«Astana Arlans» кешегі кездесуін жеңіспен аяқтады

8.jpg


Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалындағы «Astana Arlans» пен «British Lionhearts» командалары арасындағы алғашқы кездесуде отандастарымыз жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жартылай финалдық кезеңнің алғашқы айқасын сырт алаңда, яғни Ұлыбританияның Шеффилд қаласында өткізген жерлестеріміз жергілікті боксшыларды 3:2 есебімен ұтып, финалға бір табан жақындай түсті.

Қазақстандық команда қатарында Ілияс Сүлейменов, Ділмұрат Мәжітов және Әбілхан Аманқұл қарсыласынан басым түсті. Ал Арбек Абдуғаниев пен Теміртас Жүсіпов жеңіліс тапты.

Айта кетейік, жекпе-жек кешін «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетті.

Енді, екінші қарымта айқас 26 мамырда Атыраудағы «Жайық» спорт кешенінде өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана Арландары» осыған дейін Бүкіләлемдік бокс сериясында үш рет жеңіске жеткен болатын. Мұндай жетістікке әлі ешбір команда қол жеткізген емес.

Қазақстандықтар алғашқы чемпиондық атаққа 2013 жылы қол жеткізді, екінші рет араға бір жыл салып, 2015 жылы тағы да бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал үшінші рет жеңісті 2017 жылы тойлады. Сондай-ақ, 2011 жылы - екінші орын, 2012, 2014 және 2016 жылдары үздік үшінші орын иеленді. Міне, биыл тағы да жартылай финалға шығып отыр.



Ұқсас тақырыптар