Бізге осы керек пе?

7.jpg

Мемлекет типологиясында «саяси автономия» және «мәдени автономия» деген ұғымдар бар. Саяси автономия  деп федеративті мемлекеттердің құрамындағы егеменді субектілерді  айтамыз. Мысалы, Ресей федерациясының құрамындағы Татарстан, Шешенстан, Якутия секілді автономиялық республикалар. Ал, мәдени автономия деп федеративті немесе унитарлы елдердегі этностардың ұлттық ерекшеліктерінің сақталуына мемлекеттік тұрғыдан қолдау жасауды айтамыз. Онда әрбір этностың тілі, ділі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына мүмкіндіктер қарастырылады. Оларға  жексенбілік мектептері, мәдениет үйлері, газет-журналдар, тіпті театрлар ашуына жағдай жасалынады.

Қазақстан Республикасы Атазаңы бойынша унитарлы мемлекет болып саналады. Сөйте-тұра, унитарлы мемлекетіміз бір кездері тарихи тағдырдың жазуымен Қазақ жеріне қоныстанған өзге этностардың тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі мен мәдениеті, баспасөзі мен әдебиетінің дамуына мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетеді. Біздегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы консультативті органы осы мақсатта жұмыс істейді.

Қазақстан мемлекетінің құрамында этностардан бөлек әртүрлі діни ағымдар да өмір сүреді. Әсіресе, халықтың 80 пайызға жуығы ислам дінін ұстанатындықтан, біздің елімізде мұсылман жамағаттарының белсенділігі жылдан жылға артып келеді. Әрбір мұсылман жамағатының өзіне тән ішкі тәртібі, діни наным негіздері, өмір сүру ережесі бар. Олар да өздерін демократиялық қоғамдағы жеке субекті санайды. Әрқайсысы алдын ала жоспарланған стратегиялық бағдарламен жұмыс жасайды. Көпшілігінде прозелетистік белгілер басым. Оның соңы жамағаттардың автономиясына әкеліп соғатыны айтпаса да түсінікті. Бұл дегеніміз рухани бөлшектенген үстіне бөлшектене түсу ғой. Ел болып, етегімізді жинай алмай жатқанымызда, бізге осы керек пе? 

 Мұхан Исахан.

Дінтанушы. PHD докторы.

ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.



Ұқсас тақырыптар