Қытай инвесторлары Қызылжарға ауыз салмақ

китай.jpg

Фото: www.intex-press.by

Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті билігі Қытай инвесторларына көп салалы аурухана, көп қабатты тұрғын үй және жол құрылысын салдыруды жоспарлап отыр. Қызылжар қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, қазір қалада Жас өркен шағын ауданынан 18 қабатты 108 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға және 9 қабатты 64 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға байқау жарияланған. Осыған орай құрылыс жұмыстарын жүргізуге жер телімін бөлу жайы да жоспарланып отыр. Сондай-ақ Марат Тасмағанбетов мемлекеттік-жекеменшік серіктестік барысында инвесторларға балабақша, жол құрылысын салу да ұсынылғанын алға тартып отыр. Аймақта 2019 жылы 700 шақырым жол инвесторлардың көмегімен салынады екен. 

Бұған қатысты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қазір өңірден шыққан арнайы делегация Сеулде жүргенін, олар үшін нысандардың құрылысын салуда Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерттеу маңызды екенін де айтып қалды. 

Ал өз кезегінде Қытайдың ірі инвесторы Shaanxi Cool Chemical компаниясының президенті Джан Гау Чин «Біз көп салалы аурухана салуды, көп қабатты Тұрғын үйлер салуды осы жылы бастағымыз келеді. Артынша жол құрылысын да саламыз. Қазір біз Ауғанстанда құны 100 млн доллар тұратын автожол салып жатырмыз. Тәжікстанда 22,8 млн доллар тұратын электр зауытын салып жатырмыз. Өзбекстанда 200 млн доллар түратын цемент зауытын салудамыз. Бізді Қазақстанның  ауыл шаруашылығы саласы, химиялық өңдеу зауыттарын салу, мұнай газ саласы қызықтырады», - дейді. 

Жалпы, Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу бір жол» атты бағытты ұстанып Жібек жолын жаңғыртуды көздеп отырған елдер. Осыған орай қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс та нығайып барады.  Осы уақытқа дейін Қытай Қазақстанның экономикасын жандандыру үшін 42,8  млрд  доллар инвестиция құйып, 50 млрд доллар несие берген. Қазір Қазақстанда Қытаймен біріккен 2700-ден астам ірілі-ұсақты компания жұмыс істейді. Енді болашақта Қазақстан мен Қытай қаржылық құны 28 млрд долларды құрайтын тағы 51 кәсіпорынды бірлесіп құрғалы отыр. Бұған қоса Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында Қазақстан алдағы уақытта елдегі Қытай капилаты бар өндіріс орындарына салық салмайтын болды. Бұл заңды Қазақстан Парламенті мақұлдап заңмен бекітіп тастады. Осылайша Қытай инвесторларының жағдайын ойлап елімізде жүзеге асырылып жатқан Қытай жобаларынан салық та алмайтын болдық. Ал бұл қаншалықты дұрыс? Елдегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды шетелдік инвесторларға салғызған жөн бе? 

Бұл арада мамандардың пайымдауынша, біз мұндай инвестицияны сонау 1993 жылдары нарықтық экономикаға енген тұста тартқанымыз жөн еді.  

«Біз мұндай инвестицияны нарықтық экономикаға енген тұста сонау 1993 жылдары тарта бастауымыз керек еді. Сол тұстары осылай жасағанда қазір өз байлығымызды өзіміз игеріп кететін жағдайға жетер едік. Біз осы уақытқа дейін экономиканы көтеруді мақсат тұттық. Осы орайда көптеген істер тындырғымыз келеді. Шетелдік тәжірибеге қызығып түрлі бағдарламаларды енгіздік. Бірақ олардың біразының нәтижесі біз күткендей болмады. Бізде мәселені зерттеп алып барып қолданысқа енгізу жағы кемшін. Мысалы, қазір шетелдік инвесторларға есігімізді айқара ашып қойдық. Инвесторларға ыңғайлы жағдай жасау үшін салықтық жеңілдіктерді қарастырдық, оларға мемелкеттік-жекеменшік серіктестік құжатын ұсындық. Бірақ осы арада біз бақылауды азайтып алған тәріздіміз. Тіпті бақылаудың төмендігінен елде жұмыс істеп жатқан шетелдік компанияларда тепе-теңдік деген дүние жоғалып бара жатыр. Қытайдан әкелінген маманға жоғары жалақы төлеу, ал қазақстандық маманға төмен жалақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін ескермеу, құрылыс жұмысына байқау жариялағанда бірінші шетелдік инвесторлардың жағдайын ескеру тәрізді жайттар тым көп болып кетті. Сондықтан бұл арада  бір шектеу болғаны жөн», - дейді сарапшы Дәурен Арын. 

Сарапшының бұл пікірін экономика ғылымының докторы профессор Бейсенбек Зиябеков те қуаттап отыр. Ғалымның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын мүмкіндігіміз болса өзіміз салғанымыз дұрыс. «Бірақ тап қазіргі жағдайда халықтың сұранысына орай мұндай нысандармен елді қамту бір ғана мемлекеттік бюджеттің қолынан келмейді. Сондықтан инвесторларға жүгінуе тура келеді», - дейді Бейсенбек Зиябеков. 

«Меніңше, бақылауды, қадағалауды расымен де қатайту керек. Әрине балабақша, Тұрғын үй, көп салалы аурухана тәрізді әлеуметтік маңызы бар нысандарды өз қаржымызбен салғанымыз дұрыс. Бірақ қазіргі сұранысқа байланысты бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында шетелдік инвесторлардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Себебі аурухана, мектеп, балабақша жоқ болса халық оны тосып отыра алмайды. Сондықтан қысқа мерзімде құрылыс салу үшін инвесторларды шақыруға тура келеді. Бұл арада біз алдағы уақытта да инвесторларға жүгінеміз. Сондықтан  болашақта ең маңыздысы шетелдік инвесторларға бақылауды күшейткен абзал», - деді Бейсенбек Зиябеков. 

Негізінен мамандардың байыптауынша, шетелдік инвестиция ең әуелі өз мүддесін, өзінің пайдасын арттыруды көздейді. 

«Сырттан келетіндер 100 млн доллар инвестиция әкелсе, оны 200 млн доллар қылып әкетуді ойлайды. Сондықтан келешекте бізге ауыл шаруашылығына, мұнай-газ саласына, өңдеу саласына отандық олиграхтар инвестиция салуы керек. Сонда ғана қауіпсіздігіміз сенімді болады» дейді сарапшы Дәурен Арын. 

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар