Астанада 5 бала өрттен қаза тапты: анасының жұмысқа шыққанына 2-3 күн болған

2.jpg

Жер үй өртеніп, бір үйдің бес бірдей баласы көз жұмды. Сұмдық жағдай Астана іргесіндегі Көктал шағын ауданында болды. Марқұм болған қыздардың үлкені 13-те болса, ең кенжесі небәрі үш айлық сәби. Ал оқиға кезінде олардың ата-аналары түнгі ауысымда жұмыста болған екен. Лапылдап жанып жатқан үйді көрген куәгерлер көмекке ұмтылғанымен, бет қаратпаған қызыл жалыннан ішке кіру мүмкін болмағанын айтады. Ал көрші-қолаңдары кеше ғана көз алдыларында жүгіріп жүрген өрімдей қыздардың өмірде жоқтығана әлі сене алар емес. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Сұмдық оқиға өткен түні сағат 2-ден аса болған. Астананың Көктал кентіндегі Шыңғыс тау көшесінде. Бір ауладағы үш баспананың біреуі отқа оранған. Үй деген аты болмаса, 30 шаршы метр жер. 

«Мынадай үйде тұра ма? Қора ғой. Қайда қарады акимат. Кімді кінәлаймыз? Қайдан жұмыс істемейді? Бес баланы асырау керек. Пособияны білесіздер. Мизерная» - дейді туысы Райхан Қаппарова.

«Өздерінің үйлері. Өздері салып, өздері тұрып жатқан» - дейді туысы Азамат Қаппаров. 

Құтқарушылар алып-ұшып келгенімен, өртті сөндіргенімен, бәрі де кеш болыпты. Лапылдап жанып, дымы қалмаған үйден 5 баланың өлі денесін алып шықты. Бесеуі де қыз бала.  

Оқиға кезінде көз жұмған балалардың үлкені 12-де, кішісі бір жасқа толмаған. Бес баласынан айырылып, өздері қайғыдан қан жұтып жатқан кезде оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ата-анаға жауапқа тартамыз, бірге алып кетеміз деп әбігерге салыпты. Қазір қаралы отбасы туысқандарының үйінде. 

Ағайындары араша түсіп, полициядан әзер алып қалыпты заң еңіреген ата-ананы. Тілсіз жау шарпыған кезде үйде тек балалар болған. Әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыста екен. Анасы жұмыссыз, баламен үйде отырып, қаражат жетпесегін жақында түнгі ауысымға жұмысқа орналасыпты. 

«Жолдасы жұмыс істеп, жалақыны әкеліп тұрса, мамасы осындайға бара ма? Балалардың қамын ойлап тамақтарын ойлап, 2-3 күн болды шыққанына жұмысқа». 

«Пластикалық зауыт бар мына жерде, баклашка шығаратын, кіргеніне үш күн болды. Күндіз үйде болады да бала-шағасының қасында. Кешке жұмысқа кетеді. Балалары онда ұйықтайтын» - дейді туысы Айгүл Абдоллаева.

Ала таңнан қаралы хабар естіген ағайын-тума да аң-таң. Көршілерде кеше кеште ғана ойнап жүрген балалардың өртеніп кеткеніне сене алар емес. 

«Балалар жақсы, осы жерде ойнайтын. Менің талыма қарайтын. Альбина, Алина, я их называл  черешня, вишня, малина...» - дейді көршісі Рахым Асанбаев. 

Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Тиісті органдар анықтау үстінде.  

«Бірақ пештен болмайды өрт. Ағашпен жағылатын. Электр пешінен болды ма деп ойлаймын. Киім бірдеңе түсіп кеткен шығар. Ұйықтап жатқан балалар не біледі» - дейді туысы Әулет Әйтімов. 

Осы оқиғадан соң Елорданың әкімі Бақыт Сұлтановтан бастап, барлық жауапты мекеме-ұйымдар аяғынан тік тұрды. Жерлеу рәсіміне де жергілікті билік көмек бермек. Алайда, отбасының жағдайынан қала әкімдігі де, Сарыарқа ауданының  басшылығы да бейхабар. Баспана кезегіне де тіркелмеген дейді. 

«Балалардың ата-анасымен түнгі үштен бері психологиялық жұмыстар жүргізілуде. Дәл қазір жандарында отыр. Осы күне дейін бұл отбасы баспана кезегі бойынша өтініш білдірмеген» - дейді қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаева. 

Бес қыздың үлкені Альбина Әйтімова мектептегі мақтаулы оқушының бірі болыпты. Аяз атаға жолдаған хатында да өзінің жыл бойы тәртіпті жүргенін, ата-анасын тыңдайтынын, сол үшін сыйлық күтетінін жазыпты.  Суреттерінің арасындағы мына бір көрініс қатты ойландырады. Өртеніп кеткен үйдің де сиқы осындай еді. 

"Соңғы рет жұма күні көрдім. Өте алғыр, елгезек қыз еді Альбина. Сыныптағы менің оң қолым, көмекшім еді. Сабақта кім бар, кім жоқ, бәрін түгендеп жүретін.  Сурет салғанды жақсы көретін. Шығарма жазғанда өзінің отбасының тату екенін жазған. Бауырларына қамқор болып жүретін. Үй тапсырмасын сабақтан кейін, үзілісте орындап тастайтын» - дейді марқұм Альбина Әйтімованың мұғалімі Наталья Хохлова. 

Қарыны тоқ, көйлегі көк болмаса да  асқақ арманмен өсіп келе жатқан бес тағдыр қиылды. Альбина, Алина, Элина, Сабина және Бақыт.  2006, 2008, 2013, 2015, 2018 жылғы туған балалар еді. Өрт кезінде олардың дауысын ешкім де естімеген. Балалар ыстан уланып өлді ме, жоқ әлде қызыл жалынның ішінде тірідей жанып кетті ме, беймәлім. Өрімдей шақтарында солған оларлың денесі ертең жер қойнына тапсырылады.


Ұқсас тақырыптар