Украинада ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты

photo_72497.jpeg


25 қыркүйекте кешке Украинаның Харьков облысында Украина Қарулы күштерінің Ан-26 әскери ұшағы құлады. Бұл туралы Tengrinews.kz агенттігі "Украинская правда" басылымына сілтеме жасап мәлімдеді.

Ұшақ оқу-жаттығу әскери бөлімінің аэродромы орналасқан Чугуев қаласының маңында қонуға бет алған кезде апатқа ұшырады. Ұшақ бортында экипаж мүшелерінен басқа, Украина Қарулы күштерінің Харьков Әуе күштері университетінің курсанттары болған.

Соңғы ақпарат бойынша ұшақ апатынан 25 адам қаза тапты. "Осы минуттағы алдын ала ақпарат бойынша, 25 адам қаза тапты, 2 адам ауыр халде, олар медициналық мекемелерге жеткізілді, қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - деп хабарлайды Украинаның бас прокуроры кеңсесінің баспасөз қызметі өкілдері.

"Апат пен ауыр зардаптарға әкеп соққан ұшу және оған дайындық ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, бортта 28 адам болған, оның ішінде жеті офицер және 21 курсант. 25 адам қайтыс болды, екеуі аман қалды (біреуінің жағдайы ауыр), төрт адамның тағдыры белгісіз. Олардың өмірі үшін дұға етеміз, шұғыл көмек көрсетеміз", - деп жазды облыстық мемлекеттік әкімшіліктің басшысы Алексей Кучер Telegram-да.

Украина президенті Владимир Зеленский қайғылы оқиға болған жерге баратынын және жағдайдың мән-жайы анықталу үшін шұғыл түрде комиссия құрылатынын хабарлады. "Премьер-министрге тиісті тапсырма берілді. Іздеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ертең Харьков облысында боламын", - деп жазды Зеленский өзінің Telegram-дағы каналында.



Ұқсас тақырыптар