Отандық спортшылар елордадағы жаттығу базасынан айырылып қалуы мүмкін

Велотрек Сарыарка (фасад).jpg


Токиодағы Олимпиадалық ойындарда қазақстандық атлеттер тартысқа қатысып, жүлде алып, отандық спорттың беделін арттырып жатқан кезде Қазақстанның спорттық өмірінде үлкен жанжал болғалы жатыр.

 Мәдениет және спорт министрлігінің шенеуніктері елорданың ірі нысандарының бірі – «Сарыарқа» стадионын осы жобаның бастамашысы болған Қазақстан велоспорт федерациясының басқаруына беруді жоспарлап отыр. Осының салдарынан жүзгіштер, мәнерлеп сырғанаушылар және таеквондошылар жаттығу базасынан айырылады, демек бүкіл спорт кешені велокомандаларға қызмет көрсетуге ғана қайта жабдықталуы мүмкін.

 Шенеуніктер неге мұндай шешім қабылдады және МЖӘ жобалары ел үшін тиімді бола бермейтіні жайында материалымыздан оқыңыздар.

 «Сарыарқа» – астаналық спорттың орталығы

Жақында редакциямызға елімізде отандық спортқа қатысты үлкен жанжал болатынын баяндайтын бірнеше құжат келіп түсті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі сенімді көзден алынған құжаттарға зер салсақ, 2021 жылы ел үшін бірегей сәулет және спорт нысаны – «Сарыарқа» республикалық велотрегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілетіні анықтылды.

 О баста бұл қандай спорт кешені еді,  еске салайықшы. Велотрек Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында 2011 жылы бой көтерген. Аталған спорттық көпфункциялы кешен әлемдегі үздік спорт кешендерінің бірі ретінде танылған.

 Кешен қос нысан – велотректің өзі және мұз айдыны аренасынан тұрады. Ғимараттың көпфункциялылығы трек аренасын өзгертіп, мұнда бірде бокс шаршы алаңын, дзюдо татамиін, гимнастикалық кілем, баскетбол, волейбол алаңы немесе концерт залын ұйымдастыруға болады. Қазіргі кезде спорт кешенінде велоспорт, таеквондо, мәнерлеп сырғанау, жүзу және функционалдық тренингтердің секциялары жұмыс істейді. 

 Басқаша айтқанда, спорт кешенінде пайдалануға берілген уақыттан бастап, қызу тіршілік жүріп жатты, кәсіби спортшыларды баптау және әуесқойларға жаттығу ұйымдастыруға белсенді пайдаланылды. Бірақ енді жаттығулар залына құлып салынуы мүмкін.

 Бұған себеп – спорт саласындағы жекелеген шенеуніктердің спортты қазақстандықтар үшін қолжетімсіз ету ниеті. Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарында – «Сарыарқа» кешенін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде сенімгерлік басқаруға беру.

 Мемлекеттік -жекеменшік әріптестіктің өзі – мемлекетке әлеуметтік салаға кететін шығындарды азайтуға көмектесетін жақсы жоба, бұл ретте  балабақшалар, мектептер және спорт алаңдары құрылысы тоқтамай, жалғасады. Бірақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының барлығы бірдей қоғамға тиімді, ең бастысы пайдалы бола бермейді. «Сарыарқа» кешенін мемлекеттік есеп басқаруға бермеудің ең кем дегенде үш себебі бар.

 Жасырын жоба

 Жобалар мемлекеттік және ішінара бюджеттен қаржыланатындықтан кез келген МЖӘ жобасы ашық жүргізілуі тиіс. Қазақстанда МЖӘ жобалары жөніндегі оператор ретінде «Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» белгіленген. Орталықтың сайтында жоспарланған және іске асырылып жатқан жобалардың тізілімі жарияланған. Бірақ онда «Сарыарқа» кешені тағдырына қатысты мәліметтер табылмайды.

 Міне, бұл жобаның алғашқы оғаш тұсы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2021 жылдың маусымында жобаның басталғаны туралы хабарламаны орталықтың интернет-ресурсында орналастыру туралы өтінішпен хат жолдады. Бірақ бұл жұмыс іске асырылмады.

