Семей «сілкініске» зәру

photo5399955982492218147.jpg

 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың күллі Қазақстанды жыр арқауы еткен «Алтай-Атырау» деген поэмасы бар. Сонда мынадай жыр жолдары кезігеді:

Ойхой, Абай даласы, «Абайлаған»,

Семей десе, Абай деп қарайды адам, - десе, тағы бірде

Анау жатыр атақты Семей деген,

Семей десе бүлкілдер көмейде өлең, - деп толғайды. Расымен, республикамыздың шығыс бөлігінде орын тепкен  Семейді тілге  тиек еткенде, қазақтың бас ақыны Абайымен, шежіреге толы Шәкәрімімен, мұхиттай сұңғыла Мұхтарымен, махаббат дастаны майталманы Әзілхан Нұршайықовпен және сол өңірден шыққан алуан түрлі өр оғыландарын еске түсіреміз.

 

Қазақ әдебиетінде 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында  Семейде суырыпсалма ақындар тобы болғандығы туралы деректер кезігеді. Бүгінде сол саңлақтардың жалғасы жазба және айтыс ақындары өз қолтаңбаларын қалдырып келеді. Атап айтсақ, Серік Қалиев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Сара Тоқтамысова, Ринат Зайытов деп тізе берсе, талай жерге баратын ұлт мақтаныштары бар. Кейде сонау зұлмат зардабын шектірген ядролық полигонды осы өлке арқылы сынап,  көп дарындарды  дүниеге әкелген ең қастерлі топырақты әдейі  таңдап, киелі жерді құрту болған деген ойға бірден берілесің. Яғни, бір сөзбен айтсақ, Семей - тағдырлы қала.

 photo5399955982492218149.jpg

«Абай» мешітінің шымылдығы түрілді

 

Бұл күндері күрең тартқан шаһардың шамшырағы ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамында қайта жарқырады десек, артық айтқандық емес. Ұлық мерекеге орай, қаланың хақ төрінде "Абай Құнанбайұлы мешіті" ашылды. Екі жарым жыл бойы Алланың үйін ашуға арда азамат Дулат Тастекеев мырза мен оның әулеті мұрындық болса, «Assyltas» қоғамдық қоры демеуші болды. Айтулы 2500 орынды мешіт Семейдегі сәулетті ғимарат болумен бірге, алдағы уақытта туристер табан тірейтін тарихи нысанға айналмақ. Әрі бұл тарту-таралғы дана Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналады. Баба алдындағы бір парызын орындаған перзент Дулат Тұрсынұлы:  «Қазақ әрдайым кез-келген затты жақсы ырымға балаған. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген даналықтың  нақ шындық екеніне көзіміз әбден жетіп болған ғой?! Бұл аяқталған істі де татулық пен ауызбіршіліктің, ынтымақтың бастамасы деп қабыл алайық. Ру руға, аудан ауданға бөлініп, болмайтын жерде қырықпышақ болатын қасиетіміз жоқ емес, бар екені хақ. Дегенмен де осы құрылыс барысында ұлттық кодымызда қалыптасқан береке мен бірліктің тамырының тереңде екеніне анық көзіміз жетті» - деп, ойында жүрген отты лебізін жеткізді. Салтанатты игі шараның басы-қасында жүріп, имандылық бастауына ақ тілек жаудырғандар сапында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман және өзге де зиялы қауым өкілдері болды.

 photo5399955982492218151.jpg

«Жақсылық жасап жарысайық...»

 

Бір айта кетерлігі, Семей өңірінде бұдан өзге тағы екі мешіт бой көтерген. Бірі - Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылындағы "Құнанбай қажы" мешіті болса, келесісі Құндыздыдағы "Байтөлек қажы" атын иеленген құлшылық мекені. Мешіт - мұсылман қауымның Раббымызға құлшылық жасап, шынайы тәубаға келіп, дұға тілейтін мінәжат үйі. Міне, осындай екі дүние бақытына жол көрсететін ғибадат үйін салған адамдарға қатысты Мұхаммед Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» дейді. Негізі, мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят). Руханият пен ізгіліктің ордасы - өскелең өренді тек алға бағыттайтын даңғыл,  ұрпаққа көрсетілген сара жол.

 photo5399955982492218152.jpg

«Семейді өркендету қажет»

 IMG_4044.JPG

Жақсылықтың жаршы болып, дүйім жұртшылыққа жағымды жаңалықпен бөліскенімізбен, көңіліміз күпті болып,  бір "әттеген-айымыз" қалып қойды. Ол - Шыңғыстаудың бөктеріндегі, Ертістің жағасындағы Семей қайта жанданса деген өзекті ой. Ойқыш-ұйқыш жолдар, құлауға аз-ақ қалған ескі үйлер, көзге қораш көрінетін жамау-жамау көріністердің бәрін тегіс жаңаласақ, нұр үстіне нұр болары даусыз. Мұнда мәдени-рухани ошақтарды молайта беру керек. Бір көпір салынғалы да біраз жыл өтіп кетті. Республикамыздағы тастанды баладай, жетімнің күйін кешкен Семейге аялы алақанның жылуы мен мейірімді жүректің ыстық шуағы жетіспей тұр. Рухани жаңғыру бағдарламасының да бір тармағы - тарихи мекенді қайта жандандыру емес пе?! Ендеше осы лекке қарт Семей де кірсе дейміз. Ия, Семей - өлең. Семей - тұнған тарих. Семейге осындай үлкен сілкініс  қат-қажет болып тұр.

 

Арай ЖҰМАШҚЫЗЫ, журналист


Ұқсас тақырыптар