Праймериз - өзгеріс әкелем деген адамдардың ашық алаңы

5.jpg

 

Алматының Алатау ауданында спорт және балаларға арналған ойын алаңдары жоқтың қасы. Праймеризге қатысу мүмкіндігін пайдаланып халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізсем деймін. Бұл туралы Алматы қаласы №169 мектеп-лицейінің директоры әрі көпбалалы ана Гүлжан Бекенова сұхбат барысында айтты.

Биыл елімізде Nur Otan партиясының ішкі іріктеуі алғаш рет өтіп отырғаны белгілі. Оған Алматыдан 225 үміткер қатысуда. Оның ішінде 185 адам мәслихатқа, 45 кандидат Мәжіліске тіркелген. Сондай-ақ олардың 35,2%-ы әйелдер, 31,3%-ы жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар, көпбалалы аналар, еріктілер және басқалар бар.

Праймеризге қатысып жатқан азаматтың бірі Nur Otan партиясының белсендісі әрі Алатау ауданы Шаңырақ ықшамауданындағы №169 мектеп-лицейінің директоры Гүлжан Бекенова. Мектеп ашылған алғашқы күнінен бері сонда жұмыс істеп келе жатқан ол төрт жыл оқу ісінің меңгерушісі, кейінгі тоғыз жыл мектеп директоры қызметін атқаруда.

Партия белсендісінің айтуынша, праймериз -  айтары, ұсынысы мен идеясы бар адамдарға беріліп отырған жақсы мүмкіндік.

«Nur Otan партиясы елімізде бірінші рет праймериз өткізіп отыр. Оған партия мүшелері мен Қазақстанда сайлау құқығы бар кез келген азаматтың тіркеліп, қатысу мүмкіндігі бар. Сол себепті менде қатысып, өзімнің ойда жүрген ұсыныстарымды көтергім келді. Праймериздің де басты мақсаты сол, мықты лидерлерді, айтары бар адамдарды анықтау және соларға мүмкіндік беру. Сондықтан әр белсенді адам праймериздің мүмкіндігін пайдалану керек деп ойлаймын. Жалпы праймериз - өзгеріс әкелем деген адамдардың ашық алаңы. Оған қатысам дегендердің барлығын қабылдап жатыр. Көріп отырмыз жастар да, көпбалалы аналар да, қарапайым жұмысшылар да тіркелуде»,-дейді ол.

Г. Бекенова Алатау ауданындағы әр тұрғынды жете танып қана қоймай, ондағы өзекті проблемаларды да жақсы білетінін айтады. Сондықтан праймеризге қатысу арқылы аудандағы мәселелерді жоғарғы мінберден көтермек ойы бар.

4.jpg

«Бастысы депутат болып сайлану емес, осы мүмкіндікті пайдаланып қоғамдағы қордаланып қалған проблемаларды көтеріп, оны шешу жолын ұсыну. Белсенді адамдар көзге түсіп, кадрлық резевке алынады деп ойлаймын. Яғни, қолынан іс келетін адамдарды халық таный түседі. Қазір праймеризде үгіт-насихат жұмысы басталып кетті. Өзім бастуыш партия ұйымының бірнеше өкілдерімен онлайн режимде сұхбат өткізіп, бағдарламамды таныстырдым. Олар тарапынан сұрақтар қойылып, кері байланыс орнатылды»,-дейді мектеп директоры.

Праймеризге қатысып жатқан Гүлжан Мырзалиқызы бірнеше мәселені көтеруге бағытталған өзінің бағдарламасын да әзірлеп қойыпты.

«Менің бағдарламамның негізі – өмір салтын қалыптастыру, аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру, «Берік отбасы – берік мемлекет» қағидаттары. Мәселен, салауатты өмір салтын қалыптастыруға келер болсам, онда негізінен балалардың денсаулығын нығайту басты орында. Мысалы, менің мектебімде 2800-ге тарта оқушы білім алады, алайда біздің Алатау ауданында спорт алаңдары мен балаларға арналған ойын алаңдары жоқтың қасы. Осы мүмкіндікті пайдаланып халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізсем деймін»,-дейді ол.

Төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған Гүлжан Бекенова көпбалалы аналардың мәселесімен де жақсы таныс. Праймеризден өтіп жатса аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналардың проблемасын күн тәртібінен түсіргісі жоқ.

