ЕРБОЛ СЫПАТАЕВ ҚАШАН «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАНАДЫ?

Ғасырлар бойы жері мен өз елдігін сақтап қалу үшін сандаған сыртқы жаулармен күресіп өткен батыр бабаларымыздың ерлік істері өмірімізден өшпестей орын алып отыр. Одан бұрынғыны айтпағанның өзінде, патша отаршылдарымен қырғын шайқастарға түсіп талай боздақтарымыз еркіндік жолында жас жанын қиса, алашымыздың арыстары кеңестік саясаттың қысымшылығына қарсы арыстандай алысып жиырмасыншы ғасырды да бастап берді. Езілген ұлттардың теңдігін қамтамасыз етеміз деген желеумен бұрынғы Ресей патшасының басып алған жерлерінің бәрін қоластына қаратып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кеңес өкіметінің казармалық социализмі орнады.

Ербол Сыпатаев.JPG

Ата-бабаларымыздың азаттық күресінен тарихи тағылым алған Алаштың арыстары да тәуелсіз мемлекет құруды аңсап күресе жүріп, ғасырдың тираны атанған Сталиндік репрессияның құрбандары болды. Алашым деп қалың қазақтың қамын ойлап олар азғана уақыттың ішінде ешнәрседен тартынбай, бастарын бәске тігіп, ұлты үшін құрбан болудың үлгісін кейінгі ұрпаққа көрсетіп кетті. 1986 жылғы желтоқсан айында жастарымыздың әділеттілік пен еркіндікті ту етіп көтерілуі, дүниежүзі санасып отырған тоталитарлық режимдегі Кеңес өкіметінің саясатына қасқая қарсы бейбіт шеруге шығуы, қазақтың ұл-қыздарының мәңгі өшпестей ұлы ерлігі деп санауымызға болады. Қазақ халқының ұзақ жылдар бойғы көкірегіне шер болып байланған рухани теңсіздігі бойды бұзып бұрқ етіп жарылуы орталықтандырылған билік жүйесінің тұғырын теңселтіп жібергені шындық. Қазақ халқының түркі елдері арасында намысы биік, жігері мықты екендігін жақсы білетін орталықтағы билік саласы осы оқиғаны естіген сәттегі халықтың дүрлігуінен қорқып, «бұл бір топ эктремистік пиғылдағы ұлтшыл элементтердің ұйымдастырғаны және олар әлеуметтік жағынан пісіп-жетілмеген студент жастардың бір бөлігін сондарынан ертіп әкетті» деген қайдағы бір миға қонбайтын «экстремистік пиғылдағы ұлтшыл элементтер» кінәлі деуге дейінгі жалалы айыптауларға барды. Адам баласының қол-аяғын құрсаулауға болғанмен ой-санасын, арманын тұмшалай алмайсың.

