Үндістанның әрекеті алаңдатуда: Мәскеу Дели жаққа қарап отыр

Украинамен соғысқа байланысты Еуропа елдері Ресейдің мұнайын сатып алуды азайтты. Кейбірі тіпті мүлде тоқтатты. Мәскеу жаңа нарық іздеді және оны Дели мен Бейжіңнен тапты.


1-й миллион тонн чаяндинской нефти поставили по ВСТО

 

Ресей мұнайын сатып алу бойынша Қытай бірінші орынға, Үндістан екінші орынға жайғасты. Алайда соңғы айларда Үндістан Ресейден мұнай алуды азайтуда. Танкерлердің мұнай тасымалдауы арқылы жүзеге асатын процесс көлемі азайған. Бұл Үндістанның Ресейден мұнай бағасына байланысты жеңілдік сұрауымен және Батыс елдерінің Үндістан банктеріне санкция саламыз деуімен байланысты. Сонымен бірге соңғы уақытта мұнайды заңсыз тасымалдаған ондаған танкерге және компанияларға санкциялар салынған.

 

Қазіргі сәтте Үндістан Ресейдің ВСТО сұрыпты мұнайын алуын тоқтатқан. Шығыс Сібір - Тынық мұхиты (ВСТО) құбырына және мұнай шығару аймағына байланысты атауға ие болған мұнай сұрыбын Үндістан соңғы екі айда мүлде сатып алмаған. 2023 жылы Үндістан күндігіне аталмыш мұнай сұрыбының 95 мың баррелін, ал 2022 жылы 60 мың баррелін сатып алып келген. Алайда 2024 жылдың қаңтар және ақпанында аталмыш мұнай сұрыбын сатып алуды тоқтатқан.

 

Бұл мұнай сұрыбының бағасы Dubai сұрыбының бағасына байланған. Аталмыш сұрып Украинадағы соғыстан кейін дисконт бағамен сатылып келді. Алайда Үндістан дисконт бағадан да төмен бағамен сатып алғаны белгілі болды.

 

Соғыс басталғаннан кейін дәл осы мұнай сұрыбын сатып алудан Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ және бірқатар Еуропа елдері бас тартты. Үндістан керісінше көбірек сатып алуға тырысты және Мәскеудің қаржылық жағдайы Дели мен Бейжіңнің шешімдеріне байланысты екенін түсініп, көбірек жеңілдік сұрады.

 

2023 жылдың соңында АҚШ Ресей мұнайына қойылған шекті бағаны сақтауды талап етіп, санкциялық қысымды арттырды. Осыған байланысты Үндістан ресейлік тағы бір мұнай сұрыбы Sokol-ды сатып алуды азайтты. «Роснефть» пен Indian Oil компаниялары екі ай бойы келіссөз жүргізіп, 10 млн баррель мұнайды сатып алуға қатысты келісім жасаса алмады. Ақыры ол мұнайды Қытай компаниялары жеңілдетілген бағамен сатып алды.

 

Үндістан мен Ресейдің мұнай сату және сатып алуға қатысты келіспеушілігінің бір себебі тауарды төлеу валютасына қатысты  болып отыр. Үндістан рупиймен төлеуді қалайды, алайда Ресей ол валютаны санкциялық жағдайда конвертизациялаудың өте қиын екенін айтып әлек. Сарапшылар Үндістанның ресейлік мұнайдан бас тартуы Мәскеуді қатты алаңдатып отырғанын жазуда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар