БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік 4,45% мөлшерінде

1.jpg

2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 8,9 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте сыртқы басқаруда 79,4 млрд теңге немесе зейнетақы активтерінің 0,9%-ы бар. Бұл туралы «Ұлттық Банк хабарлайды, түсіндіреді, түсініктеме береді» арнайы жобасының шеңберінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов айтып берді.

Ол қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық Банкі «Жаһандық актив акциялар» және «Жаһандық пассив акциялар» мандаттары шеңберінде шетелдік басқарушы компанияларды таңдау және тарту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. «Портфельдердің өлшемдері, инвестициялық стратегия және сенімгерлік басқарудың басқа да талаптары талқылануда, сондай-ақ акциялар нарығына инвестициялаудың неғұрлым қолайлы сәтін айқындау жұмысы жүргізілуде. Акциялар нарығына кірудің қолайлы сәтінің маңыздылығын ескере отырып, БЖЗҚ-ның активтерін көрсетілген мандаттар бойынша сыртқы сенімгерлік басқаруға тарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», - деді Ж. Құрманов. 

Сонымен бірге Ж. Құрманов Қазақстан Ұлттық Банкінің «АҚШ долларымен номинирленген, капиталдандырылуы жоғары инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар» мандаты бойынша шетелдік басқарушы компанияларды тарту жөніндегі жұмысты да жүргізіп жатқанын айтып берді.  

«Қазақстан Ұлттық Банкінің БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін бермейтінін, Ұлттық Банктің шартты кез келген сәтте бұзу құқығымен инвестициялық шектеулер шеңберінде БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін басқару жөніндегі өкілеттіктерді шетелдік басқарушы компанияларға беретінін атап өткен жөн. Осылайша, БЖЗҚ-ның сыртқы сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері кез келген жағдайда Ұлттық Банктің кастодиан-банктегі шоттарында қалады», - деп түсіндірді Ж. Құрманов. 

Ол сондай-ақ 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша валюталық активтердің үлесіне жалпы портфельдің 30,9%-ы тиесілі, оның 30,5%-ын АҚШ доллары, 0,3%-ын Ресей рублі және 0,1%-ын басқа да валюталар құрайтынын түсіндірді. 

«Қарастырылып отырған күнгі жағдай бойынша инвестициялардың негізгі үлесі Қазақстан Республикасы эмитенттерінің қаржы құралдарына тиесілі. Олардың портфельдегі үлесі – 77,4%. АҚШ эмитенттерінің үлесі – 7,2%, Ресей Федерациясының үлесі – 3,4%. 12,0% мөлшеріндегі қалған бөлігі халықаралық қаржы ұйымдарының және Франция, Нидерланд, Сингапур, Индонезия, Мексика, Перу және басқа да шет мемлекеттер эмитенттерінің қаржы құралдарына тиесілі», - деді Ж. Құрманов. 

Ол қаржы құралдарының түрлері бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі 86,7%-ға облигациялардан,  9,1%-ға депозиттерден, 2,0%-ға акциялардан, 1,3%-ға ақшадан және РЕПО-дан, сондай-ақ 0,9%-ға сыртқы басқарудағы активтерден тұратынын толықтырды.

«2016 жылдан бері Қазақстан Ұлттық Банкі БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру, оның ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту және оны  30% деңгейінде ұстап тұру есебінен белсенді жұмыс жүргізуде. 2016 жылғы 1 қаңтар – 2018 жылғы 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде зейнетақы активтерінің валюталық үлесі портфельдің 17%-дан 31%-на дейін ұлғайтылды.», - деді Ж. Құрманов.

Ж. Құрманов түсіндіргендей, валюталық позицияның болуы елдер бойынша инвестициялар географиясын және сатып алынатын қаржы құралдарының аясын кеңейтуге, инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық валюта әлсіреген кезеңдерде салымшылардың зейнетақы активтерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігінің қолдау көрсетілетін үлесі бүгінгі күні оңтайлы және ішкі экономиканы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген сенімді құралдар тізбесіне инвестициялау арқылы қорландыруға мүмкіндік береді», - деп түсініктеме берді ол.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары 2018 жылғы 9 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің БЖЗҚ салымшыларының шоттарына бөлінген кірістілігі инфляция деңгейі 3,3% мөлшерінде қалыптасқан кезде 7,75%-ды құрағанын айтып берді. 

«Осылайша, 2018 жылдың басынан бері БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша 4,45% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді. Бағамдық асыра бағалаудан түсетін кірістердің 2018 жылғы 9 айдағы жалпы инвестициялық кірістегі үлесі шамамен 37% болды. Бағалы қағаздар, депозиттер және басқа да қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кірістер үлесі шамамен 63%-ды құрайды», - деп қорытындылады Ж. Құрманов.



Ұқсас тақырыптар