7 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер алуға бола ма?

5.jpg

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің биылғы Жолдау барысында «бір бөлмелі пәтер 7 миллион теңге тұрады» деген сөзіне қатысты пікірін айтты. Депутат Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында Жолдаудан кейін осы жөнінде депутаттармен қызу пікірталас болғанын да жасырмады.

«Кейбір депутаттар «Асқар Ұзақбайұлы неге 7 миллион теңге деп айтты. Ол бұндай бағаны қайдан көрді?» деді. Менің айтарым, 7 миллион теңгеге аудандық жерден зәулім үй сатып алуға болады. Әрине, Астанадан алуға келмейді. Астана, Алматы – жеке статусқа ие магаполистер. Олар ешқашан барлығымен бірге қарастырылмайды. Қалай алып қарасақ та, бұл қалаларда өмір сүру сапасы мен бағасы басқаша. Мысалы, егер сен ақша үнемдеп, сауда жасап қайтқың келсе, Астанаға емес, Қарағындыға, Алексеевкаға не Бурабайға барасың. Сол сияқты. Сондықтан, ол (Асқар Мамин – авт.) облыс орталықтары мен аудан орталықтарындағы орташа бағаны атады. Мен бұл шынайы бағалар деп сізге сеніммен айта аламын. Мысалы, ауылды жерлерде бір отбасы 3-4 бөлмелі үйді 2 миллион теңгеге сатып ала алады. Осындай сомаға үй мен 15-20 сотық жерді де алуға болады. Осылайша, бақша егіп, шаруаңызды дөңгелете бересіз. Асқар Ұзақбайұлы, бағаларды, жағдайды жақсы біледі. Сондықтан, бұл мәселеде бәрі дұрыс», - деп түйіндеді Павел Казанцев.

Еске салсақ, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазан жолдауында тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасын сынға алған болатын. Елбасы Асқар Маминнен аумағы 50 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің қанша тұратынын сұраған еді.



Ұқсас тақырыптар