Себебі әкімшілік қарауына өткен зәулім ғимарат күннен күнге тозып барады екен. Қараусыз қалған нысанның айналасындағы жасыл желек суғарылмағандықтан қурап кеткен. Ал, қожайыннан тәркіленген асыл тұқымды төрт түліктері осы күні төлдеп, саны артып жатқан көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Шымкенттегі "Шапағат" шағын ауданы бай манаптардың мекені. Тоқтар Төлешовтен тәркіленген коттедждің бірі осында орналасқан. Қазір, мұнда қалалық білім басқармасына қарасты балалар көркем сурет мектебі жұмыс істейді. 500-ге жуық бала өнердің 7 түрін меңгеріп жүр. Алайда кілең қалталы кәсіпкерлер тұрғандықтан, бұл маңайда аялдама жоқ. Сондықтан, оқушылар үш шақырым жерді жаяу жүруге мәжбүр, - дейді мектеп басшысы.
«Балалар жиналып қойған. Дайын тұр, қазіргі таңда. Тағы да 500 баланы қамтуға мүмкіндігіміз бар. Сол жиналған балаларға мектеп ашылса, тағы да жағдай жасап, жандандыруға дайынбыз» - дейді балалар көркемсурет мектебінің директоры Тояш Оразова.
Ал, Төлешовтен тәркіленген екінші бір коттеджі қаңырап бос тұр. Бұл нысан да балалар көркем сурет мектебіне берілген. Бірақ, оны қайта жөндеп, іске асыру үшін 30 млн теңге қажет екен. Ол қаражат мұғалімдердің штат бірлігі, жалақысы және күрделі жөндеу мен жиһаз сатып алуға жұмсалады. Тиісті ақша бөлінбегендіктен, әзірге ешкім көшіп келген жоқ. Осы күні олигархтың үйі тозып кеткен. Төлешовтер ауыз суға 240 мың теңге қарыз болып, су құбырынан ажыратылған. Салдарынан ауладағы кейбір сирек кездесетін өсімдіктер қурап кетіпті.
Тоқтар Төлешовтің кезінде өзі тұрған тұрғын үйінің ауласы ертегіге ұқсас. Мұндағы әрбір өсімдіктің барлығы эксклюзивті. Қазақстанда сирек кездесетін көрінеді. Оларды арнайы әкеп отырғызған. Міне, бұрыштағы сарқыраманың өзі неге тұрады. Бір қызығы, мұндағы барлық суғару жүйесі және электр жабдықтары автоматты түрде пультпен басқарылған екен.
«Ауаны тазартуы, жылу беру жүйесі, терезелердің ашылып жабылуы бар барлығы пультпен басқарылған. Оның барлығы әрине қазір қырқып тастаған. Жұмыс істемейді. Бізге жобаны жасаушыларды көрді барлығын. Енді бізге икемдеп, ыңғайлысын жасап береміз деді» - дейді балалар көркемсурет мектебінің директоры Тояш Оразова.
Бекет батыр көшесіндегі бұл зәулім ғимаратта Тоқтар Төлешов ұсталғанға дейін өмір сүрді. Кейінен, тұрғын үй мемлекет меншігіне өткенімен, біраз уақытқа дейін отбасы мүшелері жайлы мекеннен кеткісі келмегені рас. Болмаған соң, ішіндегі барлық қымбат дүниелер мен жиһаздарды өздерімен бірге алып кетуге тура келіпті. Бірақ, сонда да мұнда байлықтың жұрнақтары сақталып қалған.
Хан сарайындай зәулім үйде бұрынғы сыра королі барынша өмір сүргені көрініп тұр. Міне, қарапайым еденнен бастап, жихаздарға дейін тапсырыспен жасалған және бағасы өте қымбат екен. Әрбір жатын бөлмеде жуынатын арнайы орын болған. Міне, кафельдің өзі италияда жасалған көрінеді. Өте қымбат, бірақ, керемет!
Айтпақшы, Төлешовтің төрт түлігі ат спорты мектебі мен хайуанаттар бағында бағылып жатыр. Зоопарктегі бес жылқының біреуі былтыр белгісіз жағдайда өліп қалса, енді бірін сондағы қызметкерлер сойып алыпты. Асыл тұқымды саналған "Аргон" сәйгүлігі қазір экспонатта тұр.
"Екі ботасымен қосқанда 5 түйе болды. Ал, жылқылардан бір бие төлдеп, атын "Белка" қойдық. Қазіргі таңда бізде жылқылардың саны 4 басқа жетті" – дейді Шымкент хайуанаттар бағының қызметкері Ұлболсын Ырысова.
Осы күні бұрынғы олигархтың отбасы қайда тұрып жатқаны белгісіз. Ал, өзі шымкенттегі түзеу мекемесініңм бірінде жазасын өтеп жатыр. Естеріңізге сала кетейін, "Шымкент сыра" зауытының бұрынғы иесі Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30-қаңтарында ұсталған еді. Кейін кәсіпкерге "қылмыстық топ құрып, билікті басып алмақ болған және жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды" деген айып тағылып, 21 жылға сотталған еді.