Данияр Ақышев – Таяудағы 5 жылда БЖЗҚ-ның келіп түсетін зейнетақы қаражаты ұлғая бастайды

1.JPG

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің төлемге қабілетсіздігі туралы болжамдар негізсіз және құзыретсіз болып табылады. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша: БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі  8,9 трлн. теңге болды. Портфельдің өсуі жыл басынан бері 1,1 трлн. теңгені немесе 14,3%-ды құрады. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламентінің Мәжілісі отырысының қорытындылары бойынша журналистің сұрақтарына жауап бере отырып айтып берді.  

Оның айтуынша, келіп түсетін ақша қаражаты (зейнетақы жарналары) жыл өткен сайын жіберілетін қаражатынан (зейнетақы төлемдері, аударымдар және басқалары) 4 есе асып, оң серпін көрсетіп отыр. Төлемдердің жалпы сомасы сақтандыру ұйымдарына 15,5 млрд теңге аударымдарды қоса алғанда, жылдың басынан бері 130,9 млрд теңге болды.

«График бойынша ай сайынғы төлемдер жыл басынан бері 3,7 млрд. теңге болды. Бұл осы жылы зейнетке шығып, график бойынша зейнетақы алатын зейнеткерлерге арналған төлемдер екендігіне назар аударған жөн», - деп атап өтті  Д. Ақышев. 

Ол сондай-ақ БЖЗҚ жүргізген актуарлық есеп айырысуларға сәйкес таяудағы                    5 жылда зейнетақы қаражатының ұлғаятындығын және бұрынғысынша жіберілетін қаражаттан асып кететіндігін атап өтті. 2019 - 2023 жылдар аралығындағы кезеңде БЖЗҚ-ның болжамдары бойынша төлемдердің жиынтық көлемі 1,3 трлн теңге болған кезде зейнетақы жарналарының жиынтық көлемі 5 трлн теңгені құрайды. 

«Сонымен бірге қор портфелінің инвестициялық құрамдас бөлігі туралы да есте сақтаған маңызды. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда БЖЗҚ салымшылары үшін  9%-ды құрады. Ал инфляция болса 6,1% болды. Нәтижесінде осы кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік 2,9%-ды құрады», - деді Д. Ақышев. 



Ұқсас тақырыптар