Ислам және қазақ ұлты

6.jpg


Қазақ халқы ислам дінін тек сенім ретінде қабылдап ғана қойған жоқ, мұсылмандық құндылықтар тарихтың әр кезеңінде қазақ мәдениетімен бірте-бірте біте-қайнасты. Жалпы, ислам мен түркі мәдениетінің бір-бірімен жымдасуы, бір арнаға түсіп, қатар өрілуі ұзақ жылдардағы рухани процесстердің негізінде жүзеге асты. Оған саяси көшбасшылар, қазы-билер, муткәллимдер, ғұламалар, ұстаздар, молдалар, ишандар, ахундар, жыраулар, саяхатшылар, хусни хатшылар, бәдізшілер және т.б. әртүрлі саланың мамандары өз үлестерін қосты. Діни қағидалар мен үкімдердің сіңіскені соншалықты мұсылмандық құндылықтар ұлттық мәдениет пен дүниетанымыздың төл ұғымдарына айналды.    

Қарапайым ғана мысалдарға назар салып көрейікші. Айталық, доктрина мен этикамыздағы жомарт, мәрт, мырза, тәуекел, қанағат, рахым, ынсап, абзал, сабыр, абырой, момын, тәсілім, ықылас, тәубе, тәрбие, шүкір, рахмет, зиялы, парасат, риза, тәкәппар, ғайбат, мүнәпіқ, тақуа, күпір, пақыр, және т.б. араб тіліндегі діни терминдер қазақ халқының моральдік құндылықтарының әлдеқашан ажырамас бөлшегіне айналған.

Білім саласына қатысты қоданып жүрген ілім, мектеп, медресе, ғұлама, ғалым, мұғалім, ұстаз, шәкірт, мүрит, қалам, кітап, парақ, әріп, әліпби, дәріс, сауат, ақиқат, уақып, уақыт, заман, ғалам, әлем, мекен, нұр, ақыл, ыждағат, пікір, талап, ынтызар, тағылым, хабар, ақпарат, мәлімет, тәлім, мақұрым, мағына, есеп-қисап және т.б. араб тіліндегі терминдердің ислам діні арқылы қазақ халқының сөздік қорына сіңіскені айтпаса да түсінікті.

Құқық теориясы мен методологиясында қолданып жүрген мемлекет, қауым, саясат, мәжіліс, мәслихат, әділет, қазы, әкім, әмір, нақыл, әдіс, тәсіл, айла, шарғы, үкім, шара, жаза, қағида, талап, шарт, тәртіп, бап, мансұқ, санат, әдеп, ғұрып, дәстүр, хикмет, кәде, неке, талақ, нәпақа, хақы, құқық, ереже, асыл, қасам-ант, уәде, хат, әрекет, қабілет, қарар, мәміле, мүлік, мирас, шүбә, наразы және т.б. терминдерді күнделікті өмірде тікелей усул-ул-фиқһ іліміндегі арабша мағынасына сай қолданамыз.

Халқымыздың сөздік қолданысында көп пайдаланатын несібе, ризық, садақа, құрбан, махаббат, ғашық, иман, иба, тағат, ғибадат, береке, сәлем, аманат, ғаламат, мұра, тағзым, азамат, мереке-айт, мүбарак, тауқымет, тағдыр, қадір, құдірет, қысым, дұға, зат, зұлым, зобалаң, зұлмат, зейнет, лағынет, нәлет, мұқым, мәдениет, әдебиет және т.б. терминдер де ислам арқылы енген араб сөздері.

Бұл терминдердің себепсізден себепсіз қазақ халқының сөздік қорына өздігінен енуі мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес деп кесіп айтамыз. Ата-бабаларымыздың қаншама ғасырлық қажырлы еңбектенуінің арқасында аталған теминдер ұлттық дүниетанымымыздағы өте-мөте қажетті ұғымдарға айналды. Олай болса, Хақ дінсіз, ислам құндылықтарынсыз Қазақ халқының жарқын келешегін көзге елестету әсте мүмкін емес сияқты.


Мұхан Исахан.

Дінтанушы. PHD докторы.

ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.



Ұқсас тақырыптар