«Халал» су адал болмай шықты

4.jpg

"Халал су, адал болмай шықты" Астанадағы халық күнделікті тұтынып жүрген бірқатар компаниялардың бөтелкеленген сулары санитарлық талаптарға сай емес. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сәйкес, тіршілік нәрінің құрамынан қауіпті бактериялар табылған. Айта кету керек, Астанада бөтелкеленген суды саудалайтын 30-дан астам мекеме тіркелген, бірақ, жартысының ғана рұқсат қағаздары бар екен. Өнімдерінен құрт шыққан компания өкілдері болса, бұл бізге жабылып отырған қып-қызыл жала дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.      

Су алсаңыз да сапасына назар аударыңыз. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Себебі, қаладағы ауыз су жеткізуші бірқатар компанияларға тексеріс жүргізіп, дене түршігерлік деректерді жайып салды. "Халал судың" құрамынан "лямблия цистасының" белгілері анықталыпты. Аталған микроорганизм жүректің айныптып, бастың айналдырып, аллергия мен ішек ауруларын шақыратын көрінеді. Сондықтан, эпидимиологтар тек тексерістен өткен ауыз суды тұтынуға кеңес береді.      

СӘДУАҚАС БАЙҒАБЫЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

"Халал су" және "Алмазная вода" маркаларын тексерген уақытта бірқатар санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды. Нақтырақ айтсам, халал судың құрамы қышқылданып кеткенімен қоса лямблия цистасы ауруы табылды. Ал, Алмазная суына дезинфексия жасалмаған. Цехта істейтін 6 қызметкері медициналық тексерістен өтпегені анықталды. Барлық тұрғындарға берер кеңесім, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар ғана компаниядардан суды сатып алыңыз".

Алайда, "Халал судың" офисіне барғанымызда басшысын орнынан таба алмадық. Ал, телефон арқылы сөйлескенімізде өзін жетекшімін деп таныстырған маман Денсаулық сақтау департаментінің айтқан уәжін жоққа шығарды.  

"Этот факт произошел в начале февраля. Но почему-то через две-три недели опубликовали уже после того все у нас почищено, все анализы проверены. Но я считаю что это - подстава". 

Бірақ, кемшіліктер анықталса да, бактериялар табылған мекеме әлі жұмысын жалғастыруда. Ал, департамент өкілдері болса, дүкендердегі халық жаппай тұтынатын су тазалағыш аппараттардың өзін түгел тексеру керек, дейді.

СӘДУАҚАС БАЙҒАБЫЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

"Үйдің ауласында тұрған су аппараттарын алатын болсақ, ол жерде де барлық санитарлық талаптар сақталады деп айта алмаймын. Өзіңіз денсаулығыңызды қатерге тігу арқылы су сатып аласыз. Себебі, ондай құрылғыларды ешкім тексермейді. Аппараттарды шығарып, тазалап, фильтрлерін ауыстырып жатқан жан жоқ".

Демек, біз күнделікті литрлеп сатып алып, тұтынатын судың өзі денсаулыққа қауіпті болуы ықтимал. Өз кезегінде тіршілік көзіне ұдайы тексеріс жүргізіп жүрген зертхана мамандары да сүзгіден өткен суды көп мөлшерде пайдаланудың денсаулыққа тигізер әсері бар,  - дейді.    

НАЗИРА МОЛДАҒҰЛОВА, ЗЕРТХАНА БАСШЫСЫ:

«Бұл тазартылған суларды көп мөлшерде тұтынуға болмайды. Себебі органзимге барған судың құрамында тұздар болуы керек. Егерде судың құрамында ондай тұздар жоқ болса оны көп тұтынған кезде организмдегі пайдалы заттарды шайып кетеді, кальциді, фосфорды шығарып тастайды». 

Ал, қаланы толық сумен қамтамасыз етіп отырған "Астана су арнасының" мамандары болса, сапасын білмейтін тіршілік нәрін сатып алғанша, үйге тікелей келіп тұрған ауыз суды пайдалануға кеңес береді.  

УӘСИЛӘ ӘУЕЗОВА, «АСТАНА СУ АРНАСЫ» МКК ОРТАЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Астанаға беріп отырған суды негізінен «Астана су арнасының» осы орталық зертханасы тексеріп отырады. Зерттеген кезде тексерілу кезінде сағат сайын тексеріледі. Өйткені біз Астанаға беріп отырған суымыз жер бетіндегі су. Жер бетіндегі су болғандықтан ол сағат сайын кәдімгідей оны өңдеу жасалып, ауыз суға келтіру үшін біз химиялық реагенттер пайдаланып суды өңдеп содан кейін халыққа береміз».

Қазіргі таңда, өнімдерінен бактериялар анықталған екі компанияға 50 мың теңге айыппұл салынған. Бірақ, бұл өндірушілерді қаншалықты ойландыратын сома? Сол себепті, дәмі кермек татса да, ішуге қиын болса да ас үйдегі кранға келіп тұрған қара судан қауіпсіз тіршілік нәрі жоқ қазір.     



Ұқсас тақырыптар