Данияр Ақышев: Теңге жыл басынан бері 13,8%-ға əлсіреген

2.jpg

Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің ресми бағамын қалыптастыру тəсілін өзгертті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан 10 қыркүйекке дейін 13,8%-ға əлсіреп, 1 АҚШ доллары 378,11 теңгені құрады. Теңге бағамына жыл басынан бері ресейлік рубльдің 22%-ға əлсіреуінен басқа дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қарағанда əлсіреу факторы əсер етті", - деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, биылғы жылдың басынан бері аргентиналық песо 2 есе əлсіресе, түрік лирасы 69%-ға, бразилиялық реал 23%-ға, оңтүстікафрикалық ранд 23%-ға, үндістандық рупия 12%-ға, қытайлық юань 5%-ға əлсіреген.

"Қазақстан Ұлттық банкі валютаға сұраныс ұсыныстан біршама артқан кезде бағам өзгерісін реттейді. Бірақ, жалпы фундаменталды трендтерге кедергі келтірмейді. Қазіргі ахуал қаржылық тұрақтылық пен банктердегі жағдайға қауіп төндірмейді", - деді Данияр Ақышев.

Сондай-ақ, ол Ұлттық банк 2018 жылғы 10 қыркүйектен бастап теңгенің ресми бағамын қалыптастыру тəсілін өзгерткенін айтты. Ақышев жаңа есептеу тəсілі халықаралық тəжірибеге толық сәйкес келетінін жеткізді.



Ұқсас тақырыптар