Желтоқсан жаңғырығы...

1.jpg

Өткен  ХХ ғасырдың  соңғы  ширегінде, нақтылап  айтар  болсақ  1986 жылы  Кеңес  дәуіріндегі  астанамыз  Алматыда  болған  -  Желтоқсан  көтерілісі  қазақ  ұлты  тарихындағы   айтулы  оқиғалардың  бірі. Ол  азаттық  аңсаған  қазақ  жастарының  КСРО  билігінің  отаршылдық  бағыттағы  саяси  жүйесіне  қарсы  наразылық  сипатынды  болған  еді. Бұл  қызыл  империя  құрсауынан  бостандыққа,  саяси  тәуелсіздікке  ұмтылған  қазақ  елінің  тегеуріні  күшті  бұлқынысы  тас  қамалдай  болған  орталық  биліктің  қабырғасын  қақыратып,  азаттық  аңсаған  басқа  елдерге  де  үлгі  болды.

Осынау  бейбіт, саяси  сипатта  басталған  наразылық   шеруінің  негізгі  себебі, Мәскеу билігінің  жергілікті  автотохтонды  қазақ  халқының  пікірімен  санаспағандығы.  Және  ғасырлар  бойы  жалғасып  келе  жатқан  ұлт  мәдениетіне,  тілі  мен  тарихын  жоюға  бағытталған  отаршылдық  езгіге  қарсылығының  шегіне  жетуінен  туындаған  еді. Ол  аз  десеңіз  республикалық  басшылықта  ұзақ  жылдар  қызмет  жасаған,  саяси  қайраткер  Д.А. Қонаевтың   небәрі  18 минутқа  созылған  16 желтоқсандағы  V-ші  пленумда  қызметінен  алынуы және  ұлттық  кадрлардың  еленбей  шетте  қалып, орнына  КОКП - нің  Ульяновск  облысының  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы болып істеген   Г.В. Колбинді  Қазақстан  Компартиясы  ОК –нің  басшылығына   тағайындалуы  түрткі болды. Қазақ  жастары  өз  кезегінде  ұлт  намысы  аяқ  асты  болған  сол күні  жылдар бойы  дара  билік  етіп,  үстемдіктің  дәмін  алған  әміршіл – әкімшіл  жүйеге  қасқайып  қарсы  тұрды.

Аталмыш  Желтоқсан  көтерілісі  барысында еліміз  аумағындағы әлі  де  буыны  беки  қоймаған демократиялық  ұстаным  мен  тоталитарлық  режим  арасында   алғашқы  қақтығыс  болды. Бейбіт сипаттағы наразылық  шеруін өзіне  төнген  қауіп  деп  санаған саяси дәрменсіз  билік, құқық қорғау  органдары  қызметкерлері  мен  арнайы  әскери  күштерді  іске  қосты. Шеруді  күш қолданып тарату  барысында  саперлік  күректер,  үйретілген  иттер  мен  газетке  оралған  темір  сойылдар,  су  шашатын  машиналар  қолданылды. Адам  шығыны  белең  алып, шеруге  қатысушыларды  тұтқындау  және  қозғалған  қылмыстық  істерде, сот – тергеушілік  жұмыстары  кезінде  дөрекілік  пен  өрескел  заңсыздықтарға  жол  берілді. Уақытша  ұстау  бөлмелері,  арнайы  бөлімдерге  және  тергеу  бөлімшелеріне  жеткізілгендердің, бет  қарыған   аязда  автокөліктерге  тиеліп,  әскери  күзетпен  қала  сыртына  әкетілген   адамдардың  жалпы  саны 8,5 мыңға  жетті. КСРО – ның  Ішкі  Істер министрлігінің бұйрығымен  жоспарланған  «Құйын  - 86» -  операциясы  негізінде  көтеріліс  асқан  қатігездікпен  басып  жаншылды. Сөйтіп, 99 адам  сотталып, екеуі  өлім  жазасына кесілді (Қ. Рысқұлбеков, М. Әбдіқұлов). 787 адам комсомол қатарынан шығарылып, 271 адам оқу  орындарынан босатылып, Ішкі Істер министрлігінен 1200, Денсаулық  сақтау  және Көлік  министрлігінен  309 адам жұмыстан шығарылды. Жоғары  оқу  орындарының  12 ректоры  қызметінен алынды. Өстіп, осынау тарихи  оқиғаға қатысушыларды саяси тұрғыдан қуғындау  мен  жазалау, соттау  шаралары қатаң түрде  жүзеге  асырылды.

