Головкин мен "Канело" арасындағы екінші жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін

1.jpg


Невада штатының Атлеттер комиссиясы (NSAC) орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) өтетін кездесудің алдында допинг-сынақтан өте алмаған мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареске (49-1-2, 34 КО) қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Las Vegas Review-Journal басылымына NSAC басшысы Боб Беннетт айтты, деп хабарлады tengrinews.kz.

"Қазіргі уақытта жекпе-жек өтпейді деген ресми мәлімет жоқ. Бірақ жекпе-жек өтпей қалуы да мүмкін. Біз әлі тергеу жұмыстарын өткіземіз. Шешім шығарғанға дейін әлі біраз нәрсені тексеруіміз керек. Сондықтан дәл қазір нақты шешім шығару үшін бізде ақпарат жеткіліксіз", - дейді Беннет.

 Бұған дейін Альварестің допинг-сынамасынан кленбутеролдың болмашы мөлшері табылғаны белгілі болды. Бұл препарат адамға бұлшықет массасын өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың массасын өсіруге арналған.

 Golden Boy промоутерлік компаниясы таратқан мәлімет бойынша, "Канелоның" ағзасына бұл препарат зақымдалған ет арқылы енген болуы мүмкін екені айтылады. Ал Альварестің өзі болса кінәлі емес екенін дәлелдеу үшін кез-келген тесттен өтуге дайын екенін айтты. Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес болса мексикалық боксшы бұған дейін оншақты рет допинг-сынақтан өтіп, бірде бір рет қанынан рұқсат етілмеген дәрумен табылмағанын жеткізді.

Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы екінші кездесу 5-мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobileв спорт кешенінде өтеді. Бұл боксшылардың жекпе-жегі кейінге қалған туралы ресми мәлімет шыққан жоқ. Олардың бірінші кездесуі де Лас-Вегаста өтіп, тең аяқталған еді.

Головкин мен "Канелоның" допинг-сынақтары VADA (Допингке ерікті түрде тексерілу ассоциациясы) тексеріп отырады. Боксшылар бұл сынақтан Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) "Таза бокс" бағдарламасы аясында тапсырып отырады.


Ұқсас тақырыптар