Алтын қазығымызды табу оңайға соқпайды

2.jpg


Бабаларымыз алғаш рет Ислам дінінің өкілдерімен Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеден өткеннен кейін он жылдан соң 642 жылы Жейхун (Амудария) жағасында бетпе-бет келген. Сол кезде «Өздері соқтықпайынша, түркілермен соғысушы болмаңдар» деген хадисті негізге алған фатх жорығын жасаушы мұсылмандар тізгін тартады. Одан соң Әмауи билігі тұсында шекара маңында қақтығыстар орын алып, ақырсоңы алапат соғысқа айналып, арабтар мен түркілер 100 жыл бойы бір-бірімен қайтпай қырқысады. Талас өзенінің бойында 751 жылы қытай басқыншыларына қарсы түркештер майданда бетпе-бет келген «Атлах» шайқасында арабтар қолтығымыздан демегеннен соң араб-түркі қақтығысы саябырсиды. Осыдан кейін барып, түркілер біртіндеп Ислам дінін қабылдай бастаған.

Түркілер Ислам дінін қабылдап, алғаш жоғары саяси ұйымды құрғанда, араб дәстүріне сай мемлекет құрған. Олар: Толуни, Сажи, Ихшид мемлекеттері. Аталған мемлекеттерді құрушылар түркілер болғанымен, мемлекет механизмі толығымен араб дәстүріне негізделген еді. Түркілердің келесі кезекте құрған мемлекеттері парсы дәстүріне сай құрылды. Олар: Самани, Ғазнауи, Ғұри, Тахири, Мәмуни, Алтунташ мемлекеттері еді. Аталған мемлекеттерді түркілер құрғанымен, мемлекеттің сипаты парсылық  дәстүрге негізделді. Бұл кезеңде парсы тілі мен парсы мәдениеті дәуірледі. Түркілер исламды қабылдап, төл түркілік негіздегі мемлекетті Қарақандықтар (944 ж) кезеңінде негізін қалады. Кейін бұл дәстүр Селжұқ, Хорезмшах, Алтын Орда дәуірлерінде жалғасын тапты.

Сонда қарап тұрсақ, Ислам діні өкілдерімен алғаш кездескен 642 жылдан бастап есептесек, түркілердің Ислам дінін қабылдап, төл түркі-ислам мемлекетін (944 ж) құруына 300 жылдан астам уақыт керек болған екен. Осы аралықта бабаларымыз қаншама рухани процестерді басынан кешірді. Қаншама саяси жағдайлардың тезінен өтті. Қаншама жан алысып, жан беріскен соғыстарды көрді. Демек, төл дүниеңмен қауышып, алтын қазығыңды табу оңай шаруа емес. Қазіргі таңда да ұзын-ырғасы 300 жылдай уақыт отарлықты басынан кешірген елімізге етек-жеңін жинап, төл ұлттық мемлекетті құру оңайға түспеуде. Әлбетте, Қазақстан – қас ұлттық мемлекетке айналуы үшін әр қазақ аянбай тер төгуге тиісті!

Мұхан Исахан.

Дінтанушы. PHD докторы.

ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.



Ұқсас тақырыптар