Қазақ қоғамына суретшілер керек пе, жоқ па?

рисунок.jpg


Ұлы дала өркениеті сонау 5 мың жылдықтан бастау алатыны белгілі. Батыс елдері қанша жерден мойындағысы келмесе де көшпенділердің өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі, жоғары деңгейдегі құндылықтары болды. Оған әр жердегі обалардан табылған алтын адамдар, сол кезде тау-тасқа бейнелеп кеткен петроглифтер, балбал тастар куә. Мұның барлығы ата-бабамыздың тек мал шаруашылығымен ғана емес, өнерге де жақын болғанын білдіреді. Бейнелеу өнеріне келсек Батыс елдерінің суретшілеріндей атағы шықпаса да, сол заманың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін дүниелер қалдырып кеткені рас. Алайда Ислам діні келгелі қазақ даласында бейнелеу өнері баяулап қалды. Қазіргі заманғы суретшілердің тарихы революциядан кейін бастау алады. Қазақстан өмірін бейнелеген Әбілхан Қастеевтің шығармалары қандай құнды. Оның жұмыстарына қарап сол кездегі қазақтың тұрмыс-тіршілігінің қандай болғанын аңғарасың. Содан бері қазақтан қаншама атақты суретшілер шықты, мұның барлығы біздің де сурет сала алатынымызды, мәдениетке жақын халық екеніміздің дәлелі.

Жалпы Батыс елдерінде халықтың әл-аухатын суретшілердің жағдайына қарап бағалайды екен. Бізде бұл жағдай қалай? Еліміздегі бейнелеу өнерінің шеберлері  қалай күн көруде, шығармашылығы  қандай деңгейде? Осы сұрақтар төңірегінде еліміздің әр облысындағы суретшілермен тілдесіп, жағдайларымен танысқан едік. Сұхбаттасу барысында суретшілер жағдайының мәз емес екендігін, тіптен Мәдениет туралы Заңда суретшілер жөнінде бір ауыз сөз жоқ екенін білдік. Назарларыңызға суретшілердің пікірін ұсынып отырмыз.

 Жас суретшілердің көбі базарда жүр

Гүлмаржан Махамбетова, суретші Атырау қаласы:

– Қазір суретшілер қаңғып жүр деседе болады. Менің жасым 70-ке таяп қалды. Атыраудың драма театрында 50 жылдай көркем суретші болып жұмыс істедім. Өз фирмамды ашып, онда ұлттық киімдерді тігумен айналысудамын. Дегенмен, артымызда өсіп келе жатқан суретшілер бар, көпшілігі қараусыз қалуда. Жыл соңында мәдениет саласы бойынша көптеген адамдар марапатталып, медальдар алып жатыр. Солардың ішінде суретшілердің бірі де жоқ. Лайықты адамдарды марапаттап қойса ол шығармашылық адамына шабыт берер еді ғой.

Өткенде газеттен оқып қалдым, мәдениет туралы заңда суретшілер жайында бір ауыз сөз жоқ дейді. Ол қалай болғаны? Суретшілердің арасында ауызбіршілік жоқ. Кейбірі тапсырыс алады да үнсіз отырады, ал мына алыстағыларға жағдай жасалмаған. Әркім өзінше тырысып жұмыс жасап жүр. Кеңес үкіметі тұсында біз көрші елдерге шығып тұратынбыз, тәжірибе алмасып, білмегенімізді үйреніп отыратынбыз. Ол кезде суретшілерді баспанамен де қамтамасыз ететін. Қазір көбі үйді қойып шеберханаға жарымай жүр.

Суретшілердің халыққа қызмет көрсететін орындары, шеберханалары болғаны дұрыс. Мәдениет жағын басқаратын адамдар тарапынан да суретшілерге көп көңіл бөлінбейді. Суретшілерді халықтың алдында көрсетпесе, оны ешкім танымайды да, сенбейді де. Жас суретшілерге аса қолдау қажет, өз ойларын іске асыруына көмектескім келеді. Негізі бұл үкімет жағынан жасалуы керек. Қазір Жоғары оқу орнын бітірген суретшілердің көбі базарда жүр. Қыздар киімді кішірейтумен, тігумен аздаған тиын-тебенін тауып жүр.

