Суы мол жердің өнімділігі жоғары

Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары еліміздің көптеген өңірлерінде өздерінің ғылыми-инновациялық жобаларын тәжірибеден өткізіп, аймақтардың агроөнеркәсіп кешенінің дамуына атсалысуда. Бұл жобалардың арасында нақты өндірісте қолданысқа енгізілгендері де бар. Өткен жылдан бері «Гидротехника және мелиорация» кафедрасының профессоры Е.Д.Жапарқұлованың  жетекшілігіммен инновациялық ғылыми-технологияларды  өндіріске енгізу жобасы бойынша Жамбыл облысы, Шу ауданында «Жиделі-3» ӨК, «Қонаев-Ерхан-2016» шаруа қожалықтарымен келісімшартқа қол қойылып жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаның мақсаты – суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі мен экологиялық-мелиоративтік тұрақтылығын арттыру.

сугару тамшы.jpg

Жоба барысында Шу ауданындағы суармалы жерлердің бірқатар проблемалары анықталды. Бұған дейін Шу өзенінің алабында суармалы жерлерді пайдалану тиімділігі айтарлықтай жоғарыламай, олардан алынатын табыс, ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің шығарған шығындарын толық өтемей келген. Осыған байланысты суармалы жерлерде өсірілген дақылдардың өнімділігі, өткен ғасырдың 80 жылдарындағы өнімділікпен салыстырғанда 1,5-2 есеге дейін төмендеген. 

Жобаға қатысушы ғалымдар қарастырылып отырған аймақтағы суармалы жерлердің өнімділігінің төмендігіне тікелей әсер ететін бірнеше факторларды анықтады. Олар: су тапшылығының өсуі мен топырақ құнарлығының төмендеуі, суару жүйелерінің техникалық жағдайының нашарлауы, суармалы жерлердің тұздануы және сілтіленуі мен сортаңдануы, топырақ қабатындағы қоректік элементтер мен органикалық заттардың кемуі екендігін анықтады. 

Зерттеу жүргізген ғалымдар проблемаларды шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Бірінші - жұмысты орындау барысында, топырақтық-экологиялық процестерді зерттеудің жүйелі әдістерін қолдану. Суармалы жерлерде су ресурстарының сапасын бағалау топырақтың тұздану, сортаңдану, сілтілену қауіптері бойынша жүргізілді. Шу ауданының жер үсті, қашыртқы-кәріз суларынның ирригациялық бағалауы анықталды. Екінші - топырақтың су-физикалық және химиялық қасиетін анықтау мақсатында топырақтың өсімдік тамыры өсетін қабатынан химиялық сараптамаға  топырақ үлгілері алынды.

Үшінші - химиялық сараптаманың нәтижесі бойынша топырақтың жоғары қабаты тығыздалып, кеуектілігі төмендеген, сондай-ақ магнийлік сортаңдануы үрдістері жүріп жатқаны байқалды.

Жамбыл облысы Шу ауданы суармалы жерлерінің экологиялық  жағдайын бағалау мақсатында агроэкологиялық мәліметтер  жиналды. Нәтижесінде Шу ауданының суармалы жерлерінде магнийлік сілтілену құбылысы байқалды. Ауданның суғармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін анықтау мақсатында су алу торабынан нақты кетіп жатқан су өтімі жоспарлы су өтімінен төмен екендігі байқалды. Мысалы, Тасөткел магистралдық каналының басындағы су өтімі 55 м3/с болу керек болса, нақтылы жағдайда тек 30 м3/с өтіп жатыр. 

Жұмыстарды орындау барысында суды үнемдеу мақсатында пайдаланылатын тапшы өзен су ресурстарын (каналдан) қашыртқы-кәріз суымен арақатынасы бойынша араластыру арқылы жүзеге асырылды. Жер асты суын суармалы жерлерде пайдалану шегі, олардың минералдылығы мен сапасына тікелей байланысты. Зерттеу мәліметтерін сараптау барысында, Шу өзенінің алабындағы суармалы жерлердің 66%-да жер асты суының минералдылығы 3 г/л аспайтындығын көрсетті. Сондықтан осынша жерде жер асты суын, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарламауына байланысты, субирригацияға еркін пайдалана беруге болады. 

Негізгі мақсат – аудандағы келеңсіз жағдайларды, яғни жер асты тұзды суларының көтеріліп, жерлердің екінші қайта сор басуын болдырмау. Бірақ аудандағы қашыртқы тоспа жүйелері жағдайының тиісті дәрежеде жұмыс істемеуі, вегетациялық суарулардың дер кезінде және керекті деңгейде жүргізілмеуі, дақылдарды еккендегі агротехникалық талаптардың сақталмауы, суару жүйелерінде сулардың сүзіліп ысырап болуы сияқты жағдайлар арқасында, одан да нашарлай түсуде.

Шу өзені алабында жер асты суларын субирригацияға пайдалану, каналдардың техникалық жағдайларын жақсарту, су үнемдегіш суару технологияларын пайдалану арқылы, суармалы жерлердің су ресурстарымен қамтамасыз етілу мөлшерін 30-35%-ға дейін арттыруға болады. Суармалы егіншілікте ғылыми негізделген жүйені тиімді қолдану арқылы әрбір гектар жердің өнімділігін арттыруға мүмкіндік туады.

Жобаның нәтижесінде зерттеушілер шаруашылықтарда суды үнемдеудің заманауи  технологияларын енгізуді ұсынды. Өйткені, ауданның суармалы алаңдарын жыл сайын  ұлғайту суару суын пайдаланудың тиімділігін арттыруда маңызды қадам болып табылады. Тамшылатып суару мен жаңбырлату жүйесін қолдану суландыру суын 2-3 есе үнемдеуге, тыңайтқыштардың тікелей тамыр жүйесі қабатына берілуін қамтамасыз етеді және өнімсіз су шығындарын жояды. Суарудың қазіргі технологияларына біртіндеп көшу – жер үсті су көздерінен алынатын судың мөлшерін анағұрлым азайтуға мүмкіндік береді. Облыс жерасты суларының елеулі қорына ие екендігін айта кеткен жөн, оларды әсіресе жерүсті көздері жеткіліксіз немесе шектеулі аудандарды осы заманауи технологиялармен суару үшін пайдалану қажет. 

Суы мол жердің өнімділігі жоғары болатыны белгілі. Тек сол табиғи суларды дұрыс әрі тиімді пайдалану қажет. Бұл жерде ғылым-білім-өндіріс үштігі бірлескен жағдайда ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ғалымдарымыз ұсынып, өндірісте іске асырылып жатқан инновациялық жоба осы сөзіміздің дәлелі.



Ұқсас тақырыптар