Әзірбайжан мен Армения қақтығысы Қазақстанға қалай әсер етеді?

e306e8e21d44de09e11459d43f1f2bc4.jpg


Баку мұнайлы өлке болғандықтан, қақтығыс салдарынан мұнай бағасы өседі деген үміт болған. Бірақ ол орындалмайтын сияқты. Брент баррелінің Нью-Йорктегі фьючерсі 42 доллардан аспай қойды.

Осыдан он жыл бұрын кез-келген оқиға мұнай бағасына әсер ете алатын болса, қазір трейдерлердің еті үйреніп кеткен. Тіпті Сауд Арабиясындағы танкерлер жарылысы мұнай бағасын аспандата алмады. Халықаралық қауымдастық көз тігіп отырған қазіргі қақтығыс Таулы Қарабақта болып жатыр. Бірақ әлемдегі негізгі котировкалар ондағы белсенді ұрыс қимылдарын шыбын шаққан құрлы көрмеді.

«Менің ойымша, бұл қақтығыс екі себеп бойынша әлемдік мұнай нарығына тікелей әсер етпейді», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. «Біріншіден, біздің байқауымызша, соңғы жылдары әлемдік мұнай нарығы мұндай сыртқы факторларға төзімді болып алған. Өзгерістерге деген сезімталдығы төмен».

«Екіншіден, Әзірбайжан мұнай нарығында керемет маңызды ойыншы емес. Бұл өзі ежелден келе жатқан қақтығыс болғандықтан, олардың арасында өзара келісім бар. Егер Армения Бакудың мұнай құбырларына тиіссе, әзірбайжандар атом электр станциясына соққы беріп жауап қатпақ»

«Бұл – өте күрделі сұрақ. Былай қарасақ, Әзірбайжан мұнай қоры жөнінен әлемдегі алғашқы 20 мемлекет қатарына кіреді. Сондықтан егер жағдай тым ушығып кетсе, нарыққа әсерін тигізуі мүмкін», – дейді GSB UIB Бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық.

Оның сөзінше, қазір осы жағдайға байланысты Ресей рублі өз құнын жоғалта бастаған. Ол оның алдындағы Белорусьтегі жағдай мен Навальныйға қатысты оқиғамен де байланысты. Бұл теңгенің құлдырауына әкеліп соқтыратын жайт болуы мүмкін.

«Менің ойымша, бұл жанжал біздің аймақтағы мұнай өндірісі үшін басқа фактормен жанама әсер бере алады», – деп жалғастырады Марат Қайырленов.

Оның айтуы бойынша, қақтығыс ресейлік техниканың заманауи деңгейін, оның Түркияда жасалған қазіргі заманғы дрондарға қарсы әуе қорғаныс жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетеді.

«Егер ресейлік қарудың бәсекеге қабілетті емес екені анықталса, онда бұл Ресейді әлемдік мұнай нарығынан лақтырып тастауға алып келуі мүмкін. Мысалы, Иранды нарықтан шеттеткен сияқты. Бұл кейін бүкіл нарықтың көрінісін өзгертуі ықтимал»

Мұнай бағасы тек Бакудегі терминалдарға соққы тисе ғана құбылмақ. Бірақ Армения ондай қадамға бара қоймайды. Себебі Ереван да әр қадамын аңдап басады және Ресейдің Арменияны барын сала қорғайтынына сенбейді. 

Қазақстанға экономикалық тұрғыдан бұл қақтығыстың тез аяқталып, бейбіт шешілгені тиімді. Себебі одан мұнай бағасы өспейді және Әзірбайжан біз үшін экспортқа жүретін шикізаттың транзитті жолы саналады.

 

Nege.kz



Ұқсас тақырыптар