Головкин ресми түрде IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулынан айырылды

2.jpg

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) IBF тұжырымы бойынша ресми түрде орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан айырылып қалды, - деп хабарлайды Vesti.kz әлемдік БАҚ-тарға сілтеме жасап.

BoxingScene басылымының мәліметінше, ESPN және тағы басқа басылымдар мұндай шешімнің 6 маусымда IBF тыңдалымында өткенін жазып жатыр. Бірақ Головкиннің командасы мен боксшының өзі бұл мәліметке қатысты әзірше пікір білдірмеді.

Осыған дейін IBF Головкинді украиналық Сергей Деревянченкомен (12-0, 10 КО) 3 тамызға дейін кездесу өткізуге мәжбүрлеген болатын. Алайда қазақстандықтың командасы 23 мамырда мұны кейінге қалдыра тұруды өтінген еді.

 IBF ережесіне сәйкес, чемпион кездесуді бір рет қана кейінге шегере алады екен. Ал Головкин болса мұндай мүмкіндікті 5 мамырда америкалық Ванес Мартиросянды (36-4-1, 21 КО) нокаутқа түсірген кезде қолданған. Сол кезде келісімшарт бойынша IBF титулы тігілген болатын.

Сондай-ақ, таяуда IBF өкілдері вакантты титул үшін жекпе-жек өткізуге қатысты шешім қабылдайды. Оған үміткер ретінде Деревянченко америкалық Дэниэл Джейкобспен (34-2, 29 КО) кездесу өткізуі мүмкін. Дэниэл Джейкобс қазір үшінші орында тұр (2-орын әзірше бос). Айта кететіні, екі боксшы да Андре Розьемен жаттығады.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин IBF титулын 2015 жылдың қазанында жеңіп алған болатын. Ол кезде боксшы канадалық Давид Лемьемен (39-4, 33 КО) жұдырықтасқан еді. Енді қазір қазақстандық боксшы WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып саналады.


Ұқсас тақырыптар