Әлем дәрігерлері: қатерлі ісікті түбегейлі емдеуге болады

2.jpg

Қатерлі ісікті түбегейлі емдеуге болады. Әлемге әйгілі дәрігерлер Астанада осындай сенсациялық мәлімдеме жасады. Екі жарым жыл бойы арнайы жобамен жұмыс жасаған олар, еңбектерінің нәтижесін жариялады. Обыр дертінің алдын-алу үшін  әрбір әлеуетті пациент үшін жеке-жеке препарат дайындалмақ. Ең алғаш болып, жаңа тәжірибе Қазақстанда іске асырылмақ. Неліктен біздің еліміз таңдалғаны жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»,- деген көне мәтел сана деңгейінде ғана емес, фармацевтикалық тұрғыда да қолданылатын түрі бар. Дәрігерлер енді сау адамды емдеуге күш салу керек деген пайымға келген екен. Ол қалай дейсіз ғой. Адамнан сынама алынып, оның гені арқылы қандай дертке душар болу мүмкін екені анықталады. Одан кейін ағзасы мен аурудың ерекшеліктерін ескере дәрі жасалады.

«Жақын уақытта белгілі бір адам үшін жеке дәрі жасалады. Оның дертін туғызуға әсер ететін жасушасы анықталып болған соң, әдеттегі таблетка құрамын дәл сол жасушаны өлтіруге бағыттай өзгертеміз. Өкпе обырын алып қарасақ, оның түр-түрі бар. Әрқайсысында туғызушы факторлар да әр түрлі» - дейді Оксфорд университетінің профессоры, Ұлыбритания Премьер-министрінің медициналық кеңесшісі Ричард Баркер.

Дәл осындай дәрі емдеу тәсілдерін ғана емес, ауру асқынған кезде ғана көмек іздейтін адамдардың санасын өзгертеді деген сенімде. Дерттің алдын алудың түрлі тәсілдері бар.

Оның бірі бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударған Анжелина Джолидің әрекеті. Бірнеше жыл бұрын кино жұлдызы дәрігерлерден сүт безі обырына ұшырау қаупі жоғары екенін естиді. Көп ұзамай операциялық жолмен сүт безін алдырып тастаған. 

«Бес жылдан кейін мен балаларыммен бірге ел аралап шыққым келеді. Оларға әлемнің әдемілігін көрсетсем деймін. Мен күнделікті жасап жүрген жұмысыммен балаларға жақсы үлгі көрсетіп жүрмін деп ойлаймын» - дейді кино әртісі Анжелина Джоли.

Ресми деректерге сәйкес, жыл сайын елімізде 12 мыңға жуық адам онкологиялық дерттен көз жұмады екен. Көбінесе душар болғандар ауру асқынғанда барып көмек сұрайтын көрінеді. Бұл жағдай өзге мемлекеттерде де бар. Сондықтан әлемдік медициналық қауымдастық сау, бірақ бойын дерт дендеуі мүмкін адамдарға көңіл бөлуді мақсат етіп отыр. Бір айтары елімізде бұл бағытта әлдеқашан қадам жасала бастапты. 

«Биыл бізде генетикалық лаборатория ашылады. Оның көмегімен біз қазақстандық азаматтарда жиі кездесетін созылмалы дерттің болу-болмау мүмкіндігін нақты көре аламыз. Егер нақты нәтижені отандастарымыз көретін болса, өздері-ақ тексерілуге ниет білдіреді деп сенемін» - дейді Президент іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының геронтология орталығы төрағасының орынбасары Тамара Ващенкова.

Шетелдік ғалымдар ұсынған бағдарламаны жүзеге тасыру үшін ғылыми кластер құрылатын сияқты. Медицинадағы жаңашыл жобалар алдымен отандық университеттер базасында енгізілмек.

«Қазақстандық университеттерде профессор Баркер айтқан жүйелік жобаларды енгізуге дайынбыз. Бізде бұл жұмыс басталып кетті десе де болады. Оған қатысты заңдық нормаларды да ыңғайлап, Парламентке апардық. Ол өзгерістер әзірге қарастырылып жатыр» - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Сау, бірақ ауыр дертке душар болу қаупі жоғары адамдарға арналған дәріні алғаш рет қазақстандықтар алады. Тәжірибе толық енген соң Еуразия құрлығының өзге мемлекеттеріне тарайды. Британдық ғалымдардың пайымынша, дәл сол кезде аурудың алдын алу үшін органды алдырып емес, бір таблетканы ішудің өзі жеткілікті болады.


Ұқсас тақырыптар