Қытай қаржыландыратын Конфуций институттарын жабу керек

Соңғы жылдары, әсіресе Ши-дың билікке келуінен бастап Қытай үкіметі сырт елдерге ықпалын көзсіз түрде арыттыру үшін барынша жанталасып жатыр. Қытайдың сыртқа кеңеюіндегі бір тәсілі - "жұмсақ күш" қолдану саясаты. Қытай үкіметі қолданып отырған осы "жұмсақ күштің" бірі, әрі бірегейі осы Конфуций инититуттары (孔子学院) арқылы жүргізіліп жатқанын біреу білсе, біреу білмес.

Қытай үкіметі Конфуций институттарын Кұңзының философиясын дәріптеу, Қытай тілін үйрету, Қытай мәдениетін таныстыру деп желеу еткенімен, шындығында Конфуций инититуттары Қытай Коммунистік Партиясының саяси идеясын және Қытай Коммунистік Партиясының (Қытай халқының емес) атеистік дүние көзқарасын тарататын құралға айналуда. Мұнымен қоймай Қытай осы Конфуций институттарын сол елдің ішкі жағдайын бақылап, Қытай үкіметіне ақпарат жіберіп тұратын тыңшылық агенттері ретінде пайдаланып отыр. Қытай үкіметінің Конфуций институттарын осындай арсыз мақсаттарға пайдалану әрекеті халықаралық дәрежеде анықталып, көптеген елдер Конфуций институттарын жауып жатыр.

Жақында АҚШ-тың бірнеше штаттары университеттеріндегі Конфуций институттарын жауып тастады. Ал бірнеше күннің алдында ғана АҚШ-тың халқы Трамптың Ақ Үй үкіметіне хат жазып, АҚШ-тағы Қытай үкіметі құрған барлық Конфуций институттарын жауып тастауды сұрады, әрі бұл қимыл барған сайын үдеп келеді. АҚШ сарапшыларының сараптауы және тәжирбесі "Конфуций институттары АҚШ-тық азаматтардың ұстанымын құрметтемей, керісінше Қытай Коммунистік Партиясының идеологиясын жұмсақ зорлықпен ептеп үгіттейтіндігінен, әрі Конфуций институттарындағы Қытайлар Қытай үкіметіне жасырын мәлімет жіберіп, тыңшылық істейтіндігін" дәлелдеген. Қызығарлығы бұл қорытындыға АҚШ-та тұратын қытайлықтардың өзі де құба-құп келіскен. Қазір АҚШ-та жүздеген Конфуций институттары бар екен, олар АҚШ-тың әр штаттарына бытырай орналасқан.

Бір жылдан бері АҚШ үкіметі Қытай үкіметінің АҚШ-тағы бизнестік сатып алуы мен қаржы құюына қатысты қатаң шектемелер қоюда, себебі сарапшылар бұл Қытай компаниялары АҚШ-тағы еркіндікті пайдаланып, заңсыз істермен шұғылдануы және тыңшылықпен айналысуы мүмкін деп шешкен. АҚШ, Гермения және Еуропа елдері "Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасы Қытай үкіметі басқа мемлекеттердің мүддесін шетке қағып тастап, тек өз пайдасына шешкен мегажоба, ол бізге үйлеспейді, біз қарсымыз" деп ашық айтты, сонымен Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасы орындалмайтын жобаға айналуы мүмкін екені барған сайын айшықталуда. Бұл жоба қазір тоқырап тұр. Сонымен бірге бұл ел үкіметтері өз халқын Қытайдың "ХуаУей" және "ЖоңШин" брендтті қол телефондарын қолданбауға шақырды, себебі бұл қол телфондар тұтынушылардың барлық мәліметтерін, үн-видио файлдарын және фотоларын ұрлап Қытайдағы серверге тасып әкетеді екен. Сондықтан Қытайдың "ХуаУей" және "ЖоңШин" телефондарын, басқа да Қытайда жасалған қол телефондар мен компьютерлерді пайдаланбаған дұрыс, себебі осындай жасырын ұрлау тетіктері Қытайдың барлық өніміне орналастырылған болуы әбден мүмкін.

Оңтүстік Африка үкіметі Қытайдан сатып алынған компьютерлердің құжаттарды ұрлап Шаңхайдағы серверге таситындығын анықтап, сотқа берді. Бұндай істер көптеп кездеседі. Қытайдың "ХуаУей" және "ЖоңШин" компаниялары Қытай үкіметінің әскери органы жағынан қаржыландырылған, тіпті олардың кезіндегі Ирак Саддам үкіметімен Талибан ұйымдарына техникалық көмек бергендігі де әшкерленуде.

"ХуаУей" АҚШ-тың "Сиско" компаниясының техникасын ұрлап жатқанда ұсталып қалып, халықаралық сот болғаны да тіркелген дерек. Айта кетерлік тағы бір жағдай, Қытай үкіметі үгіттеп жүрген "Big Data" және "Artificial Intelligence" (AI) дегендер ұрлықтың жоғары техникалық түрінен басқа еш нәрсе емес.

Қорыта келе, Қазақстандағы Қытай қаржыландырған Конфуций институттарын жабу керек немесе оларды қатаң бақылауда ұстау керек. Себебі жоғарыда айтылды. Біз қазақстандықтар Қытайдың "ХуаУей", "ЖоңШин" қолфондарын және басқа да брендттегі компьютерлерді істеткенде сақ болуымыз керек. Ал Қытайдың "УиШат" (WeChat) программасы қолфоныңыздағы мәліметті, жазған, айтқан сөздеріңізді, тіпті қолфондағы барлық мәліметті көшіріп әкететіндігін де ескере жүріңіз. Қытайдың адамды тез табуы, ақпарын біліп қоюы осы қолфон, компьютер және "УиШат" секілді программалардың біртұтас ұштасқан ұрлық тетіктеріне байланысты екенін ұмытпаңыз.


Сайран Қожбеков

Abai.kz


Ұқсас тақырыптар