Ешқандай ресми хабарландыру болмады, бірақ Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан велоспорт федерациясының» МЖӘ жобасындағы жеке серіктесті анықтау жөніндегі келіссөздерге қатысуы туралы өтініші бойынша қорытындысы бар. Басқа қатысушылардың өтініші туралы ешқандай ақпарат жоқ. Бәлкім басқа қатысушылар мүлде болмаған және жоспарда жоқ. Оның үстіне ресми жоба белгіленбесе, әлеуетті қатысушылар қайдан пайда болады?

 МЖӘ бойынша бір ғана әлеуетті серіктес – велоспорт федерациясының қатысуын ескерсек, жобаның екінші оғаш тұсы, екінші проблема туындайды. «Сарыарқа» республикалық велотрек базасында UCI халықаралық спутниктік орталықты ашу және балалар спортын дамыту орталығын құруды көздейтін жобаның өзі.

 Бұл не өзі? Велоспорт федерациясы жобасының презентациясында UCI орталығы «болашақ Олимпиада жұлдыздарының трамплині» болады делінген. Бірақ бұл орталық бір ғана спорт түрі – велоспорт өкілдері үшін ғана трамплин болмақ.

Жоба бойынша құжаттарда орталық спорт механиктері, тренерлер және спорт-директорларын дайындайды, сондай-ақ «Баршаға арналған велоспорт» және «Пара-велоспорт» бағдарламаларын іске асырады.

 «Сарыарқа» базасындағы орталық велосипед спортына бейімделеді, онда шоссе, трек, маунтинбайк, ВМХ, триал және велокросс бойынша жаттығулар жүргізіледі.

 Аталған тізімге зер салсақ, онда мәнерлеп сырғанаушылар, балуандар мен жүзгіштер туралы бір ауыз сөз айтылмаған.

 Бәлкім басқа спорт түрлерінің өкілдері балалар спортын дамыту орталығы аясында жаттығатын шығар? Егер МЖӘ жобасының мақсаты болашақ олимпиада чемпиондарын дайындайтын трамплин болса, онда бұл таптырмас идея. Бірақ бұл жерде де әттеген-айы бар – құжаттарда: «Балалар спортын дамыту орталығы МЖӘ жобасының әлеуметтік құрамдас бөлігі саналады, ол дарынды балаларды іріктеу және ерте жастан Ұлттық олимпиадалық резервті қалыптастыру үшін тұрмысы төмен, мүгедек және жетім балалардың велоспортқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді» делінген.

 Велосипед спортынан басқа спорт түрлеріне қатысты ештеңе жазылмаған. Демек, «Сарыарқа» кешені базасында МЖӘ жобасын іске асыру велошабаңдоздардан басқа барлық спортшыларды – кәсіби спортшылар мен әуесқойларды жаттығу базасыз қалдырады.

Спорт құлдырауына не себеп?

 МЖӘ жобасының қазіргі нұсқасы отандық атлеттердің халықаралық жарыстардағы жеңістерімен бүгінгі жағдайды нашарлатуы мүмкін. Айтпақшы, Олимпиадалық тартыстарға зер салсақ, жүлде қоржынымыз бос.

 Жыл өткен сайын олимпиадалық ойын түрлері бойынша ұлттық құрама командаларында жеңіп алған медальдар сан және сапа бойынша төмендеп барады. Бұл қазақстандық спортшылар өз салалары бойынша лидерлікті жоғалтып келе жатқанның белгісі.

 Осындай мүшкіл жағдайды 2018 жылы өткен Азия ойындарының нәтижесі растайды. Сол кезде Қазақстан жалпы командалық есепте тоғызыншы орын еншіледі, ал оған дейін Азия елдері арасында үздік бестікте сенімді көрінетін.  Ал 2020 жылғы қысқы жасөспірімдердің Олимпиада ойындарында қанжығамызда бірде-бір медаль болмады, ал осыған дейінгі жасөспірімдер додасынан 5 медаль болған-ды.

