Қазақстан мен Германия арасында тауар айналымы артқан

1.jpg

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Парламентте Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров Германияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік вице-министрі Михаэль Штюбгенмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар, оның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Тараптар екі жақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 4 млрд 856 млн еуроны құрап, бір жыл ішінде 21,8 пайызға артқан. Қазақстан Германияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады», - деді Сапархан Омаров.

Аграрлық мәселелер комитеті төрағасының айтуынша, Қазақстанда неміс капиталының үлесімен 600-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп, елімізде неміс кәсіпкерлігінің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалған.

Өз кезегінде елордаға алғаш рет келген Германияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік вице-министрі Михаэль Штюбген Астананың, жалпы Қазақстанның серпінді дамуын ерекше атап өтті.



Ұқсас тақырыптар