Ұлттық  рухтың жаңғыруының  бастауы  болған  қазақ  елінің   ұлт – азаттық тарихындағы  осы бір ерекше   құбылыс  өз  кезегінде  КСРО  кеңістігіндегі  ұлттық – демократиялық  қозғалыстардың  дамуына  үлкен  септігін  тигізді. Яғни, Желтоқсан көтерілісі - қоғамның  саяси  өміріндегі  демократиялық  ұстанымдарға  ерекше  тың  серпін  берді. Дүмпуі  республика  аумағынан асып  шығыс  еуропадағы  социалистік  бағыттағы  елдер  мен  КСРО  құрамындағы  басқа  да  республикаларға  жетті. Қазіргі  таңда осынау  қазақ  жастарының  «Желтоқсан  көтерілісі» аталмыш  елдердің  жеке  тәуелсіздік  алуы  мен  мемлекеттік  егемендіктерін жариялауына тікелей  ықпал  еткен «Орасан  зор  ерлік!» -  екендігі  тарихи  ақиқатқа  айналды.

Сол бір  ел  басына  күн  туған  жылдары қазақстандық  демократ  жастардың  толқуынан  басталған «Желтоқсан  қозғалысы», «Желтоқсан  оқиғасы» ұйымдарының өмірге  келуі, қазақ  жастарының  ұлтжандылығының  жарқын  көріністерінің  айғағы. Міне, осынау  киелі  істің  заңды  жалғасы қазіргі  кезде  республика  аумағында, қоғамдағы  келелі  істерге  еркін  араласып    еліміздің  дамуына  сүбелі  үлес  қосып  жүрген  Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты»   Республикалық қоғамдық бірлестігі  жайында біршама  мәліметтер бере   кеткенді  жөн  санап  отырмын.

Бұл  қозғалыс Республикалық қоғамдық бірлестік ретінде  27.03.2009 жылы Астана қаласы Әділет  министрлігіне  заңды  түрде  тіркелген. Кейін, 17.05.2016 жыл қайтадан тіркелуден  өтіп,  төрағалыққа бірауыздан  Курымбаев Болат Токтабайұлы  сайланды. Білімді, білікті, іскер  Болат  Тоқтабайұлы  басшылыққа  келісімен  ұйым  жұмысы  жаңаша  бағытта  өрбіп, көптеген  келелі істердің  ұйытқысы болуда. Сөзіміз  дәлелді  болуы  үшін  ұйым  жұмысынан  біршама  ақпараттар  бере  кетуді  жөн  санап  отырмын.  Мәселен,

ІСТЕЛГЕН  ІС-ШАРАЛАР: 

2016 жыл

1).13.06.2016 жылы – Қоғам қайраткерлері мен  желтоқсаншылар арасында «Желтоқсан тағлымы» тақырыбында  дөңгелек  стол өткізілді; 

2017 жыл

2). 07.03.2017 жылы – Алматы қаласындағы Желтоқсаншы әйелдер қауымына  «8-наурыз Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында арнайы  гүл шоқтары мен сыйлықтар беріліп, концерттік программамен жалғасты;

3). 27.04.2017 жылы – Алматы  қаласыдағы  Алатау ауданының   Әкімшілік өкілінің  қатысуымен  «Жетім көрсең жебей жүр» атты акция  барысында  «Жас өспірімдер үйінде» ( детский дом приюта) 16 жеткіншекке (қыз,  ұл балаларға) бастан аяқ спорттық киімдер табысталып, акция соңы концерттік программамен аяқталды;

4). 19.05.2017 жылы – Алматы қаласы Ауэзов ауданындағы Абай  мен Момышұлы көшесінің қиылысында орналасқан №3 «Қарттар үйінде» ауданның Әкімшілік өкілінің қатысуымен «Сенбілік» өткізілді.  Желтоқсаншылар  17 - ті дана  шырша  ағашын отырғызды, сондай – ақ, бақилық болған  қарттарға және желтоқсаншыларға  арнап құран бағышталумен қатар,  ас берілді  де  соңы  концерттік программаға жалғасты;

5). 16.07.2017 жылы – Алматы қаласындағы  Жазушылар  Одағы үйінде  жазушы - публицист   Талғат Айтбайұлының « Желтоқсан көтерілісі» атты 2- томдық  кітабының тұсау кесер  рәсімі мен  ғылыми конференция өткізілді;

2018 жыл

6). 08.04 – 13.04.2018 жыл (аралығында) – Шығыс Қазақстан облысы  Өскемен, Аякөз, Тарбағатай, Зайсан, Семей қалаларында және  Алматы облысы,  Панфилов ауданынының  Жаркент қаласында « Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық  бірлестігі  ұйымының  филиалдарын ашты; Жаркент  өңіріндегі  филиалының  төрағасы  болып  Желтоқсан  көтерілісіне  қатысушы  Мәулен  Смағулов  бекітілді.

7). 10.04.2018 жылы – Алматы қаласындағы № 4 кітапханада  «Желтоқсан көтерілісі» тақырыбына байланысты дөңгелек стол өткізілді;

8). 06.10.2018 жылы – Алматы облысы,  Карасай ауданының  Қаскелең қаласындағы  Мәдениет үйінде  Әкімшілік тарапынан өткізілген Индонезияда өтетін «Жастар Олимпиадасына» баруға жолдама  алған  мүмкіншілігі шектеулі,  Олимпиядаға қатысушы  Дидар атты жас өспірімге қаржылай көмек акциясына қатысты.  Сол акцияға, Қарасай ауданына  қарасты Желтоқсаншыларымен  қатар  жылы  лебізіміздерін білдіріп,  ақшалай көмек  жасап  өз  үлестерін  қосқандығын  қуана  хабарлаймыз.

