Малдың жаңа тұқымын шығару шетелден мал тасудан әлдеқайда тиімді

Қарапайым адамдармен қатар, кейбір мал мамандары да жаңа тұқым шығарудың қажеттілігіне күмән келтіретіні рас. Олардың пайымдауынша, жаңа тұқым шығаруға күш жұмсап, уақыт кетіргенше, әлемдегі озық елдерден асылтұқымды мал алып, соны өз төлінен өсіріп көбейту тиімді. Селекция заңдылықтары мен генетика ілімі бойынша, кез келген тұқым өзі шыққан немесе өзі өскен ортасының төл туындысы. Тұқымға тән қасиеттер, тектік белгілердің тұқымқуалауы және өзгергіштігі сол ортада қалыптасады. Селекциялық белгілердің белгілі бір ортада қалыптасуы ген немесе бірнеше геннен құралатын топтар арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Осындай өзара тығыз байланыс әсері, көбіне ағзаның дамуына қолайлы жағдай жасап, негізгі белгілердің барынша жетілуіне ықпал етеді. Қалыптасқан осындай ықпалды қарым-қатынас әрекетінің әсері басқа орта жағдайында сақталына ма, осы түйткіл күрмеуі қиын мәселе. 

сиыр.jpg

Малдың немесе жалпы тіршілік иесінің өз ортасынан басқа ортаға келуі, ағзадағы көптеген өзгерістерге мұрындық болады да, малдың ортаға үйренуі, ғылыми тілде жерсінуі және бейімделуі сияқты қасиеттерінің қалыптасуына себеп болады. Малдың жаңа ортаға үйренуі және бейімделуі біраз уақытты қажет етеді, ең бастысы – бейімделу барысында жаңа ортада өзіне тән өнімділік қасиеттерін сақтай алуында. Осы мәселе мал өсірудегі өзекті проблема. Бейімделу барысында кейбір шаруашылыққа пайдалы селекциялық белгілер өзгеріске ұшырап, малдың өндіріске қажетті қасиеттерінің нашарлауына әкеп соғуы да мүмкін. 

Адамзат өркениеті дәуірлеген кезеңдерде қолдан сұрыптау барысында қалыптасқан тұқымдар, өнімділігін сақтап қалу үшін өзіне тән жағдайлардың жасалуына тікелей тәуелді. Өйткені, олардың өнімділік қасиеттері қолдан жасалған жайлы жағдайларға тәуелді. Мысалы, жіңішке талшықты биязы жүн алу үшін қой жыл бойына қалыпты азықтануы шарт, сонда ғана біркелкі әрі сапалы жүн қалыптасады. 

Малды сырттан әкелгенде, яғни жерсіну үдерісінде оларға қалыпты жағдай жасау әрі олардың коректенген азықтарының түрлік және құрамдық арақатынасын сақтау – орындалуы қиын, өте күрделі мәселе. Әр жердің табиғаты ерекше, шөп құрамы мен шүйгіні бөлек, сонымен мал басқа орта жағдайына үйренуге мәжбүр болады. Қоршаған ортаның ауа-райына және мал азығы ерекшелігіне орай малдың ас қорыту жүйесінде сапрофитті микроағзалардың ерекше арақатынасы қалыптасады. Ал мал жер ауыстырғанда, жерсіну барысында сапрофитті микроағзалардың ерекше арақатынасы өзгеріп, жаңа ортаға бейімделу үдерісі орын алады. Сапрофитті микроағзалардың бейімделуі өскен ортасына барынша ұқсас жағдайдың қалыптасуына тікелей байланысты. Сондықтан да, мал өсіру барысында селекционерлер өнімділігі жоғары малдың тектік қасиетін жергілікті малдың бойына сіңіру бағытында сұрыптау жұмыстарын жүргізуге басымдық береді.

Сырттан әкелінген малдың жақсы қасиеттерін жергілікті малдың бойына сіңіру ұзақ уақыт қажет еткенімен, ұтымды жүргізілген селекциялық жұмыс өз нәтижесін береді. Көптеген малшаруашылығы жақсы дамыған елдер осы жолмен бүгінгі озық жетістіктерге жетіп отыр. Мысалы, етті ірі қараның «герефорд» тұқымы ағылшын елдерінде шығарылғанымен, оның тектік әлеуеті солтүстік америка елдерінде жоғары деңгейде ашылды. Басты меже – алға қойған мақсатқа жедел жету, селекциялық жұмыстарды жеделдету үшін малды қолдан ұрықтандыру немесе эмбриондарды тасымалдау сияқты заманауи тәсілдерді кеңінен қолдану қажет. 

Селекциялық заңдылықтар бойынша малдың шаруашылыққа пайдалы белгілерінің тұқымқуалау үдерісі негізінен аталық арқылы беріледі. Малдың жақсы қасиеттері нәсілінен, яғни тұқымынан дегеннің өзінде, оның тектік әлеуеті немесе асылтұқымдылығы аталық малдан бастау алады. Белгілердің тұқымқуалау үдерісінің нығаюы да аталық малға тәуелді, өйткені оларды сұрыптау қатаңдығы да көбіне өте жоғары болады. Айталық, жүздеген малдың ішінен өте қатаң сұрыпталып алынған бір ғана аталықтың ұрығымен сұрыпталу қатаңдығы аса жоғары болмаған мыңдаған аналықты қашыруға болады. Осыған байланысты, табындағы жалпы малға тән қасиеттің тұрақтануы және оның жетілу деңгейі аталық малдың генотипіне байланысты қалыптасқан өнімділігіне тікелей тәуелді. Селекционерлер арасында бұл аксиома ретінде қабылданған. Сондықтан, аталық малды сұрыптауға зор мән береді және олардың сапасын ұрпақтарының өнімділігі бойынша бағалау – селекциялық жұмыстардың міндетті түрде жүргізілетін ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде қаралады. 

Аталық малдың маңызы орасан зор, ол асылтұқымды мал басын көбейтудің мәйегі. Заманауи әдіс-тәсілдердің қарыштаған заманында геномдық талдау әдісін пайдаланғанның өзінде де, аталық малды ұрпағының сапасы бойынша бағалау міндетті түрде жүзеге асырылады. Сөйте тұра, селекциялық үдерісте аталық малдың тектік әлеуетін геномдық сараптау негізінде ерте анықтау – мақтанарлық жетістік. Геномдық сараптау арқылы әрбір селекциялық белгіге жауапты, сол ортада тектік негіздердің (SNP - дара нуклеотидтер тізбегі) қалыптасқан орналасу заңдылығына орай аталық малдың тектік қасиетіне баға беріледі. Қарапайым тілде, белгілердің тұқым қуалауына гендер жауап береді, осы гендер өз кезегінде нуклеотидтер тізбегінен тұрады. Мысалы, ірі қара малының тектік негізінде 3 миллиардтан астам нуклеотидтер тізбегі анықталған, осылардың бүгінгі таңда селекциялық белгілерге жауап беретін ғалымдарға белгілі мөлшері 1 милллиардқа жақын, нақтырақ айтсақ, 777 мың нуклеотидтің орналасу заңдылықтары негізінде сұрыптау жасалынады. 

Аталық малдың тектік әлеуетін геномдық негізде сараптау, селекциялық мақсатта пайдаланылатын аталықтарды ертерек анықтауға және сұрыптауға қалдырылатын малды дер уақытында іріктеп алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл әдістің экономикалық пайдасы да зор. Айталық, қолданыстағы әдістерге сәйкес, әр 5000 бұқадан 500 бұқашық таңдалса, геномдық негізде сараптау әр 5000 бұқадан 50 ғана бұқашықты іріктеп алуға мүмкіндік береді, яғни 450 бұқашықты өсіріп, өсіп-жетілуі бойынша бағалауға кетер шығын үнемделінеді. Әр бұқаға орта есеппен бір жылға 1,5 милллион теңгедей шығын жұмсалатынын ескерсек, үнемделген 675 миллион теңгедей ақшаны маласылдандыру ісінің басқа бағыттарына қолдануға болады. Бұл – заманауи жаңа әдістің артықшылығы. 

селек.jpg

Бәрін айт та, бірін айт, кеңауқымды селекция жүйесінің бағдарламасы бар, селекциялық үдерістердің жеке буындары қарастырылған, бірақ, осы буындарды біртұтас жүйеге біріктіретін тетік жоқ. Ең сорақысы, маласылдандыру жұмыстарының әдістемелік базасы толық қамтылмаған. Ол – ащы шындық. Жаңашылдыққа ұмтылдық, бірақ жаңаша әдіспен жұмыс істеуге дайын емес екенімізді мойындағанымыз жөн-ау. Осы салада қызмет атқарып жүрген азаматтардың, қазақша айтсақ, «құлағына алтын сырға». 

Малшаруашылығында өз төлінен өсіру үдерісі сүтті сиыр шаруашылығы саласында түйіні шешілмеген мәселе болып тұрғаны да қынжылтады. Кезінде осы мәселенің шешімі де ұсынылған, бірақ «баяғы жартас, сол жартас» дегендей табынды өз төлінен толтыруға әлі қол жеткізе алмадық. Әлемде осы мәселе аналық малды біржынысты ұрықпен ұрықтандыру арқылы шешімін тапқан. Бұл үдеріс Қазақстанда «Родина», «Зинченко и К», «Камышинское» және біраз шаруашылықтарда қолданысқа енді де, ұрық бағасының қымбаттығына орай шаруа игілігін арттыруға қызмет ете алмады. Дайын өндірілген етті қолжетімді жасауға жұмсалған ақшаны осы салаға бұрғанда, мал басының көбеюі де, оның тектік әлеуетінің артуы да, мемлекет деңгейінде етті экспорттау саясатына тигізер ықпалы да қомақты болар еді. 

Сонымен қорыта айтқанда, бізде жетістіктер бар болғанымен, осы жетістіктерді ел игілігіне жаратуға салғырттық бар екені ащы шындық. Игеретін істер өте көп. Малшаруашылығының әлеуеті зор. Біздің пайымдауымызша, әлеуетімізді толық пайдалану үшін жаңа технологияларды игеру және маман дайындау қиындық тудырмайды. Бар ынта-жігерімізді малшаруашылығын өркендетуге бағыттауымыз керек, шаруаға мемлекеттік көзқарас қалыптастыру керек. «Барлығын нарық реттейді» деген пікір ой елегінен өткені дұрыс. Кешегі кеңес кезеңінде малшаруашылығы орта деңгейде дамыған Мажария мемлекеті бүгін сүт өндіруден еуропада озат мемлекеттер қатарында. Белорусь, Украина республикалары малшаруашылығы жағынан Ресей мемлекетінен озық. Назар аударатын мәселе – бұл елдерде малшаруашылығына мемлекеттік көзқарас басым. Бір кем дүние.

Айбын ТӨРЕХАНОВ



Ұқсас тақырыптар