Құпиялы қаза қасіреті

Ләззаттың анасын әлі күнге дейін аяусыз азаптап келеді

7 бетке - Лаззат 2.jpg

– Дұрыс айтасыздар, тоғыз ай көтеріп толғатып, құрсағыңды жарып шыққан перзентіңнің қайғылы қазасын қайта-қайта еске алу, ескі жараның аузын тырнай беру оңай тимейді екен...

1986 жылғы желтоқсанның әйгілі дүрбелеңге толы күндерінде Алматыда құпиялы жағдайда қаза тапқан қыршын жас – Чайковский атындағы музыка училищесінің ІІ-курс студенті Ләззат Асанованың анасы – Ақжазық аулындағы Жамбыл атындағы орта мектептің кітапханашысы Алтынай Асанова тәтей алғашында осылай деді де сәл-пәл бөгеліп қалды. Тереңінен тыныс ала ауыр күрсінді де, аялы жанарлары жасаурай аз-маз мұңды ойға батты. Ләззаттың сымбатты да көрікті бойжеткен болғанын алдында ғана суретінен аңғарғанбыз. Сөйтсек, анасына тартқан екен. Әдемі өңі қайғы қасіретінен бір сәт қуқыл тартқанымен бұл кісінің келбеті «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтінін» байқатқандай. Алайда, қап-қара қолаң шашының арасындағы күмістей жылтыраған ақтары әлден-ақ тағдыр тауқыметін тарқандығын аңғартып-ақ тұр.

– Дегенмен, ақиқатқа көз жеткізулеріңізге сәл де болса септігін тигізер, өзім куә болған бар жайды бүге-шігесіне дейін айтып берейін, – деп ол біраз бөгелді де «Желтоқсан оқиғасы» кезінде құрбан болған жаркенттік боздақтардың қазасының анық-қанығын зерттеуге ден қойып жүрген азамат, «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің директоры Мәлік Рақымбекұлы Балғабаев екеумізге барлай қарап алып, мұғалімдерге тән салиқалы да сабырлы мәнермен әңгімесін жалғастыра берді.

– Ләззат тұла бойы тұңғышым еді. Жасынан зерек, зейінді болды. Осы ауылдағы мектепте сегізінші класқа дейін үздік оқыды. (Ол қызының әр класты бітірген сайын алған мақтау грамоталарын, «бестік» қойылған жазба жұмыстарын алдымызға ысырып қойды). Өнерге деген ықыласы да ерекше-тұғын. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, ән салды, би биледі. Мақала жазумен де шұғылданды. Олары кезінде аудандық, облыстық газеттерде және «Ұлан» газетінде жарияланды да. Айтпақшы, домбыраны да жақсы шертетін. Ақыры, осы қабілеті арқасында 8-класты бітірісімен 1985 жылы Алматыдағы музыка училищесіне барып орыс тілінен диктанттан «бес», домбыра тарту бойынша шеберлікті сынауда «Ерке сылқымды» орындап, «төрт» алды. Сөйтіп, оқуға түсу емтихандарында тоғыз балл жинап училищеге қабылданды. Мұнда да сол баяғы алғырлығынан танбай жақсы оқыды, домбырамен қатар қобыз сияқты тағы басқа да музыкалық аспаптарды ойнауды меңгерді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысып, өз курсында сектор меңгерушісі болды...

 ...Иә, ол осылайша қызғалдақша құлпырып өсіп келе жатты. Қыздарын көзқуанышы көретін ата-анасы – қарапайым жүргізуші Оразхан мен Алтынай тәтей бұған іштей тәубе етіп, ол туралы әрбір жылы лебізді естіген сайын марқая түсетін...

7 бетке - Лаззат 3.jpg

 Кенет, иә-иә, кенеттен осынау жарасымды жарастықтың, сәулелі сәттердің бәрі күл-талқан болды. 1986 жылы қаралы желтоқсанның 23 күні Асановтардың үйіне аяқ асты суық хабарды арқау еткен жеделхат жетіп келді. «Қыздарыңыз қатты науқас. Тез жетіңіздер». Іле-шала сол күні-ақ «Сүйегін апара жатырмыз» деген жеделхат тағы да сап ете қалды.

 Осыдан біраз ғана бұрын, анығырақ айтқанда қараша айында Алматыға барып қызының аман-сау екенін көріп қайтқан қайран ананы қайғы найзағайы осып түсті. Қашан өз көзімен сүйегін көргенше сенбеді. Амал қанша, ақиқаттың аты ақиқат. Келешегінен көп үміт күткен Ләззаты боп-боз болып табытта жатты. Мәйітті сонау Алматыдан алып келіп өздерін «Мұғалімімін. Бірге оқитын достарымыз» деп таныстырғандардың «Тәтетай, қызыңыз бөлмелестері арасындағы бір кикілжіңде намыстанып, бес қабатты жатақхананың шатырынан өзін-өзі тастап жіберді» дегендері еміс-еміс есінде.

 Алайда, қызының денесін мұқият қараған кезінде байқағаны – шүйдесі ғана жарылған. Кейін, мейрам суын берген ауылдағы көпті көрген апайлардың бірі тырнақтарының қанталап, көгеріп тұрғанын айтты.

 Ләззатын жер қойнына тапсырысымен дереу Алматыға аттанбақ та болған. Алайда, аяқ астынан соққан тағдыр тегеуріні оңай ма? Ес жия алмады. Оның үстіне емшектегі Ажары да бір қолбайлау. Әйтсе де, қызының қырқы өтіп, кішкене өзіне-өзі келген соң келінін ертіп астанаға сапар шекті. Дегенмен, оқу орындағылар баяғы айтқандарынан танбады. Бөлмелерінде 90 сом қолды болыпты. Біреулер бұны Ләззаттан көрсе керек. «Осыған намыстанып түнгі сағат 11-лерде шатырдан өзін-өзі тастап жіберді» деп зар қағады жолыққандары. Тіпті бұған, яғни, анасына жазған соңғы хаты да бар көрінеді. Бірақ, айтуларынша – ол хат әлдеқалай бір министрліктің адамдарында. Сорлы ана сарыла іздеп жүріп әлгі «әлдеқалай бір министрлікті» де тапты. Ол жерде бірден көзіне түскені – түсі сұсты бір жандардың қазақтың уыздай қыз-жігіттерінен жауап алып жатқаны. Бірі бет-аузын, бірі басын, бірі қолын таңып алған байғұс балалар бірінен соң бірі бөлмеге кезекпен кіріп-шығып жатты. Бұл сол жерде қызының қолымен жазылды делінген хатпен де танысты. «Жазықсыз жабылған жаланың құрбаны болып барамын» деп қана жазылыпты онда.  

– Құдай-ау, «бөлмедегі бір кикілжіңнің» салдарынан қаза тапқан қыздың хаты, әлгібір баратын шытырман жолы да, қалың қапталған есіктері де көп, қабат-қабат зәулім үйдегі кісілерге не үшін қажет болды екен? Анық білетін туыстарымның, көршілерімнің айтуынша қызымның сүйегін әкелгенде қайдағы бір танымайтын адамдар ауылды қаптап жүріпті. Арасында тіпті орыстар да бар көрінеді. Егер өз кінәсінен қайтыс болса олар неге мұнша сонау Алматыдан ат сабылтып әуре болып жүр.., – дейді Алтынай тәте өксік ата.

 Рас-ау, айдаладағы біреудің қызының қазасына олардың неғып «қабырғасы қайысып» жүр? Жалпы сонау бес қабатты үйдің шатырынан құлаған қыздың денесіне сызат түспеуі, тек шүйдесі ғана жарылуы мүмкін бе? Әр-бірден соң Ләззаттың өлімі басқа бір кезеңге емес, дәл сол бір дүрбелеңге толы желтоқсан күндеріне тап келуі қалай? ...

1990 жылғы мамырдың 14 жұлдызында Алтынай тәте Алматыға арнайы шақырылды.

7 бетке - Лаззат.jpg

– Баспаға іздеп тауып барсам, Мұхтар аға Шаханов жұмыста жоқ екен. Қабылдау бөлмесінде отыратын Ләйлә атты қызға, тағыда бір кіріп-шығып жүрген жігіттерге жағдайымды айтып едім, олар ағаның үйіне телефон шалды: «Осылай да осылай, Ләззат Асанованың анасы келіп отыр» деп. Сөйтсе ол кісі Мәскеуден таң алдында ғана ұшып келіп, үйге енген беті екен. Киімін де шешінбестен мені Үкімет үйіндегі жұмыс орнына ертіп әкелуді тапсырыпты. Халқы үшін шырылдап жүрген абзал ағамен сол бір кездесуді ешқашан ұмытпаймын. Ол кісі әуелі маған ізденбегенім үшін ұрысты, ашуланды, тіпті ұлтымыз өкілдерінің ынжықтығына күйініп, көзіне жас та алды... Артынша-ақ сабасына түсіп, Ләззатымды ақтауға талпынудың жол-жорығын нұсқады, – деді ол осы сапары туралы тебіреніп.

– Сабыр етіңіз, заман өзгеріп келеді. Әлі-ақ Мұхтар аға айтқандай Ләззаттың аты батырлар қатарынан аталар, – дедік өзімізше рух беріп.

– Ой әкелерім-ай, онысын қайдам, әйтеуір аты жаладан ақталсыншы.., – деді қайран ана пұшайман халде.

Халқымыздың жоқтаушысы Мұхтар ағаның, Ләззат туралы республикалық басылымдарда мақалалар жазған басқа да жанашыр азаматтардың осындай батыл қадам, ізгі ойлары Ақжазық ауылының азаматтарынан қолдау табар ма екен? Өздерінің қырдың қызғалдағындай жайқалып өсіп келе жатқанда мерт болған қыздарының есімдерін озбырлық пен әділеттіліктің күресінде қаза тапқан жан ретінде есте қалдыру үшін олар қандай шараларды жүзеге асырмақ. Ендігі сөз – ақжазықтарда!

 

Нұрәділ БЕГІМБЕТОВ,

КСРО Журналистер одағының мүшесі.

1991 жыл, қараша.



Ұқсас тақырыптар