Хрущев салған үйлерді Бауыржан Байбек модернизациялай ала ма?

хрущ.jpg

Республика бойынша тұрғын үйлердің 34 пайызы жөндеуді қажет етеді. Біз 2011 жылы елдегі тозығы жеткен үйлерді жаңарту мақсатында «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасын қолға алдық. Бағдарлама іске асырыла бастаған тұста «тозығы жеткен үйлерден құтылатын болдық» деп қуанып қалғанымыз да рас. Әсіресе Алматы халқы 1959-1985 жылдары салынған Хрущев салғызған «хрущевка» үйлерден құтыламыз деп ойлады. 

Бірақ сала мамандарының пайымдауынша, бастапқыда жап-жақсы басталған аталмыш бағдарлама қазір тіпті «сұйықталып» кеткенге ұқсайды. Бұл ретте мамандар «Қазір бағдарламаның ашықтығы төмен. Жоспар бойынша Алматыда жылына 500 тұрғын үй кұрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, бұл межені бағындыра алмадық» дейді. Мамандардың айтуынша, әсіресе «хрущевка» атанып кеткен үйлерді жаңғырту қиынға соғып отыр. 

«Бүгінде Алматыда «хрущевкалар» атанып кеткен үйлер халықтың бас қайғысына айналған. Бұл «хрущевка» үйлер 1959-1985 жылдардың аралығындағы салынған. Әсіресе, олардың құрылысы 60-шы жылдары қарқынды жүргізілді. Халықтың бұл үйлерді осылайша атауына сол кездегі Никита Сергеевич Хрущевтің «Жобалау мен құрылыста шамадан тыс шығындануға жол бермеу жөніндегі» қаулыға қол қоюы себеп болды. Осылайша, сол кездері құрылысшыларға жедел түрде ешқандай сәулеттік ізденіссіз көппәтерлі үйлерді салу жүктелді. Алайда содан бері қаншама жылдар өтті, уақыт өзгерді. «Хрущев» үйлері байырғы көне үйлер болып қала берді. Біз күні бүгінге дейін бұл үйлердің проблемаларына оншалықты ден қоя бермедік. Бірақ бұл үйлер қазір тым ескірді. Тұрғындар сатайын десе не сатылмайды, не модернизацияға жарамайды. 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді модернизациялауға қатысты бағдарлама қолға алынғанда осы үйлерді жаңғыртуға септігін тигізе ме деп біраз үміттендік. Бірақ атқарушы органдар бұл үйлердің сыртын ғана сылап сипап өтті. Оның өзінде толықтай емес. Қаланың көрнекті аудандарындағы ғана үйлер сыланды. Ал қалған төменгі жақтағы аудандарда ескі үйлер сол ескі күйінше тұр»,- деді «Аналитик» сараптау-талдау орталығының маманы Тоғжан Шаяхметова, 

Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, мұндай ескі үйлер бюджеттің де соры екенін де ескермей отырмыз. Зерттеулер тозығы жетіп күрделі жөндеуден өтпеген үйлердің бюджетке келтірер шығыны зор екенін көрсетіп отыр. 

