Қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың PDF нұсқасы жарияланады

фото брифинга.jpg


Бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «100 жаңа оқулық – Рухани жаңғырудың құнарлы қайнары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Mezgil.kz.

Баспасөз конференциясына Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі - Қожабек Назгүл Базарғалиқызы, «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Қожамұратов Есет Ысқақұлы, Нархоз университеті, Экономика және басқару мектебінің деканы - Өмірзақов Самажан Ынтықбайұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының меңгерушісі - Садыханова Гүлнар Амангелдіқызы қатысты.

Брифинг барысында сөз алған Ұлттық аударма бюроының жоба жетекшісі Н.Қожабек «Ұлттық аударма бюросы тек 100 оқулықты қазақ тіліне аударып қана қоюмен шектелмейді. 12 сәуірде Астанада өткен жиында Елбасы нақты тапсырма беріп, оқулықтар электрон форматта және видеолекция түрінде жариялансын деген болатын. Қазір сол бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтымызда жарияланады. Сонымен қатар, видеолекциялар түсіріліп жатыр. Ұлттық аударма бюросының kitap.kz және openU.kz деген екі жобасы бар екенін білесіздер. Осы екі жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ. Сонымен қатар, 12 сәуірдегі жиынның хаттамасында Елбасы осы жұмыс негізінде терминологиялық және түсіндірме сөздіктерді жаңарту жөнінде тапсырма берді. Ол жұмыс та қазір қолға алынып, жобасы әзірлене бастады. Ұлттық аударма бюросы аударылған кітаптарды редакциялау барысында терминология жағынан да көп жұмыс атқарып жатыр. Оның нәтижесін алдағы уақытта жариялаймыз»деп атап өтті.

Сонымен қатар «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Е.Қожамұратов «10 000 дана тиражбен 18 оқулық біздің баспаханада басылды. Осындай үлкен ауқымдағы жобаға атсалысып, абыроймен атқарып шықтық. Кітаптар бізге басуға дайын файл түрінде келді. Сонда да «Ұлттық аударма бюросының» қызметкерлері күні-түні жанымызда жүрді, процесті түгел қадағалады, ақауларды жоюға көмектесті. Осындай екіжақты әріптестік нәтижесінде, қазір Қазақстандағы үздік жоғары оқу орындарына жеткізілді»,-деп толықтырды.



Ұқсас тақырыптар