Сол желтоқсанның аязды күндері азаттықтың әнін айтып, дос-құрбыларымен алаңсыз бейбіт шеруге қатысқандардың, өз ойларын транспаранттарға, плакаттарға жазып алып қолдарына ұстап шыққан жастардың талап-тілектерін есі кеткен коммунистік партияның басшылары сараптай алмады. Қазақ КСР Конституциясының баптарында қаралған демократиялық бостандықтармен санаспастан, аяқ асты етіп мыңдаған мұздай қаруланған солдаттар, әскери училищенің курсанттары, милиционерлер иттерімен қосылып тарпа бас салды. Желтоқсанның сақылдаған сары аязында жүздеген жазықсыз жастар соққыға жығылды, темір тақалы етіктілердің тепкісіне түсті, қасқыр иттерге таланды, қол-аяқтары сынып, бас сүйектері жарылғаны қаншама. Солдаттар мен өзге ұлттың милиционерлерінің он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарымызға жасаған зорлық-зомбылығынан қағаз беті жиіркенеді. 1986 жылғы 19-шы желтоқсаннан кейінгі күндер кейбір зиялы қауым өкілдеріне, абыройлы азаматтарымызға «1937 жыл қайтып оралды ма» деген ой туғызғаныда рас. Себебі де жоқ емес еді. Адамдардың сыртынан аңду жүргізу, оқудан,  жұмыстан топтап шығару, завод, фабрикалардағы қазақ жігіттеріне күдікпен қарап жұмыстан шеттету, тұтқындау, соттау оларға «декабрис» деп кекетіп, мұқату адам төзбес психологиялық климат тудыру орын алды. Желтоқсан күндері болған жаппай наразылық көрсету шеруіне қатысқан жастар, олардың сөзін сөйлеп арашаға түскен оқытушылар, ата-аналары кеңестік қоғамның қысымының бәрін көрді, олар сол қиындық сынынанда сүрінбей өтті. Қазақ халқына «қазақ ұлтшылдығы» деген әділетсіз таңылған айыптау көптеген қазақстандықтардың қойған талаптарынан кейін 1990 жылы 21-ші мамырдағы КОКП Орталық комитеті ресми түрде алып тастауға мәжбүр болды.

Желтоқсан көтерілісіне қатысты деп айыпталып тұтқындалып, сотталған студенттер, жұмысшы жастар өте көп еді. Сол күндері алаңда өздерінің достарымен бірге ынтымақтастығын білдіріп қарулы әскерлерге қарсы күрескендердің арасында біздің жерлесіміз Ербол Сыпатаев та болды. Алаңға жиналған жастар жалаң қолдарымен жағаласып қарсылық танытқанымен арматурамен, күрекпен қаруланған, сақадай сайланып тұрған, үйретілген қара күшке тегеурін таныта алмады. Ербол Сыпатаев 18-ші желтоқсан күнгі тайталаста шүйдесіне тиген ауыр соққыдан жарақаттанып, 23-ші желтоқсан күні ауруханада есін жия алмай көз жұмды. Коммунистік партия басқарып отырған орталық өкіметке демократиялық талаптарды қойып, алаңға жиналған жастардың бейбіт шеруін «нашақорлар», «маскүнемдер» деп тоқпақтап қуып, қанға бөктірген тоталитарлық биліктің құрбаны болған Ербол Сыпатаев тірі болғанда биыл 55 жасқа толар еді. Ауданымыздағы Еңбекші ауылында дүниеге келіп, осындағы орта мектепті жақсы оқып бітіріп, екі жылдық әскери борышын өтеп барып Алматы қаласындағы өзі таңдаған, армандаған энергетикалық институттың студенті атанды. Алдағы өмірімде айтулы мамандыққа ие болып, еліме қызмет көрсетсем деген асыл арманын қызыл өкіметтің қанышерлерінің қылышы қиып түсті. Ерболдың 1986-ның желтоқсанындағы ызғарлы күндегі көтеріліске қатысып қаза тапқанына дәл биыл 33 жылдан асып отыр. Қазақ халқына әділетсіз таңылған айыптаулар алынып тасталғаннан кейінгі құрылған комиссияның, қоғамдық ұйымдардың жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде көптеген жалған айыппен оқудан шығарылғандар, ырықсыз жұмыстан босатылғандар орындарына оралды. «Желтоқсаншылар» қозғалысы өмірге келіп, әділетсіз жазалауға ұшырап, құрбан болғандарға ескерткіш орнатылды. Оларға тоталитарлық жүйеге қарсы ашық айқасқа шыққан нағыз батырлар деген баға берілді. Желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүріп, адам өліміне қатысы бар деп тұтқындалып, ату жазасына кесіліп, кейін 20 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталған ақын, өр намысты Қайрат Рысқұлбеков белгісіз себептермен түрме камерасында қайтыс болды. Бірақ бүкіл республика халқының ұсынысымен ерлікпен қайтыс болған ұлға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Бұл берілген жоғары награданы халқымыз батыр ұлдарымыздың ерлігіне берілген баға деп қабылдады.

