Семейде жалақы бермейтін компаниялардың шоттары бұғатталуда

3.jpg


Семейде жұмысшыларға айлап-жылдап жалақы бермей отырған кәсіпорындармен күрес жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Мәселен, 60-қа жуық жұмысшысын сандалтып, өткен жылдың шілде айынан бері айлық  бермей келе жатқан «Жаңа Семей шпал зауыты» АҚ-ның жалпы  қарызы - 25 млн теңге. Шыдамы таусылған жұмысшылар құзырлы органдардан көмек сұраған.  

Семей қалалық Еңбек инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жөкебаев қазір жұмысшылардың мәселесі шешіліп жатқанын жеткізді. Бүгінгі күні  кәсіпорынның есеп-шоттары бұғатталған. Жұмысшыларға арнайы анықтама құжат беріліп, олар сонымен сотқа арыз береді. Солайша, бұғатталған есеп-шоттан ақшаларын ала алады.   

 «Кәсіпорындарда қызметкерлер алдындағы қарыз мәселесі болмауы керек. Әр адам өз еңбекақысын алуға құқылы. Қазір осы мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Кәсіпорын басшылары түрлі жағдайды сылтау етіп жалақы бермейді. Мысалы, бір кәсіпорын экономикалық дағдарысты, енді бірі кірістің аздығын алға тартады. Сондықтан кей кәсіпорындардың шоттарын бұғаттауға мәжбүрміз», -деді Қайрат Жөкебаев.

Сонымен қатар бүгінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде бірқатар кәсіпорын жалақы қарыздарын өтей бастаған. Мәселен, «Тасымал көлігі» және «Құрастырмалы темірбетоны өндірістік бірлестігі» ЖШС жұмысшыларға айлықтарын кезең-кезеңмен беруде. «Тасымал көлігі» кәсіпорнының өкілі Руслан Әбділовтың сөзінше, 17 млн 700 мың теңге қарыздан бүгінде 6,7 млн теңге қалған. 11 млн теңгені екі жарым ай ішінде төлеген. Енді қалған қарызды жабу үшін бір жарым ай уақыт керектігін айтуда.    

Қарызды өтеумен күрес сонымен қатар «Родниковое» және «Тасқара» ЖШС-лармен жүріп жатыр. Мұндағы жұмысшылар жалақыларын жылдап ала алмай отыр.



Ұқсас тақырыптар