«Ширк жасағыш, УЗИ-ға түскіш қыздарыңды қайтарып ала беріңдер, талақ, талақ»...

 1.jpg


Бұл әңгімені маған біздің үйге жаңадан көшіп келген көрші дәрігер Самал апай әңгімелеп берді: "Аяздан қорғануға арналған жылы аялдамаданың ішінде хиджаб киген бір жас келіншекке екі әйел бірдемелерді түсіндіре алмай, бір-бірімен ұрсысып жатты. Хиджаб киген жас келіншек болса ішін екі қолымен басып, қатты ауырып тұрған сыңайлы. Әйелдердің бірі үстіне хиджаб киген елу жас шамасындағы, ал екіншісі спорттық күртеше киген жасы 30-35 аралығындағы жас келіншек. Аядай аялдаманың ішін бастарына көтере керісіп жатқан сөздерінен, ауырып тұрған аяғы ауыр жас келіншектің есімінің Жанаргүл екендігін білдім. Ал әйелдердің бірі Жанаргүлдің енесі, ал қызыл спорттық күрте кигені туысқан әпкесі екені аңғарылады.

-Құдағи, сіз сонда Аллаға сенемін деп дәрігер мен УЗИ-ға сенбейсіз бе? баланың іште өліп қалғанына біраз күн уақыт болғандығын екі қаланың УЗИ аппараты бірдей көрсетіп тұр. Әпкемнің жалғыз қызын көз алдымда өлтіріп қоятын жағдайым жоқ, жолдан былай тұрыңыз,-деп келіншектің нағашы әпкесі шыр-пыр етеді. Ал үлкен әйел болса оны тыңдағысы келмей, бастырмалап сөйлеп жатыр:

- Астагфируллах, Аллахтың әміріне қарсы шығатын сен кім едің? ағузубиллах, сенің УЗИ-дәрігерің не біледі, Аллах бәрін білуші, жаныңды алатын да, қайта тірілтетін де сол! УЗИ-ға түсудің өзі харам.. ағузғбиллах... ширк жасап тұрғаныңды білесің бе сен?! Іші жай ауырсынып тұрған шығар, екіқабат кезінде әйелдің бәрі ауырады! Дем салып, зәмзам суын ішкізсек, ертең-ақ сауығып кетеді. Больницаңа апармаймын, субханаллах, - деп жас үлкен әйел де бой берер емес.

Ауруы жанына қатты батып кетті ме, әлде енесі мен әпкесінің арасындағы текетірестен жүйкесі сыр берді ме, ауырып отырған Жанаргүл еңіреп жылап жіберді.

Жағдайдың мәнісін бірден түсінгендіктен, өзімнің дәрігер екенімді айтып мәселеге тікелей араластым. Жанаргүлдің жай-күйін сұрап, әйелдерге аурудың қауіптілігін түсіндіре бастадым. Бірақ Жанаргүлдің енесі біздің сөзімізді тыңдаудан бас тартып, келінін өзімен бірге алып кетуге әрекеттеніп, таксиге қоңырау шалып жатты. Ары қарай бұлайша уақыт созудың ешқандай қажеттілігі болмайтынын ұқтым да, жедел жәрдемге қоңырау шалдым. Жылдам келіп жеткен дәрігерлер діндар ененің айқайына да, енесінің ықпалынан шыға алмай тұрған Жанаргүлдің де қарсылығына қарамастан, көлікке салып алды да ауруханаға алып кете барды...

Арада жарты жылға жуық уақыт өткенде Жанаргүлдің әпкесі Жанеттамен ортақ танысымыздың тойында кезіктім. Айтуынша сол күні дәрігерлер Жанаргүлге ота жасап, жанын аман алып қалыпты. Бірақ ең өкініштісі Жанаргүл сол отадан кейін ана болу бақытынан мәңгі айрылған екен. Ал осыны естіген сәләфит күйеуі шешесінің айтуы бойынша Жанаргүлді талақ тастап, басқа қызға үйленіпті. Адасқан ағымдағы күйеу бала ата-енесіне келіп: «Ширк жасағыш, УЗИ-ға түскіш қыздарыңды қайтарып ала беріңдер, талақ, талақ»,- деп айқайлап кетіпті. Олардың ойынша болған жағдайға құдайға серік қосып, УЗИ-ға түскен Жанаргүлдің өзі кінәлі екен.

Жанаргүл отбасында ата-анасының жалғыз тал гүлі, ерке қызы болып өсіпті. Мектептегі барлық іс-шараларға белсене қатысып, өнерлі болып бой жеткен. «Ақкөңілдігі мен адамға тым сенгіш аңқаулығының да кесірі»,- дейді. Колледжде оқып жүрген алғашқы жылы дінге деген қызығушылығы пайда болып, «ВКОНТАКТЕ» әлеуметтік желісіндегі әртүрлі діни топтарға тіркелген. Сол кезеңдерден бастап мінез-құлқында өзгерістер байқалып, ата-анасына «құдай», «о дүние», «жұмақ пен тозақ» туралы тақырыптарда жиі әңгіме қозғап, діни терминдерді сөз арасында жиі қолданатын болыпты. Бір күні анасына намаз оқитын бір иманды, жақсы жігітпен танысқанын, тұрмыс құрғысы келетін ниеті бар екенін айтады. Ата-анасы Жанаргүлді оқуын аяқтауды өтініп, райынан қайтарғысы келгенімен, Жанаргүл ата-анасы ризашылығын бермесе, ешқашан күйеуге тимеймін деп Алланың атымен ант ішіп қорқытады. (Қыздың әке-шешесін көндіру мақсатында солай үйретіп қойғандығы кейіннен белгілі болды) Ақыры ата-анасы қыздарының таңдауына көніп, үйге құдалар келетін болып той қамына кіріседі.

