен, мал азығын реттеу түйткілінен ада болады екенбіз. Осыған орай республика бойынша «Қуаңшылық жерлерді басқару» жобасын қолға алған жөн. 

Міне, «алдымен осы ұсыныстар елеп-ескерілгенде біз елдегі мал азығына қатысты мәселелерді шеше аламыз. Бұл мәселелер назардан тыс қалмай реттелсе, мал азығының бағасы да реттелері даусыз Әрине, ол үшін үкімет тарапынан мықты пәрмен керек. Мемлекет араласпаса ендігі бір бес жылда малазығын реттеу тіптен қиынға соғады. Сондықтан осы бастан қолға алу керек» дейді мамандар.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар