«Төрт ағайынды» ісі: Сот айыпталушыларға тағылған айыптың біреуін алып тастады

1.jpg

Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады, сақтады, сатты деп айып тағылған топтың ісі бойынша барлық эпизод қаралды. Сот Еркін Ізбасар мен Қалдымұрат Қартжанға тағылған айыптың біреуін алып тастады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін қорғаушылар мен мемлекеттік айыптаушылардан, сотталушылардан өтініштер қабылданды. Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады, заңсыз сатты деп айып тағылған сотталушыларға қатысты барлық эпизод қаралды. Бүгін прокурорлар Еркін Ізбасар мен Қалдымұрт Қартжанға қатысты «Билік өкіліне бағынбау» бабын алып тастады. Себебі, 2017 жылдың аяғында Қылмыстық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын.

«Сот алды тергеу жұмыстарын жүргізушілер «сотталушы Еркін Ізбасар 2016 жылдың желтоқсан айында тергеу изоляторында билік өкіліне бағынбаған» деп айып тақты. Ол саусақ ізін алуға қарсылық білдірген. Ал сотталушы Қалдымұрат Қартжан 2017 жылдың қаңтар айында ұстау операциясы кезінде қарсылық білдірген. Бұл үшін Еркін Ізбасар мен Қалдымұрат Қартжанға Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне бағынбау» бабы бойынша айып тағылды. Басты сот талқылауы кезінде тағылған айыпты тоқтатуға өтініш түсті. Себебі, Қылмыстық кодекс өзгерді. «Билік өкіліне бағынбау» бабы бойынша тағылған айыпты тоқтатуға шешім қабылданды», - деді судья Ахметқали Молдағалиев.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ ісі қаралып жатыр. Барлығы 26 адам 2003-2016 жылдардағы қылмыстық іс бойынша жауап беруде. Ертең мұнайдың тауарлық сараптамасы шығарылады. Бұл мұнай компанияларының шығынын қайта есептеуге мүмкіндік беретін сараптама болып отыр.


Ұқсас тақырыптар