Құда түсуге жігіттің шешесі мен бір туысқаны екеуі ғана келеді. Ұлының бизнес бабымен оңтүстіктен шығысқа қоныс аударғанын, бұл жақта басқа туыстары жоқ екендігін, қалада үлкен дүкендері бар екенін айтып түсіндіреді. Басына ақ орамалын қазақи үлгіде қайырып байлаған, камзол-бешпет киіп, аузынан Алласы түспей салиқалы сөз айтып отырған әйел Жадыраның болашақ енесі екен. Барлық салтты сақтап, қазақи дастүрмен киіт-шашуын әкеліп құда түсіп жатқан соң және күйеу баланың иманды жақсы жігіт екендігін естіген соң ата-ананың күдіктері сейіліп, құданалы болуға баталасады.

Ата-анасы жалғыз қыздарының ұзатылу тойын дүркіретіп жасайды.

«Бизнесмен күйеу бала досымен залға кіріп келгенде тойға жиналған қонақтар сілтедей тынып, екеуінің бейберекет өскен сақалдарына шошып қарап қалды. Бірақ балағы ұзын костюм-шалбар киіп, кеудесіне гүл, мойнына галстук таққан түріне қарап, екі ойлы күйде болғанымыз рас,-дейді Жаннетта,- Бұның барлығы да салафиттердің тек қызды алып алғанша ғана жасалған қулық-амал екенін кейінен ұқтық қой.

Ертеңінде қыздың туыстары жігіттің тойына жиналғанда ғана олардың нағыз бетпердесі ашыла бастаған. «Күнде көріп жүрген қызымызды хиджаб киіп, оранып шыға келгенде әрең таныдық,-дейді. Екі жастың некесін қиған жергілікті мешіт имамы да жездемізге «қызыңызды неге бұл жігітке беріп жатырсыз, бұлар адасқан ағымдағылар ғой»,-деп айтып кетіпті. Қазақстандағы салафилердің кейбіреулері некелерін мешіттің имамына қидырғанды жөн санайды екен. Ал діннен еш хабары жоқ байғұс әке өзінің сан соғып қалғанын сол жерде бірақ біледі. Шағын кафенің ішінде дастарханды бірнеше бөлмеге бөліп жасаған екен. Бір бөлмеде сақалдары беліне түскен өңшең еркектер, енді бір бөлмеде қара жамылған әйелдер мен үбір-шүбір балалар, ал келесі бөлмеге құдаларға арнап дастархан жайыпты. Ең қызығы құдаларының алдынан шашу шашуға жарамаған жігіттің шешесінің, құда түскен кезде киіп келген қазақи камзол-бешпетін араптық үлгідегі хиджапқа ауыстырып алған қылығына таң қалысыпты.

«Сәләфилердің ата-ананың ризашылығын алып алғанша ғана теріс дінді ұстанатындарын жасырып, түрлі құйтырқы әрекеттерге де баратынын сол кезде ғана ұқтық. Бірақ құдағи той соңына дейін сыр бермей, барлығы да жақсы болады деп сендіріп, шығарып салды»,- дейді.

Кейіннен күйеуі мен енесі Жанаргүлді оқудан шығарып алып, күйеуінің рұқсатынсыз көшеге шығуға, туыс-туғандарымен хабарласып сөйлесуге, мерекелермен құттықтауға, теледидар көруге, тіпті өздерінің діни кітаптарынан басқа газет-журналдарда оқуға да тыйым салған. Қызының хабарсыз кеткеніне қорыққан анасы өзінің сіңілісі Жаннеттаны жіберген екен. Жаннетта аяғы ауыр Жанаргүлдің ауырып тұрғанынан сезіктеніп, дәрігердің тексеруіне баруға көндірген. Ал УЗИ-нәтижесі баланың іште өліп қалғанын көрсетіпті. Міне оқиғаның бас аяғы осылай болған.

«Қазіргі уақытта Жанаргүл әке-шешесінің жанында. Бұрыңғы жасбалаша аңқылдаған ақжарқын ашық мінезі солған гүлдей болып өзгерген. Терең стресс салдарынан намазын да тастап кетіп, тіпті бір рет өзіне қол жұмсамақшы да болды. Қазіргі уақытта дін мәселесімен айналысатын мамандар тарапынан әртүрлі діни және психологиялық кеңестер нәтижесінде депрессиядан арылып, намазын қайтадан жалғастырып оқып жүр»- дейді Жанетта.

"Айналайын сіңілілерім! Өмір көрген әпкелерің ретінде, дәрігер ретінде айтарым бар: соқыр сенімнің жетегіне еріп белгісіз ем мен күмәнді дәрілерді қабылдап, дәрігерге қаралудан қасақана бас тартып, бақсы-балгерді жағаламаңдар! Медицина мен техниканың дамыған заманында адам өмірін сақтап қалудың мүмкіндіктері өте зор. Өз өмірлеріңді өздерің қатерге тікпеңдер!" -дейді дәрігер Самал апай.

Самал апайдың өтініші бойынша оқиға кейіпкерлерінің аты-жөні өзгертілді.

 

Ермек Құрманғалитегі

ФБ парақшасынан алынды

 


Ұқсас тақырыптар