 Мәдениет туралы Заңда суретшілер жөнінде бір ауыз сөз жоқ

Ануар Игембаев, суретші:

– Мәдениет жөніндегі Заңға суретшілер енбегені дұрыс емес. Біз басқа жақтан келген адамдар емеспіз, еш жамандық ойламаймыз. Керісінше Қазақстанның мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген адамдармыз. Еліміздің тарихы, үлкен тұлғалардың және туған жердің көркем табиғатын суретпен бейнелеудеміз. Сондықтан суретшілерді де қолдап отыру керек. Мәселен, көне үңгірлердегі бейнелерді қарасаңыз сол замандағы суретшілердің қалдырып кеткен іздері жатыр. Соған қарап ол кездегі адамдар қалай өмір сүргенін талдауға болады. Қазір Қазақстанның қайраткері дей салады. Бұрын Қазақстанға еңбек сіңірген суретші деп атайтын. Заңда ондай бір сөз жоқ. Олардың әлеуметтік жағы қалай қорғалатыны бәрі жазылу керек қой. Мәселен, зейнетке шығуы қалай, бұларды қалай қорғауға болады дегендей. Шындап келгенде суретшілер ел мәдениетіне үлкен үлес қосып отыр. Сурет салатын балалар жан-жақты болып келеді, өмір, тарих жайлы ізденісте болады. Үкімет осы суретшілерді қолдап жіберсе жақсы жетістіктерге жетеміз деген ойдамын. Яғни, тапсырыстар беріп немесе суретшілер арасында байқаулар, пленар, симпозиумдар өткізіп тұрса. Қаныш Сәтбаев ағамыз суретші Нағимбет Нұрмағамбетовты кезінде қалай қолдады. Кейін сол кісі үлкен суретшіге айналып, халық суретшісі болды. Бұл Қаныш ағамыздың көрегендігі деп білемін. Сол сияқты жас суретшілерді демеп, қолдау көрсетіп отыру керек.

Заң суретшінің мәртебесін қорғайтындай, оның қандай қоғамдық жұмыспен айналысып, қандай пайда әкеп отырғанын нақтылап көрсететіндей болу керек. Қазір мұғалімдердің мәртебесін қорғайтын Заң қабылданып жатыр ғой, сол сияқты суретшілердің де мәртебесі жан-жақты талқыланып, дұрыс шешім шықса жақсы болар еді.

Үкімет тарапынан суретшілерге қатысты оң көзқарас жоқ

Сейсенхан Махамбетов, суретші. Астана қаласы:

– Қазір біздің қоғамда шындығын айтсаң, ешкімге жақпайсың ғой. Кеңес үкіметі тұсында Коммунистік партия иделогияның бір көзі ретінде қадағалап, суретшілердің жағдайын жасады, суретшілердің табысы жаман болған жоқ. Тәуелсіздік алған соң шығармашылық одақтарды өз күніңді өзің көр деп сырып тастады. Дегенімен, қарап отырсаңыз театр, балет, симфониялық оркестр, ұлттық музыкалық ансамблдер, кітапхана барлығы мәдениеттің саласы ретінде мемлекеттен көңіл бөлінеді. Бірақ бейнелеу өнеріне көңіл бөлінбей жатыр. Өзіміз сурет өнерін мәдениеттің бір саласы деп санаймыз. Облыстық музейлерде жыл аяғында артылып қалған ақшаларға, кейбірі әкімдерге шығып музей қоры үшін суретшілердің картиналарын сатып алып жатады. Ал мына Қастеев атындағы музейінде, Астанадағы ұлттық музейде Қазақстан бейнелеу өнерінің белгілі тұлғаларының толыққанды шығармалары болу керек. Оған мемлекеттен көңіл бөлініп жақсы картиналар сатып алынуы керек. Суретшілердің деңгейіне қарай арнайы тапсырыстар берілу керек. Ол барлық дамыған елдерде де солай. Жақсы шығармаларды қорға сатып алып отыру керек. Егер мемлекет қамқорлық жасайтын болса, Мәдениет министрлігі көңіл бөліп, үлкен жобалар өтетін болса Қазақстанның бейнелеу өнерінде көптеген тамаша шығармалар туар еді. Қазір 60-жылдары шыққан Айтбаев, Түселханов, Төлепбаевтардың сол кездегі ретро картинарын қанағат тұтып отыр. Одан бері қаншама суретшілер шықты ғой, тіптен 30-40 жылға кетіп барады, олардың бағасын беріп отырған ешкім жоқ. Суретшілер өз күштерімен шетелге, көрші елдерге шығып, әйтеу көрмелерін өткізіп жатыр. Солардың ғана аттары белгілі болады, ал Үкімет тарапынан суретшілерге қатысты оң көзқарас жоқ. 

