Теміржол вокзалы бекетінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жәрмеңкесі өткізілді

43698338_2079282605720030_2837275229896572928_n.jpg

«Адал жол – Честный путь» акциясы аясында Мұнайлы ауданында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова және Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев қызмет алушылармен тілдесіп, акцияның мақсаты туралы айтып берді.

Елбасының өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетіп келеді.

«Кез-келген мемлекеттік қызмет түрі сапалы түрде көрсетілуі тиіс. Біздің департамент осыған мән береді. Ал қызмет түрлері қарапайым халыққа түсінікті болуына мемлекеттік қызметшілер қамтамасыз етуі қажет. Қазір барлық жағдай жасалған және тұрғындар өздерінің уақыттарын үнемдей алады», - дейді департамент басшысы.

43878304_2079283392386618_4457742364630319104_n.jpg

Шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, білім, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы толыққанды ақпарат беру, әсіресе электронды түрде көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі туралы кеңінен түсіндіру болып табылады.

Қызмет алушыларға халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрмай-ақ, керек құжаттарға жылдам қол жеткізу мүмкіндігі айтылды. Мәселен ауыл тұрғындары да аудан аспай, өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша әкім аппараттары мен жалпы орта білім беру ұйымдарынан «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрышынан тиісті анықтамаларды алуға болатындығы жөнінде айтылды.

Айта кету керек, № 378 "Алматы-Маңғышлақ" және № 309 "Маңғышлақ-Ақтөбе" бағытындағы жолаушылар пойыздарының жөнелтілуіне орай ұйымдастырылған акцияға халық көп жиналды және өздерінің қойған сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.

Сонымен қатар, ХҚКО қызметкерлері М-gov мобильді үкімет порталы арқылы электронды цифрлы қолтаңбасыз 44 қызмет түрін алу мүмкіндігі және үшінші тұлғамен анықтама алу сервисін қолдану кеңінен түсіндірілді.

Аудан бойынша барлығы 93 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Үстіміздегі жылдың 9 айында мемлекеттік көрсетілген қызметтердің саны - 56 228 жеткен, оның ішінде қағаз түрінде - 8196 болса, «электрондық үкімет» веб-порталы және мемлекеттік корпорация арқылы – 24140 қызмет көрсетілген.


Ұқсас тақырыптар