Бекнұр Қисықов: отандық франшизалар табыс көзі бола алады

6.jpg

Қазақстандағы франчайзинг нарығының экономикадағы үлесі жалпы ішкі өнімнің жүзден бір пайызына да жетпейді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 8 пайызға дейін барады. Ел аумағында 14200 франчайзингтік нүкте болса, 20 мыңдай халық осы салада нанын тауып жүр. Әрине, халық санының аздығы, нарықтың тарлығы да саланың дамуына кері әсерін береді. Десе де, қазіргі кезде франшиза – дайын тауарлық белгі мен қалыптасқан бизнесті жүргізу технологиясын сатып алу арқылы кәсіп бастаудың тиімді бір түрі болып тұр. Отандық нарықтағы шетелдік белгілі брендтердің көпшілігі франшиза арқылы келген. Соңғы уақытта қазақстандық франшизалар жақсы дамып, олардың есімі шетелге таныла бастады. Мәселен, Ресейде өткен бүкіләлемдік франчайзинг форумында «Айкуне» ұлттық гимнастика франшизасына форумға қатысушылар үлкен қызығушылық танытқан. Спорттағы әлем чемпионаты секілді, бүкіл әлемнен ең жақсы, өтімді деген франшизалардың басын қосатын форумда қазақстандық кәсіпкерлер де өз брендтерін ұсынған. Осы орайда Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықовпен франшиза нарығының бүгінгі жай-күйі туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Бұл форум Ресейде алғаш рет ұйымдастырылды. Оған «Айкуне» мен SABAYON кофехана желісін апарып, өзгелерге көрсетіп қайттық. Қатысушыларға, әсіресе «Айкуне» қазақ ұлттық гимнастикасы қызық болды. Негізі, бұл гимнастиканың франшизалары Қазақстанда: Алматы, Астана, Семей, Атырау, Тараз, Павлодар, Шымкент қалаларында, шетелде: Ресей, Украина, Кавказда бар. Қазіргі кезде оны әлемге таныту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өйткені ол жай ғана гимнастика емес, тұнған мәдениет, тарих. Қазақтың ежелден келе жатқан емшілік өнерін негізге ала отырып жасалған жүйе. «Рухани жаңғыру» бағдарламасынның аясында өзіміздің өткенімізге оралып, өшкенімізді жандырып жатқан шақта, әр қимылы қазақтың руымен аталып, соның таңбасына сай қимыл жасалатын жаттығу кешені қазақстандықтар арасында танымал. Танымалдылығының бірінші себебі – отандық желі болғандықтан, екіншіден халық өз денсаулығына үлкен мән бере бастады. Оның арқа бұлшықетінің жұмысын жақсарту секілді түрлі ауру-ларға пайдасы мол.

– «Айкуне» сияқты сәтті франшиза үлгілерінің қатары көп пе, жалпы отандық франшизаның саны қанша?

– Қазіргі кезде олардың қатары 100-ге жетіп қалды. Биыл «Айкуне» франшизасының даму жылы болса, алдыңғы жылдары «Мимиорики» балалар киімін шығарушы фирманың, REDDRAGON ресторанының фран-шизалары жақсы сатылған. Олардың әрқайсысының жылдық айналымы орта есеппен 50 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар қызмет көрсету, тамақ өнеркәсібі, білім беру, сауда-саттық, денсаулық саласында өзінің табыстылығын көрсеткен франшиза түрлері бар.

– Қазақстанға келетін франшизалардың ішінде өндірістік бағыттағыларының үлесі қанша?

– Өндірістік бағыттағы франшизаның үлесі өте аз. Мынау-мынау деп атап көрсететіндері болмай тұр. Бірнеше жыл бұрын бірді-екілі өндірістік франшиза бар еді, олар жабылып қалды. Мәселен, әйнек жууға арналған сұйықтық шығаратын кәсіпорынның мысалы тек дистрибьютерлік әдіс болып тұр. Сұйықтық жасайтын ұнтақты осында әкеліп сатады, болды. Нақты өнім өндіретін фирмаларды көріп отырған жоқпын. Өндірістік франчайзингтің қазіргі құрылымы сауда-дистрибьютивті форматқа ұқсайды. Әрине, экономика үшін франчайзингтің ең тиімді түрі – осы. Өйткені франшизаны алған кезде, франчайзи тауарды емес, оның технологиялық өндіріс тәсілін алады. Технология трансфері қосымша құн қосылған тауар шығару үшін тиімді екені анық, дегенмен басқа да салалардағы франчайзинг экономикаға өз пайдасын беретінін айтпасақ болмайды.

– Соңғы уақытта «Қазпошта» Ұлттық пошта операторы франшиза ұсынушы ретінде нарыққа шықты. Олардың франшизасына сұраныс, қызығушылық бар ма?

– Негізі, олардың франшиза нарығына кіруі туралы мәселе бұрыннан көтеріліп келеді. Өйткені пошта желісі – франшизаға сұранып тұрған дайын өнім, ыңғайлы желі. Дайын жүйе бар, оны франшиза ретінде жергілікті кәсіпкерлерге беріп қойса, өз рояльтиін алып отырады. Франшизаға берілген бөлім өз шығынын өзі өтей алатын болса, кәсіпкер жұмысын жалғастыра береді. Шетелде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Англия, Үндістан секілді елдердің үлгісі нәтиженің жаман болмайтынын көрсетіп тұр. Енді Қазақстанда дұрыс басқарып, нақты жұмыс істей алса, болашағы бар желі болмақ. Қазіргі кезде «Қазпошта» 5 франшизасын сатқан. Бұл желінің аймақтарда дамуына мүмкіндік мол. Өйткені «Қазпоштаның» бөлімшелері бүкіл ел аумағына орналасқан. Франчайзингпен айналысатындар үлкен ірі мегаполистерде шоғырланған, аймақ-тардағы ірі қалалар мен облыс орталықтарының өзінде бірен-саран. Әрине, кейінгі кезде кәсіпке жас толқын келіп, олар бар мүмкіндікті жан-жақты қарастырып, істің көзін іздестіріп жатыр.

