Үкіметтің тоқпағы болмаса әкімдіктер жұмыс істей алмай ма?

рк.jpg

«Барометр» талдау-сараптау орталығының мамандары алға тартып отырғандай, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі әлі жетілмей отыр. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер заманға сай қызықты механизмдермен жұмыс істеуге бейімделе алмай келеді. Мысалы, ауылды-аймақтардағы мәселелерді тарқатсақ, елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 40 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Ал қалғаны пайдаланылмай отыр. 

Келешекте біз жеріміздің құнарлылығын көтеріп, өндірістік, өнімділік қабілетін арттырамыз десек, жаңашылдыққа бет бұрып, бұрын астық егілген, қазірде бос жатқан жерлерге көпжылдық шөптер егу мәселесін қолға алуымыз керек.  «Бірақ аудан-ауыл көлеміндегі әкімдердің бұл мәселеген бас ауыртқанын көрмедік» дейді мамандар. Екінші бір мәселе,  елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 аудан дамуы жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы дамуы кенжелеп қалған ауыл аймақтардың мәселесі де бүгінде жабулы күйінде қалып барады. Сала мамандарының пайымдауынша, біздегі әкімдіктерде мәселелерді шешуге деген белсенділік жоқ. Бұған қатысты «Барометр» орталығының сарапшысы Арман Мусиннің айтуынша, болашақта біз үшін әкімдердің белсенділігін арттыру да маңызды болмақ. 

«Бізде ауыл шаруашылығы мәселесімен тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жүр. Меніңше, ауыл-аймақты дамытуды тек қана бір министрліктің арқасына артып қою дұрыс емес. Бұл істе жергілікті әкімшіліктерге де өзіндік міндеттеме жүктеу керек. Жергілікті әкімдер өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен әрбір реформаны әкімшіліктер арқылы жүргізсек жөн болар еді. Бұл үрдіс ауылға бөлінген қаржының діттеген жеріне дәл жетуіне ықпал етер еді. Себебі қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп-артылады. Осыдан барып ауылға бөлінген қаржы ақыр шенінде талан-таражға түсіп кететіні де рас. Сондықтан бұл жерде әкімдердің қауқарын арттырған абзал. Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетсе ғана ол сала оңтайланады емес пе?! Ендеше бізге жергілікті әкімдердің белсенділігін арттыратын кезең әлдеқашан жетті. Бұл біз үшін өзекті мәселе» дейді Арман Мусин. 

Маманның байыптауынша, дамыған және дамушы елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Тіпті ТМД елдері бойыншаа көрші Ресейде, Әзірбайжанда, Арменияда жергілікті әкімдердің экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген екен. 

«Жуырда ғана Көрші Ресейдің ауқатты кәсіпкерлері Олег Дерипаска, Владимир Потанин Омск облысына қарасты Окунева аулындағы ауыл шаруашылығы саласына ай сайын тапқан табыстарының 20-30 пайызын аударып отыратын болды. Көршілес елде қазірде бір ғана Владимир Потаниннің аударған инвестициясының есебінен ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін, көлемі 1840 гектарды құрайтын жылыжай салынып, одан тиісінше мол өнім алынуда. Бір қызығарлығы, сол жылыжайдан түскен пайдаға Потанин мырза мүлдем қол сұқпайды да екен. Өйткені сол ауылдың әкімі оған осындай талап қоя білген. Ауқатты олигарх мұны ол тек «ауылға салынған инвестиция» деп есептеп өнімнен түскен пайданы тек қана фермерлердің өздерінің пайдалануына мүмкіндік берген. Келтіре берсек, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Өзге елдердің әкімдері осылайша ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдерге үкімет бір ғана баға саясатын қадағалауды тапсырып еді. Соның өзінде кейбір әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге  «бағаны өсірсеңдер басың кетеді» деп сес көрсетуден әрі аса алмай жатады. Логикалық түрде ойласақ,  жергілікті әкімдер неге нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар ұсынбайды?! Мәселен, әр әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды?! Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалдарсыз  тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса өнім арзан болмағанда қайтеді?! Міне, біздің әкімқараларда осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін», - деді экономист-сарапшы Арман Мусин.  

Сарапшы-маманның бұл пікірін экономист ғалымдар да қуаттап отыр. Олардың пайымынша, бізде расымен де «өкімет өлтірмейді» деген түсінікпен күн кешетін әкімдер көбейіп кетті. «Қазіргі ақпараттық даму заманында тек қана Үкіметтен көмек күтіп отыру дұрыс емес» дейді ғалымдар. 

«Қазіргі технологиялардың даму ғасырында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген елдер күн және жел энергиясына назар аударуда.  Көрші Ресей  болашақта 65 пайыз энергияны күн мен желден алуға баса назар аударуда. Өзбекстан да осыған қатты назар аудара бастады. Көптеген елдер жоқтан бар жасап отыр. Нанотехнология, биотехнологияның арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін заман туды. Осыларды ескерсек, келешекте мұнайға сұраныс азаяды да, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырғанымыз абзал. Осы орайда ауылдық аймақтарды басқаруға білікті, білімді азаматтар тартылуы қажет. Себебі қазір аудан-ауыл көлемінде «өкімет өлтірмейді» деген беймарал түсінікпен күн кешуге болмайды. Бір қиыншылық болса Үкіметке иек артып отыратын әкімқаралар бар. Керісінше, әкімдер Үкіметке қызықты ұсыныстар айтып, жаңа механизмдер ұсынып жаңашылдыққа ұмтылуы керек. Осыған орай  жергілікті әкімдіктердің өзін-өзін басқару жүйесіне нақты қадалағау енгізу қажет. Әкімдердің өзін өзі жетілдіріп, жергілікті жүйені нарыққа сай сауатты басқаруына мүмкіндіктер берілуі тиіс. Керек болса олардың білімін де жетілдіріп отырған жөн», - дейді экономика ғылымының докторы, профессор Мырзахмет Кенжеғұлов.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz 



.



Ұқсас тақырыптар