«Нақ осы мәселе бойынша зерттеп көрдік. Алматы қаласында тозығы жеткен 7771 үй бар десек, оның 4446-сы күрделі жөндеуді талап етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жоспар бойынша жыл сайын 500-ге жуық тұрғын үй жөндеуден өтуі керек еді. Бірақ бір жылда 100-ге жақын тұрғын үй ғана жөнделген. Ал қазір тіпті осы атағы дардай бағдарламаның жұмысы көрінбей кетті. Республика көлемінде саланы модернизациялауға 2014-2016 жылдары 59,4 млрд теңге бөлінген. Бұл бағдарламадан халық пайда көруі үшін алдымен жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаржыны нақты бақылауға алғаны абзал. Нақты бақылауды қатаңдату қажет, олай етпесек бағдарлама нәтижелі болмайды. Есептесек, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткен қаладағы үйлердің шығыны азайған. Мысалы, үйді жаңғыртудан өткізгеннен кейін тұрғындар жылу үшін аз төлем төлей бастаған. Ескеру керек, бұл үйлердің барлығы орталық жылу жүйесіне қосылған. Жөндеуден өткеннен кейін тұрғындар пайдаланатын жылу ме ныстық су айтарлықтай үнемделіп, бірр ғана жылуға 46 пайызға дейін аз төлем төленген. Құбырлар жөндеуден өткеннен кейін де ыстық су мен суық су үшін де төлемді 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 15-18 пайызға аз төлеген.Сондықтан бұл бағдарламаны сауатты жүзеге асырып тозған үйлерді жөндеу біз үшін аса қажет. Себебі тозығы жеткен үйлердің шығыны да көп болады. Осыны ескерсек, бағдарламаның орындалу барысын Үкімет қатаң бақылауы қажет», - дейді Тоғжан Шаяхметова. 

Сондай-ақ, мамандардың пайымдауынша, бізде жап-жақсы бір бағдарлама басталады да, соңына жетпей ол бағдарламалар тоқтап қалады. Міне, тұрғын үй саласын модернизациялауға қатысты бағдарлама да соның кебін кигелі тұр. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, бұл арада халықтың өзінің белсенділігін де тетікке қосқан абзал. 

«Хрущев салған үйлерді Баурыжан Байбек мырзаның немесе басқа  басшылардың мойына ғана артып қоюды дұрыс санамаймын. Бұл арада шет мемлекеттерде тозығы жеткен үйлерді жөндеу үшін арнайы мемлекеттік қор құрылады. Сол қорға сосын халық салық төлеп отырады. Кезекке тұрып, өз кезегі келгенде үйін жөндеуді талап етеді. Бізге де осындай әдістерді енгізген дұрыс. Себебі қазірдің өзінде жаңадан салынып жатқан үйлердің өзінің сапасы күмәнді. Ендігі бір бес жылда сол жаңадан салынған үйлер де тоза бастайды. Демек, біз үшін осындай әдістерді енгізген абзал. Қазір республика бойынша тұрғын үйлердің 34 пайызы жөндеуді қажет етеді. Әлемдік стандарт бойынша бұл меже 10 пайыздан аспауы керек. Осыған орай мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі болғанын қалайтынымыз рас. Бірақ қаржының дұрыс игерілмеуі. Діттеген жеріне қаржы жетпей, дұрыс ұқсатылмауы, тамыр-таныс мердігеріне қаржыны беріп, артынан сапасыз жұмыстарды қабылдай салу бізде басым көрсеткіш беріп тұр. Сондықтан осындай келеңсіз жайттар орын алмауы үшін халықтың белсенділігін тетікке қосу керек. Мемлекеттік тұрғын үй қоры құрылыпғ халық арнайы сол қорға қаржы аударып отырып сосын бақылауды да, қадағалауды да халықтың өзіне беру керек. Сол кезде ғана мұндай жұымыстар өз нәтижесін береді» дейді қаржыгер Арман Мусин. 

Маман алға тартып отырған мұндай мемлекеттік қор жүйесі көптеген елдерде бар екен. Алысқа бармай-ақ, мұндай қор Ресейде 2003 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2017 жылы  Ресейдің мемлекеттік Тұрғын үй қорына  354 млрд рубль қаржы түсіп, Ресей үкіметі осының арқасында 11 млн адам тұратын 11 мың үйді жөндеуден өткізген. Бұған қоса Ресей қаржы министрлігі осы мемлекеттік қорға түскен қаржы көзінен халыққа  арзан несие беру арқылы тұрмысы төмен отбасыларды «полуторкалармен» немесе жатақханалармен қамтып отыр. 

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz






Ұқсас тақырыптар