– Қазіргі кезде нарықтағы франшизаның орташа құны қанша?

– Орташа құны 2 миллион теңге деп айтуға болады. Украинадан келген «Поехали с нами» деген франшиза бүгінде жақсы өтеді. Ағылшын тілін үйрететін оқу орталығының франшизасы да сұранысқа ие. «Олимп» зертханалық орталықтың желісі де жақсы дамып жатыр.

– Әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдай, теңгенің бірнеше рет құнсыздануы франчайзинг нарығына қалай әсер етті?

– Әрине, девальвация отандық нарыққа әсер етпей қойған жоқ. Өйткені шетелдік франшизалардың барлық есеп-қисабы доллармен жүреді. Доллар қымбаттаған соң франшизаның да құны шарықтап кетті. Екіншіден, кәсіпкерлердің ісі несиемен тығыз байланысты, күні банктерге қарап отыр. Соңғы уақытта банктен шағын бизнеске несие алу қиындап кеткен. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен бірлесе отырып, франчайзингті дамытуға арналған бағдарлама жасаған едік. Сол бағдарлама жалғасын тапса дұрыс болар еді. Екіншіден, жалпы нарықтағы дағдарыстық жағдай кері әсер беріп отыр. Өйткені халық шығынын қысқартып, артық еш жерге бармайды, сырттан көп тамақтанбай, артық дүние сатып алмайды. Тұрғындардың тұтыну деңгейі төмендеп кетті. Соның бәрі экономикаға әсер етіп жатыр. Үшіншіден, отандық франшизаларға деген сенім жоқ. Алсақ тек шетелден белгілі брендтерді алып келгіміз келеді. Бірақ бізде шетелдің франшизалары толып тұр. Сапалы, бизнес үлгісі қалыптасқан, табысты франшизалар Қазақстанға кіріп болды. Олардың технологиясы, стандарттары, бизнес жүргізу тәсілдері, бренд жасауы мен басқаруы, есім қалыптастыруы жөнінен үйренеріміз көп әрине, дегенмен отандық кәсіпкерлердің шетелдік франшизаларды жаппай импорттаудан бас тартатындай потенциалы қалыптасты. Сондықтан отандық франшизаларға назар аударатын уақыт келді. Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының құрамында 50-ге тарта мүше бар. Біз олардың дамып, бизнес жүйесін құруына көмектесеміз.

– Өзіңіз қандай франшиза сатып алар едіңіз?

– Дәл қазіргі уақытта өзім мейрамхана желісінің франшизасын алудан бұрын ойланар едім. Өйткені бұл салада бәсекелестік өте жоғары, кәсіпке түбегейлі дайындықпен келмесе, салған ақшаң өзін-өзі ақтамауы мүмкін. Сондықтан дамытуға бағытталған оқу орталықтарын немесе денсаулық сақтау саласындағы фран-шизаларды сатып алар едім.

– Расында дайын бизнес модель арқылы кәсіп бастау соншалықты жеңіл ме?

– Әрине, дайын бренд, дайын бизнес модель болғанымен де, оны ары қарай жүргізу, дамыту, кірісті қамтамасыз ету қажет. Егер сатып алған франшизаң еш пайда әкелмесе, рояльтиді қалай төлейсің, айналымға қандай қаржы саласың? Бұл жерде де қаржы, еңбек пен білім міндетті түрде қажет. Тақыр жерден іс бастағаннан жеңіл, әрине, бірақ әр франчайзердің өзіндік талабы, міндеті бар. Негізінде, дағдарыс уақытында франчайзингтік келісімшарттардың саны артады. Кейбір кәсіпкерлер қаржының тапшылығынан өз активтерінің бір бөлігін осы жүйе арқылы басқаруға береді. Оған қоса бүкіл қалаларда ірі сауда орталықтары салынып жатыр. Ол жерге міндетті түрде франшиза тартылады. Әлеуметтік желі арқылы көп ақпарат тарап, бизнес сектордың арасында франчайзингке деген қызығушылық туындап келеді.

– Қазір ғаламторды ашып қалсаң, франшиза сатылатыны туралы хабарландыру толып тұр. Олардың жалған емес екенін қалай анықтауға болады?

– Еуразиялық франчайзинг қауымдастығы сенімді франшизалардың ұлттық реестрін жасап жатыр. Оған нақты бизнеспен айналысатын, барлық құжаттары дұрыс, алаяқтықпен аты шықпаған франшизалар кіреді. Сондықтан осы салада жұмыс істегісі келетін азамат жан-жақты ақпарат алып, реестрмен танысып шыққаны абзал. Бүкіл әлемде сауда-саттық саласындағы франшизалар нарықтың басым бөлігін құрайды. Қазақстанда да сондай жағдай. Сауда-саттық тек тауар әкелумен шектеледі, ешқандай технология тартылмайды. Бұндай кезеңде көпшілікке бағытталған франшизаны алу тиімді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Үмітжан ЖАПАР

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар