Тараз полицейлері Қытай азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырған

4.jpg

Жамбыл облысында ұзақ уақыт бойы Қытай азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырып келген полиция қызметкерлері мен Қытай қазағы сотталды. Бұл туралы 6 наурызда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) хабарлады.

ҰҚК дерегінше, Қытайдан келетін заңсыз мигранттар арнасын Тараз қалалық көші-қон полициясы бөлімі қызметкерлері ұйымдастырған.

5 наурызда Тараз қалалық №2 сотының үкімімен осы іс бойынша көші-қон полициясы бөлімінің бұрынғы басшысы А. Зейдалиев төрт жарым жылға, оның орынбасары Б. Наурызбаев үш жарым жылға сотталды. Олар "лауазымын асыра пайдаланды" және "адамдардың заңсыз көші-қонын ұйымдастырды" деп айыпталған.

Ал Қытайда туған У. Силамбек есімді азамат "делдал" болғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған "адамдардың заңсыз көші-қонын ұйымдастырды" деген айып тағылған.

ҰҚК заңсыз жолмен келген Қытай азаматтарына Қазақстанда берілген құжат күшін жою мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.



Ұқсас тақырыптар