Чжан Ханьхуэй мырзаның елшілік қызметінен мерзімінен бұрын кетуін талап етеміз!

Қытай Халық Республиксы

Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға

Қазақстан Республикасы

Сыртқы істер министрі

Қ.Қ. Әбдірахмановқа

Қазақстан азаматтары атынан

 

АШЫҚ ХАТ

Қазақстан мен Қытай ежелден көрші, дос ел. Қытай Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезде, сол тәуелсіздікті алғашқылардың бірі болып мойындап,  дипломатиялық байланыс орнатқан мемлекет.

Сол шынайы достық пен қарым-қатынастың арқасында екі елдің де экономикасы қарыштап дамыды, шегарасы бекіді. Әсіресе, екі елде бөлініп қалған этникалық қазқтардың барыс-келісі жиілеп, әлемдік заңнамалар аясында көші-қон саясаты жолға қойылды.

Өкінішке орай, сол соңғы бір-екі жылдың көлемінде Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтардың саяси қысымға ұшырауы біздің көңілімізге қатты қаяу түсірді . Нақтылап айтсақ, арғы беттегі туыс-туғанмен барыс-келісті былай қойып, телефон арқылы сөйлесудің өзі мұң болып отыр. Байланыс түгел үзілді...

Мұндай жағдайда, осы елдегі халықтың арыз-арманын тыңдап, екі ел басшыларына жеткізетін, өзі елшілік қызметін өтеп жатқан елдің саяси жағдайы мен тұрақтылығы туралы мемлекет басшысына дұрыс ақпарат жеткізетін, сөйтіп, ұзақтан бері жалғасып келе жатқан достықтың алтын арқауын одан ары бекемдей түсетін елшілер екені белгілі.

Жасыратыны жоқ, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі  Чжан Ханьхуэй мырза бұл миссиясын орындай алған жоқ. Керісінше, бұзды!

Атап айтар болсақ:

1. Чжан Ханьхой 2016 жылы Астанада БАҚ өкілдерімен кездесуде Қытай мен Қазақстан арасындағы визалық режим саясатына қатысты пікірін білдіріп, қазақ билігінің әрекетін сынға алды. Нәтижесінде, «Қазақстан мен Қытай арасында қалыптасқан достық байланыстарды, сондай-ақ ҚР-дағы ҚХР Елшілігінің дипломаттарының туыстары ҚР-на сапар жасау үшін қолайлы жағдайлар құру мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішін және өзара сенімділік пен өзара түсіністікті нығайтуды ескере отырып, осы тұлғалар санатына консулдық алымсыз Қазақстанда әрбір кіруде 90 күнге дейін болу құқығын беретін «В2» қызметтік визаларын рәсімдеу туралы шешім қабылданған екен (ҚР Салық кодексі, 553 б.). Ал, керісінше, Қытайдың қазақстандықтарға виза беруді шектегені белгілі болып отыр. Қазақстан тарапымен қабылданып жатқан оң қадамдарға қарамастан, Қытай тарапы 2016 жылғы 1 ақпанда қазақстандық азаматтар үшін жеке туристік (туристік топ 5 немесе одан көп адамнан құралуы тиіс) және іскерлік визаларды рәсімдеуде шектеулерді бір жақты енгізген. Қысқасы, Чжан Ханьхуэй мырза өзінің дипломатиялық қызметте сауатсыздығын көрсетіп, күлкіге қалған. Кең пейілді, достыққа адал Ұлы Дала елі Қытай Елшісінің бұл аусарсоқтығына тіксіне қараған болатын. Сол басқосуда қызды-қыздымен «Олар (Қазақстан билігі – ред.) кіммен бетпе-бет келіп отырғандарын біле ме?» деп дауыс көтеріп, қоқан-лоқы көрсеткенін бүкіл дүниежүзі естіді.

Есіңізде болсын, Қазақстан – Қазақстан болғалы әлемнің ең үлкен державасы саналатын АҚШ-тың өзі біздің Отанымызға бұлай бір ауыз қатты сөз айтып көрген емес. Батыстағы алып көршіміз Ресей де солай. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев дүниенің қай түкпіріне барса, зор құрметпен қарсы алынады. Тіпті, Ханчжоу қаласында өткен G-20 Саммитіне Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпин мырзаның ерекше қонағы болып қатысқан жоқ па?!

2. Біз Қытайда тұтқыға түскен этникалық қазақтардың осында бөлініп қалған туыстарының мәселесін көтеріп бірнеше мәрте баспасөз мәслихатын өткіздік. Мыңдаған адамның өтінішін жиып, Қытай Елшілігіне тапсырдық. Міне, үш айдың жүзі болды, Чжан Ханьхуэй мырза соның біреуіне әлі қанағаттандырарлық жауап берген жоқ. Есесіне, Елші мырза Қытайдың шетелге бағытталған диаспора саясатын орындаудан арыға аса алған жоқ. Шыңжаң өлкесінде дінге қарсы ашық күрес жүріп, құран кітаптар мен жайнамаздар өртеліп, намаз оқуға тиым салынып жатқанда Чжан, Алматыда шеттен келген қазақтарды жиып алып, мұсылмандардың Ораза айт мерекесіне аспа-төк дастарқан жайып, тойлап береді. Бұл не қылған «саясат»? Мұсылмандарды мазақтау ма, әлде екі жүзділік пе?! Сөйтіп, Қазақстанға Қытайдан көшіп келген қазақты екіге бөліп, араздық тудыруда;

3. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылыдың 3 қаңтарынан бері орнапты. Содан бері Қытайдың қаншама Төтенше және өкілетті елшісі Елімізге келіп қызмет атқарды, тәп осы Чжан Ханьхуэй елші болған кездегідей екі елдің арасындағы этникалық қазақтың құқығы тапталған жоқ және мәселесі ушыққан емес...

Қысқасы, Чжан Ханьхуэй мырза елші болудан гөрі егес тудырғысы келіп тұратын адам секілді.

Сондықтан біз екі елдің Ұлы Достығы мен стратегиялық барыс-келісі бұрынғыдай баянды болуы үшін, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі  Чжан Ханьхуэй мырзаның Еліміздегі Елшілік қызметінен мерзімінен бұрын кетуін қатаң талап етеміз!

Сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Қ. Әбдірахманов мырзадан біздің осы қатаң талабымызды ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға жеткізуді өтінеміз!

Құрметпен:

Жарқынбек Жұмадан

Ризаман Ахмет

Қожамқұл Айбүбі

Ажыбек Ораз

Abai.kz

Ұқсас тақырыптар