Мұнайдың арзандауы бір елге қайғы, бір елге пайда...

ойл.jpg

Иллюстрация: stockinfocus.ru
Подробнее: https://eadaily.com/ru/news/2018/10/12/opek-snizila-prognoz-sprosa-na-neft-v-2019-godu

Әлемдік нарықта неше жыл қатарынан қара алтынның бағасы арзандап, бірқатар елдердің экономикасы абдырап жатқанмен, бұл аралықта ішкі жалпы өнімі еселеп өсіп жатқан елдер де бар. Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары «мұнай бағасы 30 долларға дейін төмендесе де жалпы ішкі өнімі артатын елдер баршылық» деп отыр. Аталмыш банк сарапшыларының мәлімдеуінше, мұндайда жеңіл өнеркәсібін дамытып алған елдердің «қылы қисаймайды». Керісінше, бұл елдердің табысты дәурені орнайды. Мұндай елдердің санатында Қытай, Үндістан, Түркия, Бразилия, АҚШ, Италия, Индонезия елдері көш бастап тұр. Сарапшылар мұнайдың арзандауы алдағы уақытта осы елдерге тиімді бола бастайтынын алға тартуда. 

Халықаралық сарапшылдардың бұл пікіріне қатысты отандық мамандарымызбен тілдесіп көрдік. Мамандардың байыптауынша, айтылып отырған болжамдардың жаны бар. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізаттың барлығы мұнайды химиялық синтездеу арқылы алынады. Шикі мұнай арзандаса осы химилық талшықтар да арзандайды. Бұдан барып жеңіл өнеркәсіпте өнім алатын шығын да азая түседі. 

«Арзан мұнай көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, қазір киім тігетін жіптен бастап матаға дейін мұнайдан алуға болады. Мұндай технологияны алпауыт елдер Қытай елі, Сауд Арабиясы, АҚШ әбден меңгеріп алды. Қазір көптеген елдерді модернизация, инновация сақтап қалып отыр. Заман талабына ілесіп әр саланы дер кезінде жаңғыртып алған мемлекеттердің табысы да еселенетін шақ. Мысалы, Қытай жеңіл өнеркәсібі арқылы бүкіл әлемді киіндіріп отыр. Ал сол жеңіл өнеркәсіпке қажетті талшықтардың барлығы мұнайды химиялық синтездеу арқылы алынады. Кір жуғыш заттардан бастап, киім-кешекке қажетті сапалы талшықтар, киімнің сапасын бұзбай ұзақ сақталуына мүмкіндік беретін талшықтар, шифондар, атластарға қосылатын заттар тізе берсек көп. Міне, мұнай арзандаған соң мұндай материалдарды алу да арзанға түседі. Сондықтан бұл арада мұнайдың арзандағаны расымен де біреуге зиян болғанмен, біреуге пайда»,-деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов. 

Маманның айтуынша, мұнай бағасы арзандап жатқанымен, қазір Үндістанның, Түркістанның, Қытайдың жалпы ішкі өнімі түсіп жатқан жоқ. Аталған елдердің ішкі өнімі жыл сайын өсім беруде. 

«Қытай қазір жалпы ішкі өнімін өсіріп, АҚШ-тан озып тұр. Қытайдың жалпы ішкі өнімі 6,9 пайызды құрап, 80 триллоннан юаннан асып түсті. Осылайша Қытайдың жалпы ішкі өнімі 13 триллион АҚШ долларына жуықтаған. Жеңіл өнеркәсіп саласы Қытайда жалпы ұлттық өнімнің 33 пайызын құрайды. Оңтүстік Кореяда жеңіл өнеркәсіп өнімдері жалпы ұлттық өнімнің 28 пайызын межелейді. Көптеген елдерде жеңіл өнеркәсіп жалпы ұлттық өнім ретінде, экономиканың қорғаныш күші есебінде қарастырылған. Ал бізде өкінішке қарай, жеңіл өнеркәсіп саласы әлі аяққа тұра алмай отыр»,-деді Жаңабай алдабергенов. 

Біз ғалымның сөзі дәлелді болуы үшін жеңіл өнеркәсібін жалпы ұлттық өнімі ретінде танып алған елдердің тізімін арнайы сызбамен көрсеттік. Сызбада  деректердің пайыздық көрсеткіштері көрсетілген. 

