Қазақстанда орташа айлық еңбекақы 153,2 мың теңгені құрады

8.jpg


Қазақстанда 2018 жылдың наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4%-ға өсіп, 153,2 мың теңгені құраған. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді деп жазды 7kun.kz.

2018 жылдың І тоқсаны бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы баяндама жасаған министр жұмыссыздық деңгейі мен еңбекақы мөлшері көрсеткіштерінен айналып өткен жоқ.

«Еңбек нарығындағы жағдай орнықты болып қалып отыр. Осы жылдың наурызында жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды. Еңбекақының өсуі байқалды. Ерекше атап өтетіндей, 2018 жылғы наурызда орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4%-ға өсіп, 153,2 мың теңгені құрады», – деді министр.

Тимур Сүлейменов, сонымен қатар, 2018 жылдың І тоқсанында ел экономикасында жағымды үрдістер сақталғанын атап өтті.

«Есептік кезеңде ЖІӨ өсуі 4,1 пайызды құрады. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде ЖІӨ 3,6 пайыз болған еді. Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен байланысты. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюуына инвестициялардың жоғарғы өсімі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде. Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңі бойынша 0,5 пайызға төмен. Жылдың мәндегі инфляция 6,6 пайызды құрады», – деді ол.

Министрдің баяндауынша, есептік аралықта елдің халықаралық резервтері 1,5 пайызға немесе 94,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайған.



Ұқсас тақырыптар