Сондай – ақ, биылғы  жылы  ғана   құрылған    Жаркент  өңіріндегі  филилал  мүшелері,  төрағасы   М. Смағуловтың  басшылығымен  айтулы  қоғамдық  іс – шаралардың  куәгерлері  болып  жатқан  жағдайымыз  бар.

1). 23 шілде  және 1 тамыздағы Қытайдан  келген  қандасымыз С. Сауытбайдың  сотына қатысып, сот  залынан  босап шығуына  Республикалық қоғамдық  бірлестіктер  мен БАҚ – мен  бірге, біздер  Желтоқсандықтар  да  өз  үлесімізді  қостық.

2). 08.10.2018 жылы «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты»   Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің  төрағасы  Б. Құрымбаев Талдықоған  қаласындағы Алматы  облысы  әкімінің  орынбасары  А. Абдуалиевтің  қабылдауында  болып, қордың алдыға  қойған  мақсаттары  мен  міндеттерінің  мемлекеттік  саясат  аясында  жүргізіліп  жатқандығы  туралы  және  желтоқсаншылардың  әлеуметтік  мәселелері,    т. б. жайында  сөз  қозғап,  сұхбаттасып, қатынас  хат  беріп  қайтты.

3). 09.10.2018 жылы «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты»   Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің  төрағасы  Б. Құрымбаев Жаркент қаласына  келіп жергілікті желтоқсаншылармен кездесіп, аудан  Әкімдігі аппаратының Ішкі саясат  бөлімінің  қабылдауында  болды, одан  кейін   бөлім  басшысы   М. Илиповтың   қатысуымен  Желтоқсан  құрбандары  Е. Сыпатаев  пен  Л. Асановалардың  ескерткішіне  гүл  шоғын  қойып,  құран  бағыштау  рәсімін  жасады. 

4). 06.11.2018 жылы – Жаркент қаласындағы № 6 орта  мектеп  интернатында   « Қуанышым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!» тақырыбында мектеп  ұжымы және  оқушылармен  кездесу  өткізілді;

5). 01.12.2018 жылы – Панфилов  ауданының  әкімшілік тарапынан Орталық  алаңда өткізілген  «Елбасы- елінің  тірегі» атты  тұңғыш Президент күніне  арналған  митингіге қатысып  қайтты.     

6). 14.12.2018 жылы  аудандық  «Жаркент өңірі» газетінде  «Желтоқсан  желі  ызғарлы...» атты  мақаламыз  жарияланды.

7). 16.12. 2018жылы Тәуелсіздік күніне  арналған митингіде  болып, Желтоқсан  құрбандары  Е.Сыпатаев пен Л.Асанова  ескерткіштеріне  гүл  шоғын  қойдық. Жыл сайын  Тәуелсіздік мерекесіне  орай  өткізіліп, дәстүрге айналып  келе  жатқан  Ұлттық  ойынымыз  көкпарды  ұйымдастырушылар мен қазақ  үй  тігіп,  дастархан  жайып,  осы игі  істің басы – қасында  жүрген жергілікті  желтоқсаншы С. Джексенбиев т.б.  Жаркенттік төраға  М. Смағулов «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты»   Республикалық Қоғамдық Бірлестігі  атынан «Алғыс  хатпен» марапаттады.

Жыл сайынғы Әкімшілік және Ішкі саясат басшылығының ұйымдастыруымен,  Елбасымыздың  жолдауында  көрсетілген «Рухани  жаңғыру» бағдарламасын  қолдау  аясында  өтіп  жатқан Қазақстан Республикасы шеңберіндегі оқу салаларындағы, мысалы: мектеп, гимназия, колледж, университеттердегі  оқушылар мен студенттер арасында, Отансүйгіштік  пен  ұлтжандылыққа  баулу,  саяси баға алу және патриоттық рухтағы  жастарды тәрбиелеу мақсатында  жоспарланған  іс - шараларды  барынша  жиі  және  жан - жақты  өткізіп келеді. Қорыта  айтқанда – мемлекетіміздің  сарабдал  саясатын  қолдай  отырып,  Қазақстан  қоғамының  өркениетті  дамуына өзіндік  үлесімізді  қосуға  әрқашанда  дайынбыз! Еліміз  аман,  мемлекеттілігіміз  Мәңгілік  болсын, ағайын!

курым.jpg

Жаркенттік  желтоқсаншылардың  бір  тобы Патриоттық  «Желтоқсан  ақиқаты» Республикалық  Қоғамдық  Бірлестігінің  төрағасы Б.Құрымбаевпен  бірге (алдыңғы қатарда сол  жақтан екінші)

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,

   Желтоқсан көтерілісіне қатысушы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

                                                                                                      Жаркент қаласы



Ұқсас тақырыптар