Саяси симптомы бар вирус

5.jpg


Саясаттанушы Әміржан Қосанов фейсбуктегі парақшасына «Бізде билік басындағылардың қиналып жатқан өз халқына деген шынайы, жанды, жүректен шығып, жүректерге жетер жанашырлығы жетіспейді!,-деп жазды.

Бізде не жетіспейді?

Дәрі-дәрмек емес. Тиісті аппарат емес. Ауруханадағы орын емес.

Оның бәрі табылар. Құдайға шүкір, қаржы бар Ұлттық қорда. Шенеуніктер жымқырмаса, ол ақша бір індетті жеңуге жетер.

Бізде билік басындағылардың қиналып жатқан өз халқына деген шынайы, жанды, жүректен шығып, жүректерге жетер жанашырлығы жетіспейді!

Байқайсыздар ма, олардың көзінде еліне деп еміренген сезім ұшқыны жоқ, сөзінде әр қазақтың жүрегіне жететіндей бір ауыз жылы сөз жоқ! Айтқандары өздері сықылды қасаң, бюрократияның иісі бұрқырап тұрған жаттанды да жансыз орамдар.

"Біз біргеміз!" деген ұран тасталды.

Шын мәнінде сұмдық індет кезінде дәрі-дәрмек, жедел көмек іздеп сабылған қарапайым халық - бір жақта, ал тиісті сақтандыруы мен қаржысы бар шенділер мен олигархтар - бір жақта боп шықты!

"Дәрі таба алмадым, ауруханаға жатқызбады!", - деген бір бастықты не байшыкешті көрдіңіз бе?

Бір-бірінен тәуелсіз, бір-біріне қырын қараған екі сословие, бір-біріне антагонист екі тап десек те болады!

Нәтижесінде симптомы әртүрлі коронавирус қасіреті тағы да бір симптомға ие боп жатыр.

Оның аты - саяси симптом!

Министр ауысқаннан, президент әкім-министрге сөгіс жариялағаннан жағдай өзгермей жатқанын халық көріп, біліп отыр.

Таза әлеуметтік сипаты бар медициналық мәселе біртіндеп саяси мән-мазмұнға ие болып барады.

Қоғамдағы коронавирусқа дейін қалыптасып қалған қарсылық пен наразылықтың нағыз катализаторы осы вирус, нақты айтқанда, биліктің былжыраған тірілігі мен қауқарсыздығы болмақ.

Жұмысы мен табыс жоқ, өзі асырап отырған өкіметтен лайықты көмек көре алмаған ашынған халық енді дәріханалар мен ауруханаларға ғана емес, митинг алаңдары мен шенділер отырған ғимараттарға қарай бет алуы әбден мүмкін.

Билік өзін, өз болмысы мен қимыл-әрекетін шұғыл өзгертпесе, 2020 жылдың саяси күнтізбегінің ең басты ерекшелігі осы болмақ!

PS. Тағы не жетіспейді?

Өз қарамағындағы шенділерге: "Сендерге сенім артамын деп мына халқымнан ұят болды! Жұмыс істей алмадыңдар! Елдің, менің сенімімді ақтай алмадыңдар! Шайнап бергенді жұта алмадыңдыр. Дереу орындарыңды босатыңдар! "Ел іші - талант кеніші", сендерден де қабілетті әрі іскер, өз мойнына жауапкершілік алып, нақты нәтижеге жете алатын азаматтарды тағайындаймын!", - деп, қолынан іс келмейтін шенеуніктерді жерден алып, жерге салатын президент жетіспейді!

PS 2. Президент осылай сөйлеу үшін енді қанша адам қайтыс болуы тиіс?!



Ұқсас тақырыптар