Тағы бір мысал – тұтастай алғанда халықаралық жарыстарда Қазақстанның медальдар саны күрт төмендеген. Егер 2018 жылы отандық спортшылар түрлі халықаралық жарыстарда 165 алтын, 152 күміс және 201 қола медаль жеңіп алса, 2019 жылы – 133 алтын, 167 күміс және 188 қола медаль болды. Енді алтын медальдар, жалпы жүлделі орындар азайды.

 Велоспортқа басымдық беріп, басқа спорт түрлерінің мүмкіндіктерін шектеу (бізде барлық спорт түрі бойынша жетістіктер төмендеп барады) – салалық министрлік тарапынан жасалған қисынсыз шешім.

 Әрине, велоспорт федерациясының ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жазған хатында «нысанды күрес және атыс бойынша олимпиадалық құрамаларды даярлау үшін ақысыз негізде беру, бұл осы спорт түрлері бойынша жұмысқа кедергі келтірмейді» делінген.

Бірақ бұл екі ғана спорт түрі ғой – қалған спортшылар елеусіз қалды.

Спорт бойынша әріптестерге зиян келтіретін лобби – басқа спорт түрлеріне зиян келтіре отырып, бір спорт түрінің мүддесін күйттеу. Редакциямызға түскен құжаттардағы ақпаратқа сәйкес «Сарыарқа» кешенін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша басқаруға беру бастамасын велотрек федерациясының өзі көтерген. 

 Бүтін заманауи спорт кешенін басқаруға алып, велоспортқа қатысы жоқ спортшыларға жаттығу жасатпау үшін федерация мемлекеттен операциялық шығындар өтемін алады. Біз айтып отырған сома 19,5 млрд теңгені немесі 2 млрд-қа жуық теңгені құрауы мүмкін.

 Белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұлов басшылық ететін спорт федерациясы, өз федерациясы үшін мемлекет салып берген спорт  кешені үшін осындай соманы мемлекеттен жыл сайын алып отырады.

 Егер жоба қазіргі нобайында іске асырылса, онда бұрын бірнеше спорт түрі бойынша мықты спортшыларды дайындап отырған нағыз ұстаханада бір ғана спорт түрі үшін «трамплин» пайда болады. Өйткені бір спорт түрі айналасында мықты лобби бар.

 Мәдениет министрлігі жауап беріп, ұтылып жатыр

Әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде материалды дайындау кезінде блогерлер велоспорт федерациясына «Сарыарқа» кешенінің берілуі мүмкіндігін қызу  талқылай бастады. Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрлігі ситуацияға қатысты пікірін білдірді. Егер қоғам тарапынан наразылық болмаса, жоба жасырын жүргізілер еді деген пайымдау бар.

 «Қазіргі кезде тікелей келіссөздер процесі іске асырылып, сонымен қатар жекеменшік әріптестікке талап қойылып, есептеулер талдауы жүріп жатыр. МЖӘ механизмі аясында нысан жекеменшікке алу құқығынсыз операциялық басқаруға ғана беріліп отыр», – деп жазылған министрліктің хабарламасында.

 Сондай-ақ ведомство нысандағы спорт құрамы, соның ішінде 17 жаздық олимпиада спорт түрі бойынша спортшылар жаттығатын олимпиадалық даярлау орталығының өзі «бұрынғыша министрліктің құзырында қалады» деп атап өтті.

«Жобаны іске асыру барысында олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары аталған нысанға кедергісіз қол жеткізе алады, бұл олимпиада резервін дайындауға әсер етпейді», – деді министрлік өкілдері.

Дегенмен, мұндай түсіндіру жаттығу базасын жоғалту қаупін сейілтпейді. Біріншіден, велоспорт федерациясы жобасында үш спорт түрі – велоспорт, күрес және ату бойынша жаттығу туралы ғана айтылған. Екіншіден, олимпиадалық даярлық орталығы «Сарыарқа» кешенінен ғана емес, сондай-ақ елорданың сол жағалауындағы «Qazaqstan» жаңа жеңілатлетикалық спорт кешенінен тұрады.

Қалған спорт түрлерін «Сарыарқадан» шығарып, «Qazaqstan» кешеніне көшіру әбден мүмкін.

Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі мұндай түсіндіруден кейін оқу-жаттығу базасын жоғалту қаупі мүлдем жойылмайды.



Ұқсас тақырыптар