Музыкалық туризмді дамыту қажет – экономист

5.jpg

Дәл қазір Қазақстанда музыкалық туризмді дамыту өзекті мәселе. Өркениетті елдер туризмнің бұл түрінің кілтін тауып, табысты салаға айналдырып отыр. Бұл жайында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Экономикалық зерттеулер орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Саябек Зиядин өзінің facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Сарапшы жер бетінде туризмнің табыс түрі сан алуан екендігін, соның бірі музыкалық туризм екендігін айтады. Алайда, еліміздің Алматы мен Астана сияқты мәдени қалалардағы өнер ошақтары ала жаздай жабық тұратындығына өкініш білдіреді .

«Жазда жан-жақтан Алматыға қыдырып келген туыстарымызды Медеуге апарғанымызды медет тұтамыз. Себебі барлық театр есіктері жабық. Қазақ музыкасының алтын қорлары «Қыз-Жібек», «Біржан-Сарадан» басқа операларды кеңінен таныта алмай жатқан секілдіміз. Өркениетті елдерде, Еуропада музыкалық туризм мемлекет бюджетіне қыруар қаржы әкеледі. Қазақстанның барлық қалаларында музыкалық-драма театрлары бар. Ол жерде мықты әншілер, талантты актерлар ойнайды. Солар жаз маусымында сәнге айналған бір-бір мюзиклдан дайындап, Астана, Алматы жұртшылығына сахналық қойылымдарын көрсетсе, театр ұжымы да ақша табатын еді әрі бюджетке де қаржы түседі» - дейді ол.

С. Зиядин сонымен қатар, кешегі Сегіз сері, Нияз сері, Бәйтен сал, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Зілқара, Мәди, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл, Сүгір, Түмен, Ұзақбай, Ыбрайм ахун, Кенен, Майлықожа сияқты өнер иелерінің сал-серілік өмірлері мен рухани қазыналары опера жанры мен мюзиклға дайын тақырып екендігін сөз етеді.

«Бұлар бүгінгі театрдың коммерциялық жанры бола алады. Өйткені бұл мюзиклде асқақтаған ән де, диалог та, биі де, сазы да бар, ұлттық костюмдеріміз де саxнаны жандырып жіберер еді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына жауап ретінде халқымыздың мәдени, өнер тұлғасын танытатын тамаша жаңғырудың бір парасы болатыны сөзсіз. Ата-бабаларымыздың ұрпағына мұра етіп қалдырған рухани құндылықтарымыздың асыл өнерін замануи әдіспен жан бітіріп, тірілту керек. Коммерциялық театрлар санын көбейтіп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол, халқымыздың ең басты ұлттық аспабы қасиетті «Домбыра күнін» жылына бір рет тойлау аздық ететіндігін айтады. Оның пайымынша, әр айдың соңғы сенбісі «Домбыра күні» аталып өтілсе және одан керемет әсер алған туристер достарын біздің елге көптеп тартуға себепші болады.

«Қазақ жеріне іссапармен арнайы келген және экскурсиялық топпен келген туристерге «Ұлы дала» елінің тарихи-мәдени орындарымен таныстыру бағдарламасына музыкалық туризмді, яғни мюзикл, операны кіргізген жөн. Бүгінгі таңда барлығы цифрға айналып жатқан сиқырлы ғасырда «музыкалық туризм» рухани азыққа әрі «алтын қазыққа» айналады. Мюзиклді тиісті деңгейде әйгілей білген әртістердің әмиянына ақша, қазынамызға қосымша қаржылық кіріс келетіні сөзсіз», - дейді Экономикалық зерттеулер орталығының директоры.



Ұқсас тақырыптар