Ресейге қарсы санкциялар теңгеге қалай әсер етеді – Тимур Сүлейменовтің жауабы

3.JPG

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ресей Федерациясына қарсы санкциялардың теңге бағамына қалай әсер ететіні туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Санкциялардың бізге ықпалы қаншалықты екенін білу үшін макроэкономикалық талдау жұмыстарын жүргіздік. Инвестициялық, сауда және бағамдық ықпал секілді бірнеше әсер ету арналарын қарастырдық. Ең бастысы – түпкі ықпал бағамдық, яғни доллардың рубльге, кейін рубльдің теңгеге ықпалы. Барлық макроэкономикалық есептер де, салалық есептер де қолымызда бар. Тіпті бұл жағдайдың жекелеген кәсіпорындарға қалай әсер ететіні туралы ақпарат қолымызда», - дейді Сүлейменов.

Министр ұлттық валюта бағамына қатысты жағымсыз болжамдар айқын байқала бастаған жағдайда іске асыратын жауапты ведомстволармен бірлескен әрекеттер жоспары барын атап өтті.

«Жоспарлы іс-әрекеттердің ауқымы үлкен. Құпия бөліктері бар болған соң ол туралы айта алмаймын. Құжат бар. Сонымен қатар, келесі аптаның сейсенбісі немесе сәрсенбісінде Экономикалық саясат бойынша кеңесте Премьер-министрдің басшылығымен бұл мәселе талқыланатын болады», - деді ол.

Сүлейменов Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға тікелей қатысы жоғын айтты

«Ресейге қарсы санкциялардың жеке экономикамызға қатысы жоғын үнемі айтамыз. Иә, көрші ел, елімізбен үлкен экономикалық байланысы бар болған соң экономикамызға ықпал етеді. Курсқа келер болсақ, кейбіреулер теңге бағамынан ұтып, кейбіреулер ұтылып жатыр. Сол себепті жалпы әсері бейтарап. Егер санкция бойынша қатаң сценарий болса, Ресей мемлекеттік банкіндегі активтер бұғатталады, ал мемлекеттік қарызға қатысты РФ алда санкциялар қабылдайды, сол кезде ғана Қазақстан салдарын бағам арқылы сезетін болады. Ал қазіргі әсері – бейтарап. (...) Министр ретінде, ел азаматы, экономист ретінде айтарым, бұл санкцияларға Ресей Федерациясына қатысты санкциялар деп қарайық. Біз үнемі санкцияларды өзімізге тікелей әсер ететіндей көреміз. Олар бізге тек бағам арқылы ғана ықпал етеді. Өтінемін, бұл санцияларды бізге тікелей әсер етеді деп қабылдамаңыздар. Тыныштық сақтайық. Теңге бағамына қатысты сұрақты Ұлттық банкке қояйық», - деп сөзін түйіндеді ол.



Ұқсас тақырыптар