Қазақтың сурет өнері баяу болса да алға қарай жылжып келе жатыр

Алпысбай Қазғұлов, суретші, Суретшілер одағының мүшесі:

Суретшілердің жұмысының сапасы түсіп кетті дегенге келіспеймін. Егер ол үлкен шебер болса, оның жұмысының сапасы түсіп кетпейді. Ол нәрсе суретшінің тікелей өзіне байланысты. Егер жақсы картина жасаймын десе жасайды. Мәселен, мен күнделікті щеберханаға келемін. Келгенде жаман жұмыс жасағым келмейді. Өйткені уақытым кетіп жатыр, қаншама материалдың бағасы бар дегендей. Жаман жұмыс жасасам ертең оны қайда жаратамын? Сондықтан қандай уақыт болса да жақсы дүние әкелуге тырысамын.

Суретшілер арасында плагиат жұмыстар көбейіп кетті дегенге келсем, қазір интернеттің дамыған кезі. Кейбір суретшілер Америка, Колумбия тағы басқа  бізден алыс жатқан елдердің суретшілерінің картиналарын тауып ала қояды. Кейбір суретшілер соны зеркально көшіріп алады да киім кигізіп өзгертетін кездер кездесті. Дегенімен суырып салма ақындар сияқты өз ойынан шығарып сурет сала беретіндер де бар. Қиналып, интернеттен іздеп, анадан-мынадан ұрлап, көшіріп жасайтындар да бар. Қазақтың сурет өнері баяу болса да алға қарай жылжып келе жатыр.

Қазір Астанадағы Ұлттық музейде жеке көрмем өтіп жатыр. Ұлттық музейге шамасы келмегендер кішігірім галереяларда жасайды. Қазір галереялар Алматы, Астанада, облыстарда көп. Әлеуметтік желіден суретшілердің көрмесі өтіп жатқанын көріп қаламыз, біреуі Павлодарда, біреулер Шымкентте өткізіп жатады. Дегенімен қазіргі экономикалық дағдарыстың салдарынан суретшілердің картиналары жөнді сатылмай жатқаны рас. 1990 жылдары дәл қазіргідей картиналар өтпей тұрды, кейін 2005 жылдардан бастап жақсы сатыла бастады. Сол кезде көп суретшілер жағдайын түзеді. Кей суретшілер маған картина өтпей жатыр, ешкім алмайды дейді. Сонда мен оларға бұл кезеңді адам өзіне пайдалану керек деймін. Өйткені ешкім алмаса картинаның барлығы жинала береді. Яғни жұмыстарыңның қоры жиналады. Бұл нағыз көрме өткізетін, шығармашылықпен айналысатын кезең шығар деймін. Менің де суреттерім сатылмай жинала берді, содан өткен жылдың аяғында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы көрмеңізді өткізсеңіз көмектесер едім деді. Содан жиналған жұмыстарымның арқасында көрме өткіздім. Егер шетінен сатып алып кете берсе мұндай көрме өткізе алмас едім. Сондықтан қазіргідей дағдарысты да шығармашылыққа пайдалану керек шығар. Менің балаларым, келіндерім барлығы жұмыс істейтіндіктен маған кішкене болсын жеңілірек. Ал жастарға қиындау соғатын шығар.

Бейнелеу өнерінің сапасы түсіп кетті

Сұлтан Иляев, Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Шымкент қаласы:

Суретшілердің бірінші мәселесі, бейнелеу өнерінің сапасы түсіп кетті. Бұрын Кеңес одағы кезінде көрші елдердің суретшілерімен тығыз байланыста болдық, бір-бірімізден тәжірибе алмасып, әрдайым жетілу үстінде болушы едік. Қазір бұл байланыс үзіліп қалды. Революциядан кейін Кеңес одағын қанша жерден жамандасақ та Қазақстанның бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Тек Әбілхан Қастеев болды. Ол жоғары білімсіз, халықтық суретші атанған жалғыз адам. Бізде 14 халықтық суретші шыққан, солардың он екісі Мәскеуде, бұрынғы Ленинградта  жоғары оқу орындарында білім алған. Сол кездегі ҚазССР сурет мектебі бәлембай ғасыр бойы игерілмеген сурет өнерін бар жоғы 50 жылда меңгеріп кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік мектептің арқасында жасалды. Қазір еліміздегі Жоғары оқу орындарында оқытушылықпен айналысып жүргендердің 90 пайызы сурет салуды білмейді. Қазір жеке меншік оқу ордалары қаптап кетті ғой, содан білім алғандар көп. Дипломдары бар, бірақ сурет сала алмайды. Олардан білім алып жатқан студенттер не үйренеді? Осылайша суретшілердің шеберлігі жыл өткен сайын төмен құлдырауда. Сол үшін көрші елдермен мәдени байланысты нығайту керек. Тіптен, көрші Қытай елінен де көп нәрсе үйренуге болар еді. Онда суретшілерді үш дәреже бойынша бағалайды екен. Бірінші категориядағы суретші белгілі бір мөлшерде шәкіртақы алады. Екінші, категориядағы суретші қосымша жалақы алады, үшінші жоғары категориядағылар жақсы жалақы алады және коммуналдық төлемдерден босатқан, яғни еш алаңсыз жақсы жұмыс істеуіне жағдай жасаған. Бізде де мықты суретшілер бар, соларға үкімет жағдай жасаса керемет қой. Өзі санаулы ғана адам бар, соларға жақсы жалақы тағайындаса үкімет одан кедей болып қалмас еді. Есесіне олар еліміздің мақтанышына айналатын картиналар қалдырар еді. 

Екінші мәселе, суретшілерге деген қызығушылық түсіп кетті. Бұрын Суретшілер Одағы үлкен мекеме еді, оған мемлекеттен қолдау көрсетілетін. Біздің жұмыстарды сатып алатын және тапсырыспен қамтып отыратын. Қазір біз Қоғамдық мекеме болып қалдық. Бұл «Кітап сүйер» қоғам, «Аңшылар» қоғамы, «Көгершін асыраушылар» қоғамы деген сияқты жай бір хобби сияқты болып қалды. Яғни, суретшілер деген жеке мамандық жоқ сияқты. Тіптен, Мәдениет туралы Заңда суретшілер жөнінде бір ауыз сөз жоқ. «Егер ұнаса сурет сал, ұнамаса салмай-ақ қой», деген сыңай танытады. Өзіңіз ойлаңызшы, бейнелеу өнерінсіз мәдениет қалай өмір сүреді, қалай дамиды?. Қазір жастар суретші болғысы келмейді, өйткені онымен нанын тауып жей алмайтынын біледі. Өйткені суретшілердің көпшілігі сабақ берумен күнін көруде. Сондықтан жастардың бейнелеу өнеріне деген ынтасы төмен болып тұр, олар Димаш Құдайбергенов сияқты әнші болғысы келеді. Шоу-бизнесті жөн санайды. Кеңес үкіметі тұсында суретшілер жақсы жалақы алды, және оларды бағалай білетін. Ол кезде Ә. Қастеевтің жұмыстарын 100-150 сомға сатып алатын. Қазір оның кез-келген жұмысы 500 мың доллар тұрады. Сол үшін суретшілерге үкімет қолұшын созуы керек. Сонда олар жақсы туындыларды әкелер еді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар