Тарихи суреттің беймәлім кейіпкері

        Желтоқсанның суық ызғары ессе бірден есімізге 1986 жылы алаңға шыққан қазақ қыздарының шыңғырған ащы дауысы мен қабаған иттердің үруі, азаттық алсақ деп армандаған жастардың жан қиналысы еске түседі. Бұл ай бейне бір қазақтың басындағы ұлы қайғының аяғы мен ұлы көшін жарыққа бастайтын ызғары іспеттес. Бұл күн – тәуелсіздіктің ақ туын көтеруге  талпынған жастардың ұлы талпынысы еді. Тәуелсіздікке тегеурін берген ұлттық намыс пен оның болашақ тағдыры сынаққа түскен сол күндері  қаншама ару қыздарымыз бен арыстай азаматтарымыздың ғұмыры жасындай жалт етті, біразы темір торға қамалды, көбісі қудаланды. Арман қуып барған талай қаракөзге өмірде өздерін дәлелдей алмайтындай жағдай тудырды. Көзінде оты бар қаракөздердің арманы сол алаңда аяқталды да... Жаркенттік жерлестеріміз Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова азаттық аспанын аңсап жан берді. Сол күндері майданның алдынғы шебінде жүріп, көлеңкеге өмірін тұмшалап, әлі күнге үнсіз, тыныштықты таңдаған желтоқсаншыларды көріп те жүрміз. Мен сондай бір оқиғаның куәгері болдым. Сол батыр азаматтарымыздың бірі – Еділбай Әбуұлы.

Еділбай.JPG

          2012 жылдар кезі болатын. Өлкемізде, яғни Жаркент өңірінде ашылған «Жауынгерлік Даңқ» музейінің дизайнерлік безендіру жұмыстарын  суретші, дизайнер Қарабалаев Еділбай ағамыз жасайтыны белгілі болды. Таныстығымыз осы кезден басталды. Мен бұл музейде қор сақтаушы қызметін атқарушы едім. Жұмыс барысында безендіру жұмысы «Желтоқсан көтерілісі» тақырыбына жеткенде, ұзақ ойланысқа түсіп, тебіреніп, іште бір булығып, сыртқа шықпаған ұлы жаңғырықтың барлығын сездіретін күй кешкен ағамыздың бұл жайын аңғарсам да, көп мән бермеппін. Қасына жақындап, жұмысын қабырғаға іліп жатқанда Желтоқсан тарихына кішігірім тоқталып, сөз еткенімізде, «Иә, бұл күн қиын болды, сұмдық болды, мен де жас едім, мынау менмін», – деп қабырғадағы суретті меңзеді. Сол мезетте мен де мән бере қоймаптым. Өйткені, өзі қалжыңбастау кісі болған соң, ол сөзін қалжың деп қабылдаған болуым керек. Содан бері арада сегіз жыл да өте шығыпты. Жылдар өткен сайын музей ішіндегі бұл бейне маған тыныштық бермеді. Бастапқыда «бұл – менмін» деп айтқан болса, мемлекеттен марапаты бар, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы азамат болғаны ғой деп жүре беріптім. «Әлде қалжыңдады ме екен?» деп өз-өзіме сұрақ қойып қоям. Бақылап қарасам сол сурет Еділбай ағаның жас күнін айнытпай салып тұр. Аяғында зерттей келе, расымен де сол тарихи фотосуреттегі азамат осы кісі екеніне көзім жетті. Ол – қазіргі Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы. Ол кезде Еділбай Әбуұлы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының студенті екен. Тарихи фотосуретте алаңда екі жағында алдыңғы шепте тұрған студент шақтағы жолдастары Өскемендік Ғазиз бен Талдықорғандық Тілес деген батыр азаматтарымыз екен.

Едик 2.JPG

Бүгінде ол Қазақстан дизайнерлері Одағының мүшесі. Өз мамандығының майталманы. 2007 жылдан бері Алматы облысындағы бірнеше музейдің көркемсуреттік безендіру және реставрация жасау жұмыстары бойынша еңбек істеген екен. Атап өтсек, Алматы облысындағы Ілияс Жансүгіров, Н.Алдабергенов, Алакөл ауданындағы Қабанбай батыр музейі, Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы Д.Қонаев атындағы музей, ақын Сара музейлерінің қабырғаларына өз қолтаңбасын, «Жетоқсан көтерілісінің» айқын көрінісін тайға таңба басқандай қалдырған.

Бүгінде үйлі болған, екі қыздың әкесі, жұбайы Бэлламен әлі де көп  жоспарлар құрып, еңбегін халқының кәдесіне жаратуды мақсаттаған. Сол ызғарлы күні көптеген қазақ қыздары мен жігіттерінің қайтпас қайсар мінезі мен жеке дара қаһармандықтарына көз жеткізген.

«Қазақтың қыздары мен жігіттерінің бойында жаудың мысын басатын ерекше қасиеттер басым. Бұл қасиет қазаққа ғана тән қанмен дарыған, ұлттық тәрбиемен сусындап өскен небір ауыл жастарының бойынан табылды. Менің қасымда әлі де тыныштықты жанына пана еткен көп мықты азаматтарымыз бар, соққыны да, қудалауды да көрді, бірақ налымады. Олардың қасында мені Құдай көп нәрседен сақтады. Ең бастысы – біз көрген күннен жарқын күн орнады, енді болашағымыз жарқын болса деп тілейміз», – деп сөзін аяқтады желтоқсаншы Еділбай Әбуұлы.

Едик 3.JPG

Осы күнге дейін осы тарихи сурет ерлігі мен өрлігін дәлелдесе де Еділбай Әбуұлы тәуелсіз мемлекеттен еш марапат көрмеген, тіпті сұрамаған да. Оның қасындағы алдыңғы шептегі азаматтар да қарапайым қалпын сақтап, өмір сүрулерін жалғастырып келеді екен. Уақыт өте келе, бұл суреттің тарихы тереңінен ашыла бермек. Әлі талай алаш батырларының тағдыры айқындалады, тек уақыт еншісінде...

Ж.АСҚАРБЕКҚЫЗЫ,

                                                                        «Жауынгерлік Даңқ» музейінің

ғылыми қызметкері.



Ұқсас тақырыптар