1 графика жеңіл.jpg

Жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты мамандардың айтар ойы Қазақстан үшін бұл саланы нақты реформалау қажет. Олай етпесек, біз бұл салаға қатысты 92,7 пайыз өнімді сырттан аламыз да, 7,3 пайыз өнімді ғана өзімізде өндіреміз. Қазақстанда отандық мақта-матадан киім тігу, теріден, былғарыдан аяқ киім тігу саласы кемшін қалып жатыр. Алдағы уақытта осы жайттарды тиісті ведмоствалар тәжірибе жүзінде дамытуға күш салғаны дұрыс. 

«Жалпы, елде жыл сайын 20 млн тоннадай жүн, 7 млн данадай тері, 300 мың тоннадай мақта жиналады екен. Бізде шикізат көп. Бірақ соны ұқсату жоқ. Себебі біз өнімді ең соңғы дайын өнімге дейін ұқсатудың көзін меңгере алмай келеміз. Мұнайдан алынатын синтетикалық талшықтарды қосу арқылы Италия былғары етіктерін әлемдік бренд қылды. Түркияның киім-кешегі, тондары жалпы ішкі өнімін еселеп отыр. Қытайдың киімін кимейтін ел жоқ. Қытайда 1 тонна жүнге 100 грамм мұнай-химиялық талшығын қосу арқылы қаншама мата алынады. Мұнайдан қазір барлығын алып жатыр. Бізде шикі мұнай да көп, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты шикізат та баршылық. Бірақ біз сол тері-жүнді ұқсата алмай өртеп жібереміз. Қазір біздің дизайнерлеріміз сапалы киім тігу үшін шетелден мата тасып, жіп тасып әлек. Сапалы киім тігу үшін шұға жіпті біз Италиядан алдырамыз. Ал сол шұға жіп өндіруге қажетті жүн де, қылшық та өзімізде бар. Бірақ оны өндіру мүмкіндігі жоқ. Мен «мұнай арзандаса да жеңіл өнеркәсібін жолға қойған елдердің экономикасы өркендей береді» дегенмен келісемін.  Себебі киім-кешек өндірісі қай кезде де адамға қажетті дүние. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп экономиканың салмақты кіріс кіргізетін саласы екенін мойындау керек»,-дейді экономист-сарапшы, «Қазақ-менеджмент» талдау орталығының маманы Жанаргүл Көрікбаева. 

Біз осы арада Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты деректерді арнайы сызбамен көрсеттік. Сызбадан еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының аяқ-алысы қандай екенін аңғаруға болады. 

2 графика жеңіл.jpg

    Не істеу керек? 

Мамандардың пайымдауынша, болашақта Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласын жетілдіру үшін Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс. Ол үшін алдымен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақталуы тиіс. 

«Сол шағын кластерлер арқылы жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін жеңілдетуге болатын еді. Шағын кластерлер жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатынан, сервистік қызметтерден және тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады ғой. Ол кластерлерді заңдық ұйымдастыру тіптен қиын емес. Ол үшін  азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б шағын орындар құрып оны «ҚазАгро» холдингі арқылы қаржыландыру керек еді. Мұндай жүйені жасақтау мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру  және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы  шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің  бірігуіне жол ашатын еді. Өкініштісі бізде осындай ұсыныстарға мән берілмейді. Атқарушы билік тек шетелге экспортатуды ғана ұсынып отыр. Ал сол тері-жүн саласы соңғы  дайын өнімге дейін өзімізде өндірілер болса әлдеқашан Италияны өкшелеп алар едік қой. Мұндай да біз «мұнайдың бағасы түсіп кетті» деп басымызды ұстап отырмайтын едік. Сондықтан аталмыш министрліктер осы мәселерге мән бергені дұрыс», - деді Жанаргүл Көрікбаева. 

Қазақстандағы отандық жеңіл өнеркәсіп өнімінің үлесі төменде кестеде көрсетілген. 

3 графа женил.jpg

Қарлығаш САЙЛАУБЕВА

Mezgil.kz









Ұқсас тақырыптар