Қазақстан туралы жарнамаға Kazakh Tourism қанша қаржы жұмсады

1.JPG

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев Euronews арнасынан көрсетілетін Қазақстанның жарнамасына кеткен бюджет 1 млн доллардың үштен бір бөлігін құрайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жобаны сүймелдеуге арналған бюджетіміздің көлемі 1 млн доллардан да аз. Бұл жарнамаға кеткен қаржы бюджеттің үштен бір бөлігін құрады. Жарнама бюджетіне оны дайындау ғана емес, сондай-ақ Euronews телеарнасындағы айналымы кіреді: жыл соңына дейін 238 шығарылым күніне үш рет прайм-таймда айналып тұрады, 160 елге таралатын болады, 430 млн иеліктегі үйді қамтиды. Осы елдердегі мақсатты нарық 250 млн иеліктегі үйді құрайды. Егер оны үшке көбейтсек 750 млн адамды қамтиды. Бұл біздің Еуропадағы, ТМД, Үндістан және Қытайдағы мақсатты нарығымыз», - деп мәлімдеді Күзембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ролик тек Euronews үшін түсірілді. Ал компания мен телеарна арасындағы келісімшарт бойынша роликті әлеуметтік желі, мессенджер арқылы бөлісуге болады.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған сұраққа жауап берді. Тарқата кетсек, видеороликте туристер халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайынан Қазақстанға қарай ұшады.

«Сіз танып қойдыңыз, мен де таныдым. Еуропа не Мәскеуде отырған әлдекім мұның Астана әуежайы екенін қайдан біледі? Біз үнемі негатив іздеп тұрамыз. Алғаш рет халық пен шетелдіктердің 99%-і жақсы қабылдаған сапалы ролик дайындадық. Идея – біздің командамыздыкі, ал оны Euronews командасы жүзеге асырды. Қолымызда бар қаржы көлеміне, белгіленген бюджетке сай сапалы материал түсіруіміз керек болды, сол себепті оңтайлы нұсқаны таңдадық. Егер Франкфуртте түсірсе онда бұдан да қымбатқа түсер еді. Түсірілім тобы осы жерде болған соң олар табиғатты түсірді. Логикалық түрде жақын жердегі қазіргі заман талабына сай әуежайда таңдады», - деп жауап берді басқарма төрағасы.

Ол компанияның ішкі туризмді насихаттау үшін бюджеттен бірде бір тиын алмағанын, қазақстандық телекомпаниялармен келісімге келгенін атап өтті.



Ұқсас тақырыптар