«Біздің ауданда көпбалалы ата-аналар өте көп. Міне, соларға әлеуметтік қолдау көрсету тұрғысында жұмыстар атқарсам деймін. Олар әрдайым біздің назарда, шамамыз келгенше көмектесіп тұрамыз. Мәселен, карантин кезінде демеушілерді ұйымдастыру арқылы 200-ге тарта отбасыға азық-түлік, киім-кешек беріп көмектестік. Оған қоса жыл сайын «Мектепке барар жол» акциясы ұйымдастырылады, биыл да аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларға спорттық киімдер мен мектепке қажетті заттар берілді. Жаңа айтқан «Берік отбасы - берік  мемлекет» қағидасы осы көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған. Оны қазір де атқарып жатырмыз, алайда кең көлемде жасауға мүмкіндік бола бермейді»,-дейді ол.

Сонымен қатар, ол балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін Алатау ауданында музыкалық мектеп пен шағын орталықтар ашсақ деген ойын білдірді.

«Егер праймеризден өтіп жатсам осындай мәселерді көтергім келеді. Алатау жаңа аудан болғандықтан балаларға арналған орталықтар жоқ, оның үстіне дарынды балалар бізде өте көп. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей өнерлі оқушыларды қолдағың келеді. Көбінің қала орталығындағы шығармашылық орындарға баруға мүмкіндігі жоқ. Осыдан 3-4 жыл бұрын демеушілердің көмегімен мектептегі әнші балаларды шетелдегі байқауға қатысуына жағдай жасадым. Олар жүлделі орынмен оралды, міне осындай өнерлі балалар өте көп, соларды демеу керек, олардың ары қарай дамуына жағдай жасау қажет. Сондықтан тым болмаса 100-150 орынды музыка мектебін ашсақ деген арманым бар»,-дейді Г. Бекенова.

Оның айтуынша, Алатау ауданындағы мектептерде оқушыларға орын жетіспейді. Мектептердің барлығында  балалар екі есе артығымен оқып жатыр.

«Біздің ауданда әсіресе ауылды жерден келген өзіміздің қара көздеріміз көп тұрады. Содан болар бізде бала туу көрсеткіші жоғары. Бала саны көбейген сайын мектепте орын тапшылығы арта береді. Мәселен, соңғы 7-8 жылда бізде 5 мектеп салынды, алайда соның өзі қазір аздық етіп отыр. Бұл мектептерде бала екі есе көп оқиды, мысалы 600 орынды мектепте мыңнан аса бала, 1200 орынды мектепте 2 мыңға жуық бала оқиды. Сондықтан әлі де мектеп керек болады. Бұл да өзекті мәселенің бірі. Егер мәслихатқа өтіп жатсам білім мекемелерін көптеп салуға күш салар едім»,-дейді ол.

Сөз арасында ол депутаттар қандай жағдай болмасын халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білу керек және оны шешу үшін әрекет етуі қажет деген ойын білдірді.

«Депутаттар халқына жақын болу керек. «Ұлық болсаң –кішік бол» дейді. Сондықтан депутаттар халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білу керек. Жақында партияішілік жиналысқа қатыстым, сонда кандидаттардың сөйлеген сөзі көңілімнен шықты. Көбі халыққа жақын, ойлары халықтың проблемасын жоғарыға жеткізіп, халықпен үкімет арасындағы байланысты күшейтуге атсалысу. Өзім де халыққа жақын адаммын. 10 жылдай мектеп директоры болдым, алдыма келген әрбір адамның мұң-мұқтажын тыңдаудан жалыққан емеспін. Біреуді қабыдамай қою деген нәрсе менде жоқ. Барынша қолұшымды беруге тырысамын»,-дейді көпбалалы ана.

Қазір парймеризге қатысушылардың үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр, 14-30 қыркүйек аралығында Алматының әр ауданында праймериз қатысушыларының пікірсайысы өтеді. Ол үшін ашық түрде жеребе тастау және қатысушыларды бөлу жүргізілді. Электрондық дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді, ал нәтижесі осы жылдың 5 қазанында белгілі болмақ. Жеңімпаздар мәслихаттар мен Парламент депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерінде болады.


Әділет Мұсахаев



Ұқсас тақырыптар