Қарабатандағы өрт: Зардап шеккен тағы бір адам ауруханада көз жұмды

8.jpeg


Қарабатанда жатақханада болған өрттен зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Атырау облыстық ауруханасының директоры Саин Шумиров хабарлады.

"Қатты күйік алған. Бүгін таңертең қайтыс болды", - деп хабарлады аурухананың бас дәрігері.

Осыған дейін өрттен алты адамның қаза тауып, төрт адамның зардап шеккені жайлы хабарланған болатын. 

Сондай-ақ, жатақханада шыққан өрттің себептерін анықтау мақсатында үкіметтік комиссияның жұмыс істейтіні айтылады.

 "Атырау облысы Қарабатан ауылындағы "Газ-турбина электр станциясы" құрылыс аумағындағы болған төтенше жағдайды тергеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚР Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес, жазатайым оқиғаны тергеп зерттейтін Үкіметтік арнайы комиссиясы құрылады", - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында.

 Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, комиссиялық топтың құрамын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Б. Әлтаев басқарады. Сондай-ақ, жасақталған топтың құрамына ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігі және Атырау облысы әкімдігі, жұмыс беруші мен кәсіподақ өкілдері енгізілмек. Комиссия оқиғаның шығу салдары мен кәсіпорынның қызметі арасындағы байланысты тексереді.

Осыған дейін өрт салдарынан қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетілетіні хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, Атырау облысы Қарабатан ауылындағы "Газ-турбина электр станциясы" құрылысы аумағындағы жатақханада болған өрттен 6 адам мерт болды. Бірнеше адам зардап шекті. Оқиға кеше, 3 наурызда, сағат 8:41- де тіркелді. ҚР ІІМ ТЖК алдын-ала тергеу нәтижелеріне сай, өрт электр тоғының тұйықталуынан шыққан.



Ұқсас тақырыптар