Жаркент өңірінен желтоқсан көтерілісіне қатысқан батыр ұл-қызымыз Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова туралы Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Нұрәділ Бегімбетов 1991 жылы қараша айында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының органы – «Ұлағат» газетінде желтоқсан оқиғасына бес жыл толғанда жазған өзекті мақаласында көтерген мәселелерінің біршамасының шешілгендігінің куәсіміз. Ербол Сыпатаевқа туған ауылында көшеге, мектепке есімі берілді. Аудан орталығы Жаркент қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаңға Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың көрнекті ескерткіштері орнатылды. Осыдан 115 жыл бұрын Жаркент өңірінде қолына қару алып патша отаршылдығына қарсы күрескен Әтікей мен Нұржеке сияқты жау жүрек батырлардың ұрпағы, жалындаған жастығын ел тәуелсіздігіне қиған Ербол Сыпатаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілсе бұл сол батырларымызға да көрсетілген лайықты құрмет болар еді. Жазушы, журналист Н.Бегімбетовтың осыдан отыз жыл бұрынғы газет бетіне жазған мақаласындағы айтқан ойларына қылдай қиянат жасамай әлі де жүзеге аспай, қанағаттандырылмай тұрған тұсын, біздің Жаркент елі ғана емес бүкіл республика жұршылығының атынан сол күйінде беріп отырмын. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» сол, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевқа төмендегідей өтініш жолдау, біздің Жаркенттіктердің абзал борышы, азаматтық парызы.

Тәуелсіздікке ұмтылып, бостандыққа қол созған халқының ақ ниет, адал көңілін мәлімдеу жолында қаза тапқан қыршын жас, желтоқсан қаһарманы марқұм Ербол Сыпатаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілуін өтінеміз. Әділетсіздікке қарсы күрескен айбынды ұлымызға осындай жоғары құрмет көрсетілсе онда ақиқаттың ақ туы желбірегені.

 Молот СОЛТАНАЕВ,

ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

ақын, Еңбек ардагері,

«Жаркент айнасы»

газетінің Бас редакторы.  

             P.S. Жоғарыда жазылған мақалаға орай біздер Жаркент қаласындағы  «Жауынгерлік Даңқ музейінің» ұжымы, алдымызда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне орай  Желтоқсан құрбаны Е. Сыпатаевты  еліміздің ең жоғары марапаты «Халық Қаһарманы» атағына ұсынуды қолдап қайта бастама көтеріп отырмыз (Музей меңгерушісі Қ. Ибрайымжанов). Аталмыш шара 2019 жылдың 19 қарашасында Ерболдың туған ауылы Еңбекшідегі өзі оқыған мектеп табалдырығынан басталды. Мектеп ұжымы, ауылдастары, сыныптастары тарапынан қолдау тапқын осы игі бастама өткізілген іс – шарадан соң хаттама толтырылып, қолдар қойылып, мөр басылды.

        Одан әрі Жаркент қаласындағы «Жауынгерлік Даңқ музейінің» ұйымдастыруымен Алматыдан арнайы ПҚ «Желтоқсан Ақиқаты» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы Б.Құрымбаев пен облыстық, аудандық филиал төрағалары, сондай-ақ  аудандық әкімшіліктің ішкі саясат, мәдениет бөлімдерінің мамандарымен бірге ауданымыздың белгілі қаламгерлер ақын, жазушылары (Ә.Төреханұлы, И.Үркімбайұлы, М.Солтанаев, Б.Жақыбаев, Н.Бегімбет, М.Нұрсейіт, Д.Әлімжанов, С.Керімбеков, М.Қатубеков, т.б.) да шақырылып, бәрі де бірауыздан қолдау білдірген келелі кеңеске ұласты.



Ұқсас тақырыптар