Жанармай сұрап Ресейге жалтақтаймыз ба, Қытайға қол жаямыз ба?

ойл.png

Биыл үш ірі мұнай кеніштері күрделі жөндеуге жабылмақ. «Бұл жанармай бағасын тағы қымбаттатын құбылыс» дейді мамандар.

Энергетика министірі Қанат Бозымбаев мырза 2019 жылы еліміздегі үш ірі мұнай-газ кеніштері бір айға күрделі жөндеуге жабылатынын айтты. Министрдің мәлімдеуінше, Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз мұнай-газ кеніштері күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Сондықтан да аталмыш мұнай өндіретін аумақтарды бір, бір жарым айға модернизациялауға жабуға тура келеді. 

Байыптасақ, министр «жөндеуден өткіземіз» деп отырған үш ірі кеніші де біз үшін маңызды аймақтар. Елімізде өндірілетін мұнай және газ өнімнің 75 пайызы осы кеніштерден алынады. Ал енді мұндай ірі кеніштердің бір, бір жарым айға жабылуы бізге нені аңғартады?! Сарапшылар бұл жағдай бірінші кезекте ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын туындатып, өнім бағасының қымбаттауына апарып соқтыратынын алға тартуда.

Ресейде де мұнай өнімдері тапшы болып тұрған тұс

Экономика ғылымының докторы, прфессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, қазір көрші Ресейдің өзі жанар-жағармай өнімін ішкі нарықта үнемдеп жұмсап отырған тұс. «Осы тұста үш ірі мұнай өңдейтін кенішті күрделі жөндеуге жапсақ, бізде де өнім тапшылығы туындайды. Бұдан соң өнім бағасы да шарықтап сала береді» дейді маман. 

1.jpg

«Ресейдің мұнай газ өндірушілерінің президенті Генадий Шмаль нарықта жанар-жағармайды барынша үнемдеп пайдалану керектігін жиі айтып жатыр. Тіпті көктем шыға Ресейде жанармай бағасы 10-15 пайызға қымбаттайтынын да жасырмады. Сондықтан Ресей мұнай өнімдерін пайлануға әлеуметтік норма енгізуді де жоспарлап отыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап талондар шығару, күніне 50 шақырым жүретін көліктерге 150 литрге дейін ғана жанармай беру мәселесі қазір Ресейде қатты талқыланып жатқан тұс. Жалпы, Қазақстан жанар-жағармай нарығындағы 40 пайыз тапшылықты Ресей арқылы толықтырады. Ал көрші елдің жанар-жағармайын өзіне жеткізе алмай үнемдей бастауы бізге де әсер ететіні даусыз. Бұған қоса біз келер жылы «үш ірі мұнай-газ кенішін бір айға жөндеуге жабамыз» деп отырмыз. Елде орташа деңгейдегі Шымкент мұнай өңдеу, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылған тұста жанармай бағасы үнемі қымбаттап кетеді. Мұны барлығымыз білеміз. Ал енді үш ірі кеніштің жөндеуге жабылуы бағаға әсер етпей қоймайды. Бұл да өнім тапшылығы мен қымбатшылығына апаратын құбылыс», - деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов. 

Модернизация заман талабы 

«Бірақ бізге тапшылық орын алады. «Өнім қымбаттайды» деп отыруға тағы болмайды. Мұнай кеніштерін күрделі жөндеуден өткізу заман талабы» деседі мамандар. Бұған қатысты техника ғылымының докторы, профессор Жарас Байділдаевтың айтуынша, біздегі мұнайдан жанар-жағармай алудың технологиялық әдісі жетілуі үшін заманға сай күрделі жөндеулер жүргізілгені дұрыс. 

2.jpg

«Қазақстанда мұнай өңдеу технологиясының ескіргені соншалықты, біз бір тонна мұнайдан 300-350 литр ғана жанар-жағармай ала аламыз. Ал көрші Ресейде 1 тонна мұнайдан 600 литр мұнай алады. АҚШ-та бұл көрсеткіш 800 литрге дейін барады. Біз мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды да дұрыс ұқсата алмай отырмыз. Егер сол ілеспе газды ұқсата алғанымызда «көгілдір отын бер» деп Өзбекстанға немесе Қырғызстанға жалтақтамас едік. Біз үнемі жанар-жағармай тапшылығымен бетпе-бет келеміз. Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы түсіп жатқанымен, Қазақстандағы жанар жағармай өнімі сол қымбат күйінше қалып отыр. Себебі біздің мұнайдан өнім алу технологиялық әлеуетеміз төмен. Осы технологиялық базамызды жетілдіргенде бензин бағасы да тұрақталатын енді. Сондықтан бұл арада үш ірі кеніштің күрделу жөндеуге жабылуынан аса қорықпауымыз керек. Иә, нарықта бір, бір жарым ай бойы тапшылық туындайды. Өнім бағасы қымбаттайды Бұл даусыз. Артынша Үкімет бұл мәселені кеніштер жөндеуден өткеннен кейін ретке келтіре алады деген ойдамын», - дейді ғалым Жарас Байділдаев. 

Қытай көмекке келе ала ма? 

Жоғарыда сөз еткеніміздей, қазір Ресейде жанармай тапшылығы туындап отыр. Себебі көрші ел де біраз кеніштерін мұнай өңдейтін зауыттарын модернизациялаудан өткізуді жоспарлап отыр. «Ал мұндайда бізге Қытай көмекке келе алуы әбден мүмкін» дейді мамандар. 

3.jpg

«Бізге жанар-жағармай нарығында Ресейге деген тәуелділіктен арылу үшін Қытаймен арадағы әріптестікті нығайту керек. Қазір Қытай инвесторлары еліміздің кен орындарына көптеп инвестиция салуға бейілді. Осы орайда біздің Қытаймен арадағы келісім бар. Бұл келісім бойынша Қытай толлинг жүйесімен өз мұнайымызды қайта өңдеп өзімізге арзанға сатуы үшін біз ол елге 1 млн тонна мұнай айдаймыз. Қытай елі оны Қазақстанға қайта өңдеп арзанға сатуы тиіс болатын. Дегенмен бұл мәселе әлі толыққанды шешіле қойған жоқ. Себебі Павлодар мұнай өңдеу зауытының технологиялық ауқымы тек Сібірдің жеңіл мұнайы өңдеуге негізделген. Павлодарға Сібірдің кен орнынан тікелей арнайы құбырлар тартылған. Ал Қытаймен арадағы толлинг жүйесін шешу үшін құбырлар тарту жағы басы ашық мәселе күйінде қалып отыр. Осылайша техникалық әлеуетіміз жарамсыз болып отыр. Болашақта осы мәселе шешілсе, жанармай тапшылығы да, қымбатшылығы туындамас еді. Сондықтан бізге келешекте Қытайдың инвестициялық әлеуетін осы жақты шешуге пайдалану керек болады», - дейді ғалым Жарас Байділдаев. 

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz

 





Ұқсас тақырыптар